jasqazaq.kz

Табылдың «братишкасы» немесе әнші-композитор Лена Әбдіхалықова туралы лебіз

14 мамыр, 22:49

Онда оқуды жаңа бітірген жас отаумыз. Алматының қиыр шетіндегі орыс кемпірдің қуықтай бір бөлмесін жалдап тұрамыз. Соған қарамай «қонақшылмыз». Не жел қуғаны, не жын қуғаны белгісіз жас ақындар «Әбубәкір осында тұра ма?» деп келіп жататын. Бір күні буы бұрқырап, шашы дудырап Маралтай жетіп келді. Ол ол ма бір күні Алматыдағы халықаралық айтысқа мына жағы Қытай, мына жағы Монғолиядан келген бір автобус ақын Ұлықбек ағаның бастауымен сау ете түсті. «Менің үйім Жиренше күркесіндей, Созып қалсам аяғым сораяды» деп ақын жырлағандай сол үйге бәріміз қалай сыйдық, әлі күнге қайранмын…
Сондай кештің бірінде Табылды Досымов «Сыр бойынан – елден келген Елена қарындасың» деп Лена Әбдіхалықовамен таныстырды. Сырттай естуім болғанымен тұңғыш рет дидарласуым. Оның «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» әндерінің ел ішіне кең тараған кезі. Лена әлде айтысқа, әлде ән байқауына келді ме, қазір дәл есімде жоқ. Келіншегім Рая тез дастарқан жайып жіберді. Жақсыда жаттық жоқ деген, салған жерден аға-жеңге ретінде дәрежеміз өсіп, бірден тіл табысып кеттік. Жалпы Табыл марқұм таланттарды жазбай танып, сосын соларды бір-бірімен таныстырып жүруші еді. Әйтеуір сол күні орыс кемпірдің қуықтай бөлмесінде ән-жырға толы бір шуақты кештің куәсі болдық. Табыл содан көзі жұмылғанша Ленаны «менің братишкам» деп кетті.
Содан бері біз де Ленаның өнеріне тілеулес болып келеміз. Ән-жыры ел аузында, өзі болса халықтың алақанында жүр. Өнерпаз үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Әуелі алланың қалауымен, сосын өз еңбегімен ол талай биіктерді бағындырды. Алдымен айтыста атой салған өжет қыз жылдар өте елге талантты ақын, тамаша әнші және сырлы сазгер ретінде танылды.


Бүгін Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың үш бірдей туындысының – «Сағыныш ғұмыр» (ән партитуралары), түрік тіліндегі «Қош дерсің» және «Менің жалғыз жұлдызым» атты жыр кітаптарының таныстырылымы болып өтті.
Сөз тізгінін ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Бабабажанұлы ұстап, баппен жүргізіп отырды. ҚР Президентінің кеңесшісі, белгілі қаламгер Бауыржан Омаров Мемлекет басшысының Елена Әбдіхалықованың атына жазылған құттықтау хатын оқып берді.
Содан кейін сөз алған астаналық шығармашылық қауым өкілдері кеш иесінің ақындық, айтыскерлік, әншілік, сазгерлік және ғалымдық қырларына кеңінен тоқталып, талдау жасады.

Жиналғандар бірауыздан шығармашылық тұрғыдан толысқан тұлғаның еліне берері әлі алда деп берік байлам жасады.
Қазақ поэзиясының кейінгі буыны бір-бірінен қалыспай кезек-кезек жырдан шашу шашып, музыкалық білім алып жүрген студент жастар да өз өнерлерін көпке паш етті. Осылайша Ұлттық кітапхананың құтты шаңырағы астында жарасымдылықпен өткен жасандылықтан және көпсөзділіктен ада жыр кеші, ән кеші көпшілік көңілінде көпке дейін сақталатыны анық.

Әбубәкір Смайылов,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Суреттерді ұсынған автор

05 маусым, 13:24
Түркістан: Бу-газ қондырғысының құрылысы талқыланды
05 маусым, 13:12
Түркістан: Созақта абаттандыру жұмыстары қарқынды
05 маусым, 12:35
Самат Талғатұлы: Түркістандағы ауыл тұрғындарына оңалту қызметтері қолжетімді бола түсті
05 маусым, 12:26
Түркістанда мүгедектіктің алдын алу мен оңалту қызметтері қандай деңгейде?
04 маусым, 12:21
Түркістанда тікұшақ пен дрон шығаратын зауыт салынуы мүмкін
03 маусым, 15:16
Сауран ауданында 280 мың басқа арналған құс фермасы іске қосылады
03 маусым, 14:48
Түркістан: Қазығұрт ауданындағы индустриалдық аймақта 8 жоба жүзеге асып жатыр
03 маусым, 12:49
Түркістан: Мақтаралда қоғамдық көліктер жаңартылды
03 маусым, 12:47
Түркістан: Мың шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр