Төркіндес тұлғалар, сабақтас сарындар

21 қазан 2016, 12:59

Белгілі бір халықтың әдебиетінің тарихы сол елдің төл тарихымен сабақтас дамитыны ақиқат. Түркітілдес ұлыстардың бірі – түрікмендердің тарихы да әріден бастау алады. Әр ұлттың даму жолының өзіндік ерекшелігі болады. Бұл тұрғыдан алғанда, түрікмендер де өзге елдер сияқты бірнеше ғасырлар бедерінде түрлі факторлардың ықпалымен түзіліп, қалыптасқан іргелі халық.

hqdefault

 

Әрине, тәуелсіздікке ұмтылған жылдарда әр халық өз тарихына жаңаша көзқарас танытқаны, өздерінің бастауларын ілгергі замандардан іздеуге тырысқаны белгілі. Түрікмен халқы да өз тарихының ақтаңдақ сәттерін қалпына келтіріп, жаңа жылнамасын түзгені анық. Олар адамзат тарихының барлық кезеңінде түрікмен атауын қолданады. Түркі халықтарына ортақ тарихтың өзінде түрікмен ұғымы қоса жүреді. Мұны елдік рухтың биіктігі деп бағалаған жөн шығар. Басқа елдер сияқты түрікмен халқы да өз тарихында түзілуді, іргеленуді, ыдырауды, отарлануды бастан кешті. Осы жағынан алғанда, оның тағдыры кеңестік жүйенің құрамында болған өзге республикалардың тағдырымен сабақтас. Ал әдебиетке сол халықтың басынан өткен тарихи оқиғалардың ықпалы болмай қалмайды. Әсіресе, түркі тілдес елдердің әдебиет тарихындағы ортақтық бұл елдердің өз тарихының да бір-біріне ұқсас жағдайда дамығанын көрсетеді.
Түрікмен әдебиеті тарихының бастау көздері тым әріде жатыр. Бұл елдің ежелгі әдеби және фольклорлық мұралары билеушілер ықпалының негізінде сол топырақта орныққан халықтардың тілінде туындады. Түрікмен жерінде арғы дәуірде қоныс тепкен иран тілдес парфия, сақ, массагет, аландар, қорасандар, хорезмиліктер, түркі тілдес оғыздар сөз өнерін өркендетті. Кейінірек бұл тайпалар қазір іргелі ел болып отырған халықтардың құрамына кіргені белгілі. Мәселен, парфиялықтар, сақтар, қорасандар иран мен тәжіктерге, хорезмиліктер өзбектерге, оғыздар түрікмен, әзербайжан және түріктерге, аландар Кавказ халықтарының қатарына қосылды.
Ежелгі түрікмен жерін мекен еткен бұл халықтардың бәрінің де өзіндік әдебиет үлгілері болды. Сақтар мен массагеттердің көсемі Томиристің Парсы патшасы Кирді жеңгені туралы қаһармандық эпос және сақтарға шабуыл жасаған парсы патшасы Дарий біріншінің масқара болып жеңілуі туралы эпос – біздің дәуірімізге дейінгі 500 жылдардың жемісі. Көне дәуірдегі осындай ілкі әдебиет нұсқалары кейінгі түрікмен әдебиетіне соны соқпақ салды.cr6gwodawnm
Түрікмен әдебиетінің бұдан кейінгі даму жолы елдің аумағына түркілердің келуімен тікелей байланысты. Бұл тұстағы шығармалардың біразы түркі тілдерінде жазылды. Түрікмендер оғыздарға жатады десек, бұл тайпаның атауы аты ежелгі түркі руникасымен таңбаланған жазба ескерткіштерінде аталды. Х ғасырда Солтүстік Түрікменстан мен Қазақстанның Оңтүстік батысын оғыздар жайлады. Түркі тілдерінің оғыз тобы орнықты. Бұл қазіргі түрікмен тіліне негіз болды.
Өзге елдердегі әріптестері сияқты түрікмен ғалымдары да тасқа жазылған жазба ескерткіштерін тек әдеби жәдігерліктер емес, жазудың алғашқы үлгілерін көрсеткен рухани құндылық ретінде таниды. Түрікменнің жазу тарихын зерттеген Бегмұрат Уәйісовтің тұжырымдауы бойынша, «Түрік қағанаты тұсында (VI-VIII ғасырлар) жазылған, табылған жерлері бойынша «Орхон-Енисей жазулары» аталған тас жазулар бізге мәлім болған түркі жазба жәдігерліктерінің ең көнесі».
Қолда бар мәліметтерге жүгінсек, түрікмен халқы бірнеше тайпалық құрылымды біріктірген ұлт болып қалыптасқан. Қазақ кеңес энциклопедиясындағы «20-ғасырға дейін түрікмен Теке, Жаумұт, Ерсары, Салыр, Сарық, Гоклен, Чоудор аталатын ірі-ірі тайпаларға бөлініп келді. 19-ғасырдың 80-жылдары Түрікмения Россияға қосылды», – деген дерек осыны айғақтайды.
Түрікмен әдебиеті – тереңнен тамыр тартатын тарихы бай іргелі әдебиет. Бұл елдің фольклорлық мұрасы өте бай. Халықтың еркіндік пен азаттық туралы арман-тілектері олардың баға жетпес рухани құндылықтарын дүниеге әкелді. Ол үнемі халықтың өзімен бірге жасасып келеді. Бұл шығармаларда елдің тарихы, ұлттың ерекшелігі көрініс тапқан. Түрікмен фольклоры ізгілікке үндейді, жақсылыққа жетелейді, татулыққа шақырады. Сол арқылы адами қарым-қатынастарды жетілдіреді, рухани сананы тазартады. Керісінше, қоғамның кертартпа құбылыстарынан жирендіреді, еңбеккерлікке баулиды. Бүкіл түркі халықтарына ортақ рухани мұралар түрікмен жұртына да тиесілі.
Түрікмен фольклорында аңыздар, хикаялар, анекдоттар, ертегілер сияқты прозалық үлгілер басты орын алады. Барлық елдердің фольклорын қамтитын хайуанаттар, тұрмыстық, қиял-ғажайып, сатиралық сарындағы ертегілер түрікмен әдебиетіне де тиесілі. Бұл халықтың ең ежелгі ертегілері – хайуанаттар туралы ертегілер. Адамдар арасындағы түрлі құбылыстарды тұспалдаған «Алданған қасқыр» және басқа ертегілерде түрікмен халқының әлеуметтік қатынастары бейнеленеді. Сол арқылы халықтың басындағы ахуал астарлап айтылады. Ертегілер адами құндылықтарды бағалауға үндейді. Тұрмыстық ертегілерде нақты тіршілік суреттеледі, қаталдық пен қатыгездікке қарсылық білдіріледі, жақсылық пен жамандық салыстырылады, ізгі мұраттардың жеңіске жетуі насихатталады. Ал «Мамеджан» сияқты қиял-ғажайып ертегілерде түрікмен халқының ой-арманы, эстетикалық идеалдары дәріптеледі. Сатиралық сарындағы ертегілерде қарапайым халыққа тізесін батырған билік өкілдері күлкілі кейіпте танытылады. Олар әжуа мен келемеждің нақты нысанасына айналады. Сонымен қатар салт-дәстүр өлеңдері, аңыз өлеңдер, оның ішінде түрікмен әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы әңгімелер, Кемине туралы анекдоттар, түрікмен халқының тұрмысы мен әдет-ғұрпы туралы мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен әзілдер, санамақтар мен жаңылтпаштар түрікмен фольклорын байыта түседі. Арғы дәуірден келе жатқан халық фольклоры бергі дәуірді де қамтиды. Оның үлгілері жазба әдебиеті толық қалыптасқан кейін уақытта да қабаттаса жүруі мүмкін. Әдебиет тарихын кезеңдеуде бұл ерекшелікті де ескермеуге болмайды.
Түрікмендердің фольклорлық мұрасында эпостық шығармалар жеткілікті. Барша түркі халықтарына ортақ көне түркі жазба ескерткіштері, «Қорқыт ата кітабы», «Көрұғлы» жәдігерліктері түрікмен әдебиетінің де шоқтығы биік шығармалары болып саналады.
Түрікмен әдебиеті үшін ХІ ғасырда өмір сүрген «Мяне баба» деп аталған ғұлама Әбу Саид Әбіл-Хайыр Мехнеидің орны ерекше. Халықтың айрықша ықыласын иеленген ол сопылық ілімнің сұлтаны саналады. Қазақ әдебиетіндегі сопылық ілімнің басында Қожа Ахмет Иассауидің тұратыны сияқты Мяне бабаның шығармашылығы осы тақырыппен тығыз байланыстырыла бағаланады. Түрікменнің ұлы ойшылы сопылық ілімге негізделген тұтас бір мектептің негізін қалаған.
Қазақ әдебиеті мен түрікмен әдебиетін сабақтастыратын ортақ жәдігер – «Оғызнама». Бұл – бүкіл түрік халықтарына тиесілі шоқтығы биік шығарма, теңдессіз әдеби-тарихи ескерткіш. Түрікмен халқы оны өз рухының баламасы ретінде бағалайды, төл тарихының орта ғасырдағы шежіресі деп санайды. Оғыздар тарихы – түрікмен ғана емес, қазақ тарихының да бөлінбес бөлшегі. Олардың қазақ жерінде қоныстанып, тіршілік кешкені, қос халықтың мәдениеті мен тұрмысы, рухани құндылықтары біркелкі дамығаны баршаға белгілі. Мұны оғыздар тарихын зерттеуші ғалым С.Г.Агаджановтың: «ІХ – ХІ ғасырларда оғыздардың көпшілігі жартылай көшпелі және көшпелі өмір салтын ұстанды. Олар Каспийдің Солтүстік жағалауына, Сырдарияның төменгі сағасына және Арал теңізі маңындағы далалық жерлерге тығыз қоныстанды», – деген мәліметі айғақтай түседі. Сонымен қатар оғыздар қаласы жөніндегі мәселеге арнайы тоқталған академик К.Байпақов «археологиялық материалдарды талдау және керамиканы зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, оғыздардың Қазақстанның орта ғасырлық қалаларда мекендегенін нақтылай түсуге болатынын» айтады.
Рухани дамуымызда қазақ пен түрікменді байланыстыратын мысалдар баршылық. Тіпті «Бір шежіре аңызда Қазақ пен түрікменді бір атадан таратады. Ағайынды екі ұлдың аты Сейілхан мен Жайылхан болып келеді. Сейілханнан түрікмен, Жайылханнан қазақ туады. Аңыз бен шындық арасы қаншалықты бірлестік табатынын өз алдына бір мәселе. Екі халықты осылайша жақындатып көрсететін шежіренің туу сыры да тегін болмаса керек. Әсіресе, халық пен халықты бауырластыратын белгілерді көбірек іздейтін біздің дәуірімізде әлгіндей аңызды сөз етпеске, ілтипат жасамасқа болмайды. Ал әрбір аңызда да ақиқаттың елесі жатқаны ежелден аян. Түрікмен шайырлары өз елін «Сейілхан» деп атап келгені де мәлім», – дейді академик Р.Бердібай.
Қазақ пен түрікменге ортақ тасқа қашап жазылған көне түркі ескерткіштері, Қорқыт ата кітабы, Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігі, «Көрұғлы», «Оғызнама» эпостары – қос халықтың мұрасын биік деңгейге көтеріп тұрған шығармалар. Олар біздің әдебиетте қандай орын алса, түрікмен әдебиетінің тарихын кезеңдеу барысында да соншалықты деңгейде болуға тиіс. Себебі бұл шығармалардың қай дәуірде туғаны, дамып, жетілуіне, бүгінге дейін желісін үзбеуіне біркелкі факторлар әсер еткені анық.
Екі елдің әдеби мұрасын дәуірлеуде ортақ тиянақ болатын шығарма – 16 ғасырдың соңғы жартысында шыққан көне эпос – «Көрұғлы». Бұл эпоста өмірге келуінің өзі адам сенгісіз аңызбен байланыстырылатын Көрұғлы батырдың қаһармандық істері, елін қорғаудағы ерлігі, дұшпандарымен шайқастағы табандылығы, халыққа қамқорлығы жан-жақты баяндалған. Шығармада қиял-ғажайып ертегілерге тән сюжеттер молынан қамтылған. Зерттеулерде «Көрұғлының» әзірбайжан, армян, грузин, курд, түрік, өзбек, түрікмен, тәжік және қазақ нұсқалары бар екені, барлық версиялар бойынша Көрұғлының түрікмен халқының теке-жәуміт руынан шыққандығы айтылады. Осыған орай Р.Бердібай «Қазақ пен түрікмен қатар жырлап келген «Көрұғлы» туралы да ұзақ тоқталуға болар еді. «Көрұғлы» тек осы екі халыққа ғана емес, Орта Азияның өзге жерлеріне де кең таралған. Ауыз әдебиетінің эпостан өзге салаларында да қазақ пен түрікмен халықтарына ортақ сарын толып жатыр», – деп тұжырым жасай келіп, ХV-ХVІІІ ғасырлар туындысы деп есептелетін осынау «Көрұғлы» эпосында түрікмен халқының бостандық сүйгіш батыр сипаты көрінгенін айтады.
Ә.Қоңыратбаев «Көрұғлы» эпосының қазақ тілінде туған жиырма сегіз нұсқасы бар екенін айта келіп, қазақ жырларында түрікмен нұсқасымен ұқсастық көп екенін баяндайды. Ол «Жырды кім қайдан алды дегеннен гөрі сюжет қашан, қалай туды, оның ортақтығы неде деген мәселе шындыққа жақындау. «Көрұғлы» сюжеті көптеген елдерге ортақ. Бірақ ол бір ғана ХVІ-ХVІІ ғасырларды емес, көп заманның оқиғаларын қамтыған кәрі сюжет болса керек», – деп тұжырым жасайды.
Түрікмен әдебиетінде айрықша орны бар бұл эпостың тарихы мен табиғатын зерттеушілер оның қазақ халқына қатыстылығы жөнінде мысалдарды көбірек келтіреді. Қазақ пен түрікмен халықтарының арасында ежелден әдеби байланыс дәстүрі орныққан. Бастау-көзіміз саналатын көне дәуірлерге зер салсақ, ортақ құндылықтардың аз емес екенін аңғарамыз.
«Орхон-Енисей ескерткіштері», «Қорқыт ата кітабы», «Көрұғлы», «Диуани лұғат ат-түрік» сияқты тұтас рухани қазынаның ортақтығын былай қойғанда, екі елдің әдебиетінде кейбір шығармалардың жекелеген сюжеттер ұқсастығының мысалдары да жетіп артылады. Мұның бәрі елдердің ортақ тарих ауқымында дамығанын, біркелкі ахуалды бастан өткергенін, халықтың өсіп-өркендеуіне өзара үйлесімді факторлар ықпал еткенін, соған орай мәдениеті мен әдебиетінің сабақтаса ілгерілегенін айғақтайды. Сондықтан болса керек, Р.Бердібай айтқандай, «Туысқан түрікмен халқының асыл дастандарының бірі – «Шахсәнәм мен Ғаріп» кей тұстарында қазақтың эпостық туындысы «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» еске салады»
Түрікмен әдебиетінің орта ғасырлық дәуірінде бірнеше халыққа ортақ мұра қалдырған шайырлардың тобы қалыптасты. Олардың ішінде түрікмен мен иранға, түрікмен мен түрікке, түрікмен мен өзбекке ортақ рухани құндылық қалдырған ақындар бар.
Шығармаларын түрік және парсы тілінде жазатын ақындар – түрікмен жеріндегі орта ғасырдағы ахуалдың жемісі. Олар бір-бірімен сабақтас осы екі арнаны да қатар дамытты. Бұл кезеңде ауыз әдебиетінен желі тартып келе жатқан эпикалық дастан жанрында жазу кең тараған үрдіс болды. Олар парсы тілінде жазылғанымен, негізгі кейіпкерлері ретінде оғыздар мен түрікмендер алынып отырды. Ежелгі аңыздар мен ертегінің нұсқалары қайта өңделіп, сюжеттері басқаша жырланып, бірте-бірте түркі тақырыбына бейімделді.
Әдебиет тарихын әдебиеттің даму эволюциясы тұрғысынан дәуірлеу кезінде назарға алынатын мәселенің бірі – әдеби байланыс пен сабақтастықтың бір-біріне ықпалы. Тарихи қоғамдық ахуалға байланысты түрікмен әдебиеті де ұзақ уақыт көршілес елдердің әдебиетінен нәр алды. Бұл елдің әдебиеті де белгілі бір деңгейде сол іргелі әдебиеттердің ілгерілеуіне жол ашты. Осыған орай Х.Короглы «Түрікменнің классикалық әдебиеті халық шығармашылығы сияқты формальды ғана емес, тақырыптық жағынан да парсы, тәжік және әзірбайжан әдебиеті мен фольклорының әсерін сезінді және олардың дамуына да ықпал етті», – деп тұжырымдайды. Керісінше, түрікмен әдебиеті ғасырлар бедеріндегі рухани құндылықтардың дамуында негізгі рөл атқарған кезі болды. Түрікмендер өз тарихында билік құрылымдарын орнықтыруға да, оның мәдениетін ілгерілетуге де үнемі үлес қосты. Олардың белсенді әрі ықпалды халық ретіндегі рөлі осындай әрекетке мүмкіндік берді.
ХVІІІ ғасырда өмір сүрген түрікменнің ұлы ғұламасы, ойшыл ақыны Мақтымқұлы Фрагидің әдебиеттегі орны ерекше. Мақтымқұлы – түрікмен әдебиеті үшін тегеурінді тұлға әрі қайталанбас құбылыс. Оның шығармалары Ғ.Орманов, Ғ.Қайырбеков, Д.Қанатбаев, С.Нұржан аудармалары арқылы қазақ топырағына жақсы таныс Фрагидің ұлт рухына айналған классикалық туындылары түрікмен әдебиетін биік белеске шығарған тұтастай бір дәуірдің табиғатын танытады.
Қазақ-түрікмен әдеби байланыстары кеңес дәуірінде де жүйелі жалғасты. Соңғы жылдарда едәуір бәсеңсіп қалған үдеріс қазір қайта жандана бастады. Ендеше, ежелден тамыр тартатын төркіндес тұлғалар мен сабақтас сарындарды зерттеу мәселесі енді толастамауға тиіс.

Бауыржан
ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-
мүшесі, филология
ғылымдарының
докторы, профессор

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала