Түркия төтенше кезеңде

22 шiлде 2016, 15:50

Po-kom-plachet-Erdogan

Анадолы атырабында төтенше жағдай жария етілді. Бұған дейін мұндай тәртіп елдің оңтүстік-шығыс аймағында енгізілген еді. Күрд жұмысшы партиясы содырларының лаңкестік әрекетіне қарсы енгізілген төтенше жағдай өңірде 15 жыл бойы (1987-2002) күшінде болды. Президент Режеп Тайып Ердуан 3 ай мерзімге жарияланған ерекше ахуал елдегі демократия мен құқық мемлекетіне қағидаларына қайшы келмейтінін мәлімдеді. Ол мұндай тәртіпті 15 шілдедегі әскери төңкеріске әрекеттің салдарынан туындайтын қауіп-қатерді жою мақсатымен
деп түсіндірді.

1. Сәтсіз төңкеріс

Ел қорғаны – әскердің қарулы сойқан жасауға құштар болуы тарихта көптеп кездеседі. Түркияда әскерилердің қоғамдағы орны мен ел басқаруға араласуы арнайы талдауды қажет етеді. Оған мақала барысында кеңірек тоқтала жатармыз. Жалпы, бұл елге төңкеріс таңсық емес. Генералдар бірнеше рет билікті қолына алған. Таңға жуық аса маңызды нысандарды басып алып, мемлекеттік телеарна арқылы үндеу жариялайтын. Жұрт таңертең оянғанда биліктің ауысқанын білетін. Елде жаппай қамауға алу, жазалау амалы жүргізілді. 1960 жылғы төңкерістен соң билікке келген әскерилер реформашыл үкіметтің басшысы Аднан Мендересті асып өлтірген. Осы елде тұратын қандастарымыз Қытайдан көшкен қазақты Түркияға шақырып, бауырына басқан А.Мендересті зор құрметпен еске алады.
Бұл жолы әрекет бұрынғыдан бөлек. Әдеттегіден ерте басталды. Әскери әуе күштеріне тиесілі F-16 жойғыш ұшақтары Анкара мен Ыстамбул төбесінде ұзақ уақыт бойы ұшып жүрді. Іле-шала «супер кобра» деп аталатын тікұшақтар көкке көтерілді. Парламент пен Қарулы Күштер бас штабының ғимаратына бомба жаудырылды, бейбіт тұрғынға оқ атылды. Түрік журналисі Батухан Яшар 1980 жылғы төңкерісте генерал Кенан Евреннің өзі ұлттың Ұлы Мәжілісіне қару кезенбегенін еске түсірді. Танктер Босфор бұғазындағы көпірді жауып тастады. Ыстамбулдан шұғыл түрде Анкараға аттанған премьер-министр Бинәли Йылдырым өтіп үлгеріпті. Р.Ердуан бұл кезде Мармаристегі қонақүйде демалып жатқан. Ол да жолға шығады. Жарты сағаттан соң қонақүйге бомба тасталып, тікұшақпен келген қырық шақты арнайы жасақ пен президент күзеті арасында атыс болады. Р.Ердуан халықты көшеге шақырады. Өзі ұшақпен Ыстамбулға қарай бет алды. Ұшақ бірден қона алмай, бір сағаттай айналып жүреді. Ердуанның әуежайда жасаған мәлімдемесі жер-жерге тарайды. Қарулы сойқан оны ұйымдастырушылардың жекеменшік телеарна, ұялы байланыс жүйе және интернет кеңістігі секілді заманауи технологияның мүмкіндігін ескермегенін көрсетті.

A man lies in front of a Turkish army tank at Ataturk airport in Istanbul, Turkey July 16, 2016.   REUTERS/IHLAS News Agency NO SALES. NO ARCHIVES. TURKEY OUT. NO COMMERCIAL OR EDITORIAL SALES IN TURKEY.
Түрік ақпарат құралдары жазғандай, ел президентіне төңкеріс туралы алдымен ұлттық барлау ұйымының (MIT) өкілдері хабар береді. Олар бүлікшілердің Мармариске бара жатқанын естіп қояды. Ал Ыстамбулға келуі керектігін 1-ші армияның қолбасшысы Үміт Дүндар айтады. Ол Р.Ердуанға телефон соғып, өзінің қолдауын білдіреді. Бас штабтың бастығы Хулуси Акар бүлікшілер тарапынан кепілдікке алынған соң осы генерал Қарулы Күштерге уақытша жетекшілік етеді. Қолбасшылардың бір бөлігі төңкеріс әрекетіне қосылған жоқ. Төңкеріске қарсы офицер бір генералды атып өлтірді. Өзі де сол жерде оққа ұшты. Полиция бүлікшілерге қарсы жанқиярлықпен төтеп берді. Қатардағы жауынгерлердің біразы өз еркімен тұтқынға берілді. Олар командирлерінің «жаттығуға барасыңдар» деп алдағанын айтады. Ең бастысы, халық көшеге шығып, бүлікке наразылық білдірді. Танкті тоқтатып, жасақты қарусыздандырады. Осы арада елдегі барлық саяси күштер (оппозиядағы партиялар да), түрлі діннің өкілдері, тіпті қазіргі билікке бүйрегі бұрыла бермейтін кейбір ақпарат құралдарының да ауызбірлік танытқанын айтқан жөн. Өзге ұлттың өкілі, троцкист (Түркияда әртүрлі ұстанымдағы солшылдар бар) деп есептелетін Рони Маргулис түрік тілінде шығатын marksist.org интернет басылымында жариялаған «Төңкерісті кім ауыздықтады?» деген мақаласында былай деп жазады. «Сенбі күні кешқұрым жұрт бүлікті болдырмау үшін көшеге ағылды. Мақсат-мұраты осы болды. Діндар болсын, тіпті пұтқа табынсын, бұл көпшілік кертартпашылар емес».

2. Сырт көз сыншыл

Военный-переворот-в-Турции-фото-25

Әскери төңкеріс әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Билік жазықсыз 246 адамның көз жұмғанын жария етті. 1536 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Бүлік басылар-басылмас тұтқынға алу басталды. Жүзден астам генерал мен адмиралдың қолына кісен салынды. Арасында НАТО-ның інжірліктегі әскери базасында қызмет ететін түрік генералы Бәкір Ержан Ван да бар. Түркияның оңтүстігінде орналасқан осы базадан келген 2 әуе кемесі әлгі F-16 ұшақтарына аспанда жанармай құйып отырған. Осы ұшақтар Ванның әмірімен көкке көтерілген деседі. Генерал төңкеріс әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң базадағы американдық әскери қолбасшыларға барып, өзіне саяси баспана сұрапты. Әлемдік ақпарат құралдары АҚШ билігінің бұл өтінішті қанағаттандырмағанын жарыса жариялады. Айта кету керек, Сирия мен Ирақтағы әскери операцияға тартылған осы база бүлік кезінде бірнеше сағатқа жабылып қалды. Анкараның талап еткен көрінеді. Сарапшылар осыдан кейін Түркияның стратегиялық одақтасы АҚШ-пен арадағы байланысына сызат түскенін көлденең тартты. Бұған сыртқы істер министрі Сүлеймен Сойлының түрік басылымдары келтірген «Төңкерістің арқасында АҚШ тұр» деген сөзі себеп болуы да мүмкін. Вашингтон көп күттірмей мұның шындыққа мүлдем жанаспайтынын мәлімдеді.
Айта кеткен жөн, Ақ үй қожайыны Барак Обама мемлекет басшылары арасында бірінші болып Түркиядағы төңкеріс әрекетін айыптады. Мемлекеттік хатшы Джон Керри түрік әріптесі Мәуліт Чавушоғлына телефон соғып, қолдау білдірді. Десек те, екі елдің арасында шешілуі қиын түйін де жоқ емес. Түркия билігі бүлікке тікелей жауапты деп Фетһулла Гүленді жария етті. 90- жылдардың соңынан бері АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұратын Гүлен өзінің бұған ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Түркия билігі діни қайраткерді қайтаруды талап етіп, тиісті құжатты жіберді. Америка нақты дәлел-дәйек бойынша ғана шешім қабылдайтынын білдірді.
Әскери бүліктен кейін елде өлім жазасын қайта енгізу қажеттігі айтыла бастады. Р.Ердуанның өзі парламент мақұлдаса, қарсы емес екенін мәлімдеді. Еуропалық одақ бұған үзілді-кесілді қарсы шықты.

Срайыл Смайыл
(Жалғасы бар)

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс