Табиғат тартуы немесе тағы да тау кластері жөнінде

19 сәуiр 2019, 15:50

Монблан маңғаз

Сай-саланы қуалай орналасқан Флумет Альпі тауының бесігі іспеттес. Француздар ауылды village дейді. Өзі де, жұрты да шағын. Жан саны 900-дей. Тұрғылықты халықты айтып отырмыз. Бұған қарап қорашсынбаңыз. Флумет тұрған Даймонд Еспейске келгеніңіз – ғаламдық тау шаңғысы жүйесінің құшағына енгеніңіз. Бұл әсірелеу емес. Аптаның аяғында бұл жаққа ағылған адамда есеп жоқ. Мұны Женева әуежайында өз көзімізбен көрдік. Теміржол бекеті де осында. Сәуір айы тақаса да, сырғанап қалғысы келгендер Швейцария мен Франциядағы шаңғы орталықтарына жетуге асығуда. Әлгілер секілді, біздің де беталысымыз сол Альпінің етегі. Дәлірек айтсақ, қашанда маңғаз Мон Блан (Mont Blanc) тауының маңы. Халықаралық шаңғышы-журналистер ұйымының (SCIJ) 66-шы басқосуына қатысып, әріптестерімізбен сайысқа түсеміз.

Биыл жарыстың мәртебесі өзгеріпті. Ендігі жерде дода шаңғышы журналистер арасындағы әлем чемпионаты деп аталады. Бірақ ережесі бұрынғыдай. Гигант-слалом және кросс-кантри. Мұның алғашқысы шаңғымен таудан құлдилау, екіншісі — 4 шақырымды классикалық әдіспен жүгіріп өту. SCIJ Meeting бельгиялық әріптестеріміз тарапынан ұйымдастырылды. Француз жерінде Бельгияның бір компаниясына тиесілі қонақ үй бар екен. Шетелдік туристердің біраз бөлігі де осы елден келгендер.

Ресейлік Николай Попов, 79 жаста

Ресейлік Николай Попов, 79 жаста

Флуметтің іргесі сонау XII ғасырда әскери бекініс ретінде қаланған. Тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан шығар. Тұрғындардың бұрын немен айналысқаны бізге беймәлім. Әйтеуір, жұмыссыз жастардың қалаға кеткені, қалғандардың тіршілік қамытын әзер сүйрегені белгілі. Кәрі құрлықтағылар табиғаттың тамаша тартуы — қысқы туризмнің қасиетін білгенге дейін осылай болған. Бастапқыда біздің Шымбұлақтағы сияқты сырғанайтын аумақты бір шатқалда жасайды. Жан-жақтан келушілер көбейіп, қып-қызыл пайда көзіне айналады. Пәлендей шығыны да жоқ. Келе-келе ол бірнеше саланы қатар алып жүретін қуатты индустрияға айналатынын дәлелдеді. Экономика тілімен айтқанда, тау кластері дамыды. Спорт киімі, шаңғы мен сноуборд өндірісі, көлік логистикасы, сауда-саттық, қонақ үй бизнесі, техникалық қызмет тағысын тағылар…

Жапоннан жәбәрік

Жапоннан тәбәрік

Көрші шатқалға аспалы жол тарту арқылы шаңғы жолы ұзара түсті. Осы ғасырдың басында Даймонд Еспейс ғаламат жобаны қолға алды. Аспалы жол арқылы Флуметті Праз-сур-Арли, Мегеве, Нотр-Дам-де-Белекомбе және Хаутелиус сияқты тау шаңғысы курорттарымен жалғады. Енді бір ски-пасспен 192 шақырымға созылатын жолда сырғанауға болады. Осы тақырыпқа арналған бұған дейінгі жазбаларымызда келушілердің шаңғы жолы 20 шақырымнан әзер асатын Шымбұлаққа сыймай жатқанын айтқанбыз. Өкінішке қарай, (оны басқаша атау мүмкін емес) әзірге Көкжайлаудың келешегін көмескі қылуға тырысатын экологсымақтардың дегені болып тұр. Көкжайлауды салып, оны Шымбұлақ, Ойқарағай және Ақбұлаққа жалғап жатса, елімізде қысқы туризмге қоса,әлгі тау кластері де дамитын еді.

Андрей Кукушкин

Андрей Кукушкин

Кластер демекші, аспалы жол кейбір елді мекендердің (коммуна) үстінен өтеді. Француз журналистерінің айтуынша, кейбір курорттар сол коммунаның меншігі. Ал сырттан келген компанияға тиесілі болса, онда жергілікті тұрғындарға ақы төлейді. Шаңғы жолдары үшін де талап сондай. Тау беткейі толған шале (ағаш үй). Жайлы тұрмысқа қажетті жарық, су, газ дейсің бе, бәрі бар. Қожайындары қысы-жазы қалалықтарға жалға беріп, қосымша табыс табады. Түнде сырғанайтын жолды тегістейтін ретрак жүргізушісі (кәдімгі тракторшы) айына 5 мың еуро табады дегенге сенер-сенбесімізді білмедік. Бірақ бір күндік ски-пасстың бағасы 35 еуро, ал сырғанақ тебушілердің қаржыны миллиондап әкелетінін ескерсек, амалсыз илануға тура келеді. Аумақтағы дүкендер, дәмханалар, спорт жабдығын жалға беретін орындардың мұрты майланып тұр. Шағын және орта бизнестің қаладан жырақтағы жұрттың әлеуметтік әлеуетін жақсарта алатынын осыдан-ақ көруге болады.

Срайыл Смайыл

Срайыл Смайыл

Jas qazaq – TOP 5-те

SCIJ Meeting – әлем журналистерінің мәртебелі басқосуы. Арадағы біраз үзілістен кейін жапон әріптестеріміз ұйымға қайта қосылды. Мұнда 30-дан астам елден келген БАҚ өкілдері шаңғы сайысына қатысып қана қоймай, көпшілікті толғандырған мәселелер төңірегінде пікір алмасады. Бұл жолы fake news пен оған қарсы амал-fakt checking қызу талқыға түсті. Одан түйгеніміз – медиа кеңістігін жайлаған бұл дертті ауыздықтау үшін бірлескен іс-қимыл қажет.
Шаңғы сайысы әдеттегідей қызықты өтті. Қазақстан журналистерінің командасы гигант-слаломда шеберлігі шыңдалғанын дәлелдеп, тәуір өнер көрсетті. Ал кросс-кантриден кейін Бельгия шаңғышы-журналистер клубының президенті, Еуропадағы танымал қаламгер Бруно Шмитз биылғы бәсекенің тартысқа толы болғанын айтып, ұйымдастырушылар атынан Jas qazaq газетінің өкілін 5-орын алуымен құттықтады. Бұл әзірге біздің команданың ең үздік нәтижесі болып тұр.

Срайыл Смайыл,
Алматы – Флумет (Франция)

06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?
06 желтоқсан, 11:27
ОПЕК+ елдері 2026 жылға дейін мұнай өндіру көлемін қысқартуға келісті
04 желтоқсан, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус