Ақтөбеге келген астаналық мамандардың бір тобы қазір жазасын өтеп отырғандармен кездесу өткізіп жатыр. Дін істері комитеті дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаевтың айтуынша, терроризм, экстремизм бабымен сотталғандар білімсіздіктен, әлеуметтік желі арқылы уағыз тыңдағаннан теріс жолға түсіп кеткен. Мониторинг жұмыстары жүргізілген кезде түзеу мекемелерінен дәстүрлі емес ағымды насихаттайтын әдебитеттер табылған.
«Ақтөбе қаласындағы түзеу мекемесінде «Терроризм» бабымен сотталғандармен жұмыс жүргізілді. Біздің мақсатымыз – бетпе-бет кездесіп, сөйлесу, себебін анықтау. Кездесу барысында көпшілігі дәстүрлі емес жолға діни білімдерінің таяздығынан түскені анықталды. Екіншіден, олардың ақпарат алу көздері әлеуметтік желі болған. Әлеуметтік желіде беймәлім тұлғалар, олардың саны 40-қа жуық адамның дәстүрлі емес пікірді насихаттайтын уағызын тыңдаған. Мәселен, «балаларың бар, қолдан келгенше жәрдем берейін» деген соң сотталғандардың бірі үшінші күні бізге ашылып, әңгімесін айтты. Кейін екі баласы болса да заңды некеге тұрмағанын біліп, ресми тіркеуге мүмкіндік жасалды. Жұбайының телефонын беріп, сұхбаттасуға рұқсат берген соң азық-түлік апарып, таныстық, жағдайын білдік. Егер біз адамдармен осылай жылы сөйлессек, оларды өзіміздің бауырымыз деп қабылдасақ, олардың да жүрегі жылып, адамға, қоғамға деген көзқарасы өзгереді», — дейді Дін істері комитеті дінтану сараптамасы басқармасының басшысы.
Айта кетейік, астаналық мамандар тексеруге емес, мониторинг жүргізуге келді. Сондықтан, қазіргі уақытта түрме басшыларына арнайы ұсыныстар берумен шектеліп отыр. Балғабек Мырзаевтың айтуынша, қазіргі уақытта түрмеге түскендермен қалай жұмыс істеу керек деген бағытта әдістеме қажет екен.
«Түзеу мекемелерінде спорттық жарыстар өтті. Футбол, волейбол, шахмат, дойбы, гір көтеруден жарыстар ұйымдастырылды, жүлде тағайындалды. Сотталғандар бостандыққа шыққан соң жұмысқа орналасу жайын білдік. «Адасу», «Өмірзая», «Бір күн» фильмдері көрсетілді. Бәрі зор ықыласпен қарады. Енді 25 қазан күні «Есігімді қаққан кім?» қойылымы түзеу мекемесінде сахналанады. Сонымен қатар, кітапхана қорларына мониторинг жүргіздік. «Дінтану сараптамасынан оң қорытынды алған ба?» деген сұрақ қамтылды. Кемшіліктер бар, кейбір мекемеде мекеме басшылығының қолдарынан кітаптар алған кезде дәстүрлі емес ағымды насихаттайтын әдебитеттердің бар екені анықталды. Ұсыныстар жазбаша берілді», — дейді Б.Мырзаев.