Қаланың қақ ортасындағы әсем аялдамада тұрған екі әйелге еріксіз көзім түсті. Қазіргі көше тілімен айтқанда, екеуі де «қуып тұр…». Естіп-көріп, оқып жүрмін. Сондықтан да екеудің жағдайын бірден бағамдадым: біреуі спиртті ішімдікке тойып алған болса, екіншісі – есірткі шегіп алған екен.
Қасірет. Қазіргі қоғамымыздың жазылмай келе жатқан қасіреті.
Бағытымды кілт өзгертіп, оңтүстік астанамыздың наркологиялық орталығына бет түзедім. Жол бойы жоспар құрып келемін. Көз алдыма көлеңкедей көлбеңдеген дәрменсіз әйел баласы елестеді: арақ ішіп жүрген қазіргі ана, арақ ішіп жүрген болашақ ана. Есірткі шегіп жүрген қазіргі ана, есірткі шегіп жүрген болашақ ана.
ӘЛҚИССА:
Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік сауықтыру орталығы 1976 жылы диспансер ретінде ашылған. Кейіннен наркологиялық қызмет жалпы психиатриядан өз алдына бөлініп, жеке шыққан. Ал 1992 жылы қалалық наркологиялық диспансер қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік сауықтыру орталығы болып қайта құрылды.
Бүгінгі күні орталық қала тұрғындарына наркологиялық көмек көрсететін жалғыз мамандандырылған медициналық мемлекеттік кәсіпорын. Мұнда нашақорлықтың алдын-алу және ерте анықтау мәселелерімен, салауатты өмір салтын насихаттаумен, науқастарды емдеу және медико-әлеуметтік оңалту іс-шарасын өткізумен, сонымен бірге алкогольдік және есірткі заттарынан масаю күйін анықтайтын сараптамалар жүргізумен айналысады. Білікті және тәжірибелі нарколог, психолог, психиатр, невропатолог, медбике, терапевт және кардиолог мамандармен жасақталған осынау орталықта 520 адам еңбек етеді.
Қалалық наркологиялық дәрігерлік-әлеуметтік сауықтыру орталығының құрылымында жалпы сыйымдылығы 305 төсек орны бар. Емхана бөлімі күніне 200 келушілерді қабылдауға арналған және жасөспірімдер кабинеті жұмыс істейді. Қала тұрғындарына учаскелік қағидаға сүйеніп, емханалық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ әр ауданға учаскелік нарколог-дәрігер бекітілген. Орталық құрылымында, сондай-ақ, клиникалық зертхана, токсико-химиялық зертхана, қабылдау бөлімі, ас әзірлейтін бөлім мен рентген бөлмесі секілді қосалқы қызметтер де бар.
КерекДЕРЕК: Алматы қаласы бойынша ағымдағы жылдың басынан бері 8500-ден астам адам диспансерлік есепке алынған. Мұның 1500-ге жуығы әйел адам. Ал нашақорлық бойынша тіркеуге алынған 2 мыңдай адамның 200ден астамы нәзік жандылар. Көңіл қуантарлық жаңалық — биыл есепте тұрғандар саны 10-15 пайызға төмендеген. Мұны наркологиялық орталық мамандары жиі жүргізетін ішімдіктер мен есірткі пайдалануға қарсы жүргізілген алдын-алу іс-шараларының нәтижесі деуге болады.
Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік сауықтыру орталығы бас дәрігерінің орынбасары Роза ТӘТИЕВА біздің сұрақтарымызға жауап берді.
— Орталықтың қабылдау және емдеу тәртібі қалай негізі?
— Әрбір маскүнемдікке немесе нашақорлыққа ұшыраған науқас емхана жолдамасымен жоспарлы түрде жатып емделеді немесе амбулаториялық жағдай көмек көрсетіледі. Екіншіден — шұғыл медициналық көмек қажет болғанда да, нақтырақ айтқанда, «Жедел жәрдем» көлігімен біздің орталыққа жеткізілген жағдайда да науқасты емдеуге бірден қабылдаймыз. Үшіншіден — өз бетінше, ерікті түрде емделуге келетіндер бар. Бұл науқастарды да қабылдаймыз. Сонымен бірге, басқа медициналық ұйымдардан бізге ауыстырылатын науқастар да біздің орталықта емделе алады.
— Сіздерде квота деген бар дейді ғой. Оны қалай түсінуге болады?
— Алкоголизм мен есірткіге тәуелділіктен құтылуға, емделуге деген құлшынысы бар науқасты біз одан әрі оңалту мақсатында Павлодардағы наркология мәселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік орталыққа квота арқылы жібереміз. Тағы бір айта кетерлігі — биылдан бастап жақынын, туысқанын мәжбүрлеп емдеуге ниет білдірушілер учаскелік полиция қызметкеріне, сосын наркологиялық орталықтың әкімшілігіне арыз жаза алады. Мұндай жағдайда наркологиялық орталық мамандары сотқа шағым түсіреді. Сөйтіп мәселені Азаматтық процесуалдық сот қарайды. Биыл осы тәртіп бойынша 107 адам наркологиялық орталыққа мәжбүрлеп емдеуге жатқызылды.
— Емдеу этаптары қалай жүргізіледі?
— Иә, біздегі емдеу бірнеше этаптан тұрады. Мұның біріншісі – детоксикация және медикаментозды коррекция. Екіншісі — сауықтыру (реабилитациялық) емдеу шарасы. Орталықтағы психологиялық зертханада көптеген психотерапиямен және психологиялық емдеу мақсатында , мысалы , еңбек терапиясы, бет-әлпетті әрлеу, музыка, жарық, әуен, бейнекөрініс, арт терапиясы бар. Мәселен, музыка терапиясында өмірден қажыған, яғни жағымсыз әдетке тәуелділіктен жаны, тәні азып-тозып, күйзелген қыз-жігіттерге еңсесін көтеруге, қиындықты ұмытуға, тіпті 12 мүшесімен әуен ырғағында тербеліп, бақыттың құшағына көмілгендей болуға көмектесетін емдеу этаптары бар. Осы музыкалық терапияның басты мақсаты — науқасты қобалжу-түңілуден арылтып, оның орнын көңілді де жағымды әсермен толтыруға көмектесу.
— Еңбек терапиясы дегенге түсінік бере кетсеңіз.
— Еңбек терапиясы науқасты еңбекке баулып қана қоймай, оған көпшіліктен оқшауланбай, ұжымда бір кісідей тіл табысып, еңбек етуге бейімдеуге көмектеседі. Өйткені біздің орталықтан емделіп шыққан науқасқа жұмысқа орналасу, туысқандарымен тіл табысу қиынға соғады. Ал еңбек терапиясының осы түйткілді шешуге көмегі зор. Сонымен бірге біздің орталықта емделіп, ішімдіктен бас тартқан бұрынғы емделушілеріміздің «Анонимді алкоголиктер» клубы жұмыс істейді. Мұнда олар ішімдік пен есірткінің зиянын, оның отбасына әкелген зардабын және қазіргі өздерінің жетістіктерін айтып, құпияларын бөліседі. Сондай-ақ, біздің орталық Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығымен де тығыз қарым-қатынаста. Мәселен, бізден былтыр емделіп шыққан 27 науқас жұмыспен қамтылды.
— Кәсіби мамандар жеткілікті ме?
— Маман-наркологтың жетіспеушілігі бізді де толғандырған мәселе. Дегенмен қазіргі таңда мамандарымыз халыққа үздіксіз , толық және сапалы түрде көмек көрсетіп отыр.
КЕЙІПКЕРЛЕР КЕЛБЕТІ
Бірінші кейіпкер: ЛӘЗЗАТ, Талдықорған өңірінен Алматыға 1976 жылы көшіп келген. Отбасылы. Жолдасы бар. Бір ұл мен үш қыздың анасы. Спиртті ішімдікпен әуестенгеніне 6 жыл болыпты.
— Өмір дегеніміз өзен ғой. Осы өмір-өзенде ағыспен ағып кетпей, дұрыс малтып, тірлік кешу өте қиын. Ұстаранын жүзіндей. Адам білмейді алдында не күтіп тұрғанын. Мен елу жасымнан асқаннан кейін арақ ішуді бастадым. Жасырмаймын, елімізге белгілі де беделді тұлғалардың жанында жұмыс істедім. Өмірім өте-өте жақсы еді. Осы Алматының өзінен үш қызыма үш үй алып бердім. Ұлыма да үй әперіп, бөлек шығардым. Бәрін өзім көтердім.
— Сонда өміріңіздің осылайша күрт өзгеруіне қандай жағдай түрткі болды? Жайлы өміріңіздің аяқ астынан жайсыз бағытқа бет алуына да әлдеқандай бір себеп болған шығар?
— Өмір өтіп жатты. Мен талпындым. Шаршамадым, алға ұмтылдым. Менің өмірге деген құлшынысым өте күшті болды. Түске дейін де, түстен кейін де мектепте сабақ бердім. Кешке қарай аула сыпырушы, ал түнге қарай қарауыл болып істедім. Тәуліктің жиырма төрт сағатында тынымсыз жұмыс істедім десем де облады. Сөйтіп жүргенде жасым елуден асты. Жер ортасы саналатын жастан асқанда іше бастадым.
— Іше бастағанда сол… ішімдікті айтып отырсыз ба?
— Иә. Арақ деген атаңа нәлетті айтам да. «Сырт көз – сыншы» демей ме, сыртымнан көрген адам мені төрт құбыласы тең бақытты әйел деп ойлайды. Неге екенін білмеймін, елуден асқасын-ақ аяқ астынан осы бір арақ деген бәлеге құштар болдым да қалдым. Енді отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Сондай сәттерде бірден араққа жүгіретін болдым. Үйіміздің жанындағы дүкенде мені танитындар жұмыс істейді. Солар да маған қатты таңданып қалып жүрді.
— Иә, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырлайды. Дұрыс айтасыз. Сондай сәттерде дүкенге жүгіріп барасыз да, арақ сатып аласыз. Сосын оны ішесіз ғой. Кімдермен ішесіз? Жалғыз ішесіз бе?
— Иә, жалғыз іше беремін. Қаңғырмаймын. Көше бойлап, тәлтіректеп ел-жұрттың мазасын алмаймын. Үйге әкелемін де, сытырлатып іше беремін.
— Күйеуіңіздің, бала-шағаңыздың көзінше іше бересіз бе сонда?
— Иә, іше беремін. Бірақ мен көп іше алмаймын. Ары кетсе, екі-ақ шөлмек қана ішемін.
— Екі-ақ шөлмек дейсіз бе? Көптеу емес пе? Екі шөлмек арақты әйел адам түгілі, анау-мынау зіңгіттей еркектер де тауыса алмайды ғой?
— Мен солай ішемін. Ал ішкен соң бірден ауырамын. Қан қысымым жоғары менің. Көтеріліп кетеді. Содан осы наркологиядан бір-ақ шығамын. Мұндағылар мені жақсы танып алған. Осы жолы… соңғы рет осында түскенімде мендегі қан қысымы 220 дегенді көрсетті. Өлген жерім осы шығар дедім. Әйтеуір осы орталықтағы маман-дәрігерлердің біліктілігінің арқасында аман қалдым.
— Кешіріңіз әрине, әйтсе де бұл жолы ішуіңізге не себеп болды?
— Не себеп болушы еді? Ішкісі келген адамға себеп пен сылтау көп емес пе? Бірақ бұл жолы мені несие деген бәле тығырыққа тіреді. Өзің де білетін шығарсың, шырағым, осы күні банктен несие алмаған қазақ жоқ. Мен де алғанмын. Сол – уақытында төленбеген несием үшін банктегілер мазалады. Банкті бір жайлы етіп үйге келсем, қызым ұрсады – «кішкентай сәбиді көтерме, қолға жаман үйреніп кетеді» деп. Осы жолғы айқай содан шықты. Ішпей-ақ жүр едім, тағы ішіп қойдым. Обалы не керек, күйеуім тағы да осында алып келді. Жатырмын содан осында. Үйдегілер үйреніп алған. Үзбей келіп тұрады. Үлкен ұлымның жұмысы қауырт , соның ғана маған келіп тұруға уақыты бола бермейді . Құдайға шүкір, балаларымның бәрін оқытып-тоқыттым. Бас-басына үй алып бердім. Ешқайсысының маған өкпесі жоқ.
— Арақпен ауыратындар соңғы жылдары бақсы-балгер, тәуіп дегендерге жиі барады деп естиміз. Сіз сондайларға барып көрдіңіз бе?
— Бардым. Тіпті әлгі халық қол-аяғын жерге тигізбей мақтайтын атақты Сары Әулиеге де бардым. Болмады. Ешқайсысы арағымды қойдыра алмады. Адамның өзінің ынта-жігері, ықыласы болмаса, бұл арақ деген бәлені ешқандай әулие, бақсы-балгер қойдыра алмайды екен, менің түсінгенім. Енді осы наркологиялық орталықтан толықтай емделіп шығамын деп үміттенемін. Әйтпесе менде бәрі бар. Маған тек сырттан мейірімділік керек. Адамдардың мейірімі жетіспейді маған. Адамдар тасжүрек болып кеткен сияқты. Ал енді жалпы ел-жұртқа айтар болсам, әсіресе өзіміздің қарадомалақтарымыз бен қаракөздерімізге айтар болсам – айналайындар, аулақ болыңдар осынау арақ деген бәледен. Құдайдың құтты күні көріп жүрмін, осы жерде емделіп жатқандардың көпшілігі өзіміздің өрімдей жас қаракөз қыздарымыз. Не жетпейді соларға? Мен соған қатты таң қаламын. Олардың жасында мен күні-түні жұмыс істейтінмін. Құдайдан жалынып тілейтінім – қыздарымыз осы арақ деген бәлеге мүлде жоламаса екен. Осы ғана менің жалғыз тілегім.
Екінші кейіпкер: АДЕЛЯ, Алматы қаласында туып-өскен. Жасы 29-30-дың айналасында. Тұрмысқа шықпаған. Бизнесмен әке-шешенің жалғыз қызы. Наркомания тілімен айтқанда, «инеге отырған…». «Инедегі стажы» — 6 жылдан асқан.
— Мен мектепте өте жақсы оқығанмын. Тіпті осы есірткі дегеніңіз менің қас жауым болған. Жүрген жерімнің бәрінде мен тіпті есірткіге қарсы үгіт-насихат айтып жүретінмін. Бірақ өстіп жүріп-жүріп келіп, күндердің бір күнінде өзімнің де «наркоманка» болып шығатынымды білмеппін ғой, шынын айтқанда. Ал енді қалай бастадың дегенге айтар жауабым біреу-ақ: «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық – аздырар адам баласын…» деп Абай айтқан екен. Бұрын оқымаған екенмін, мен жақында Абайдың осындай өлеңін оқыдым. Оқыдым да, осы өлеңнің тура өзіме туралы арналғанын түйсігіммен сезіп-білгендей болдым.
— Есірткіге елігу неден басталды?
— Әдетте нашақорлардың көпшілігі алғашқыда «шөп шегуден» бастайды. Сөйтіп бара-бара ақырындап, «инеге» көшеді. Ал мен бірден героиннен бастадым. Бастапқыда иіскеп қана жүрдім әрине. Сосын жайлап-жайлап білек тамырыма инемен героин жіберуге кірістім. Бұл жағынан алғанда мені наркомандар арасында тіпті рекорд жасады десе де болады.
— Әп-әдемі әрі білімді қыз екенсіз. Жеке өміріңіз қалай қалыптасты?
— Қызық екенсіз, «инеге» отырған қыз балада қандай жеке өмір болуы мүмкін?! Осы күнге дейін менің жеке өмірім героин мен ине ғана болды. Өкінемін әрине, отыз жасқа дейінгі өмірімді есірткіге қор қылғаныма. Дегенмен, әлі де кеш емес деп ойлаймын. Есірткімен өмір сүру дегенді құдай ешкімнің басына бермесін.
— Героин дегеніміз өте қымбат дүние ғой. Оған ақшаны қайдан табатын едіңіз? Әлде бизнесмен әке-шешеңіз ақшадан тарықтырмады ма?
— Есірткіге еліккеннен кейін әке-шешем маған бір тиын да бермейтін болды. Алғашқыда қызығушылықпен бірден гериннен бастадым да, сосын одан бас тарта алмай қалдым. Героиннен бас тарту өте қиын. Жасыратын несі бар, әке-шешемнің арқасында ештеңеден тарлық көргем жоқ. Бала кезімде еліміздің ең бір мықты деген лагерлерінде демалып жүрдім. Үнемі ақшамен жүрдім. Ақшамен жүрген соң әрине, өміріме есірткі араласты. Кенеттен келген кайфтен бас тарта алмадым. Таңертең ұйқыдан тұрған бетте: «Кезекті дозаны қайдан алсам?» — деп миың қатып тұрады. Ақша жоқ. Есірткіге еліккеніңді білетін сүйікті әке-шеше ақша бермейді.
— Дозаға ақша табу үшін әлбетте, қылмысқа барасыздар. Солай ма?
— Иә, дұрыс айттыңыз. Бір жолғы доза үшін наркоман кез-келген қылмысты ойланбай жасауға барады. Мен көбінесе ұсақ-түйек ұрлықпен айналыстым. Ол үшін тиісті жазамды алып, түрмеге де отырып шықтым. Темір тордан шыққан бетте қайтадан «ескі достарыма» қосылдым. Бірақ сол кезде мен бір нәрсені анық түсіндім.
— Нені?
— Байқап қарасам, менімен бірге есірткі қабылдап жүрген « нашақор» достарымның көпшілігі өмірден озды. .
— Қайтыс болған ба ?
— Иә, басым көпшілігінің өмірі ерте қиылды. Біреуі пышаққа түскен, енді біреуі есірткіні шамадан тыс (передозировка) көп қабылдағаннан өлген. Соның бәрін көріп-білген кезде, мен қатты шошыдым. Басыма «енді маған да тоқтау керек, әйтпесе өстіп жүріп өліп қаламын» деген сұмдық ой келді. Өзіңіз ойлаңызшы, бір рет қана доза қабылдау үшін күніне мыңдаған теңге ақшаң кетеді. Менің өз басым күніне жиырма мың теңгедей ақшаны тек героин сатып алу үшін ғана құртып жүрдім. Сұмдық қой бұл! Героинге әуестенген соң маған ештеңе қызық болмай кетті. Мен тіпті әп-әдемі болсам да, еркек атаулыға жоламай кеттім. Ойлағаным тек есірткі болды. Ұрлық жасаймыз. Тапқан ақшаға есірткі сатып алып, өз-өзімізбен мең-зең болып жатамыз. Ондай сәтте бүкіл дүниенің құны көк тиын болмай қалады.
— Қазір емделіп жатырсыз. Жалпы емделу курсын қалай өткізіп жатырсыз? Есірткіге деген «сағыныш» бар ма, әлде осымен мүлде қойдым деп ойлайсыз ба?
— Қарап отырсам, баяғыда күніне төрт грамм героинға дейін сатып алып, қолданып жүріппіз. Ал бір грамм ақ ұнтақтың құны шамамен он мың теңгенің айналасында. Осыдан-ақ ойлай беріңіз, күніне қанша мың теңгенің басына су құйып жүргенімді. Құдайға шүкір, қазір осы орталықта емделіп жатырмын. Әрине, байқап қарасам, менің тұла бойым әлі де есірткіні аңсайды. Бірақ осы тоқтағаным – тоқтаған. Енді мен есірткісіз тап-таза өмір бастаймын. Сана-сезімімде жаңа бір мақсат пайда болды. Ол мақсат — баяғыдағыдай героин іздеу емес, бақытты отбасылық өмір сүру. Сол өмірді қалыптастыру. Тұрмысқа шығып, бала сүю. Әйел адам үшін тұрмысқа шығып, бала сүюден асқан бақыт бар ма? Менің ендігі барлық ойым да, алдағы өміріме құрып отырған жеке жоспарым да тек қана осы: есірткіні қойып, өмірімді тап-таза ақ парағын ақтарып, бәрін қайтадан бастау. «Ештен кеш жақсы» деп айтып жатады ғой.
P.S. Міне, адам тағдырын тәлкекке айналдыратын екі зардап: бірі – ішімдік болса, екіншісі – есірткі. Екеуінің де зардабы түпсіз. Тұңғиық. Жан адамға белгісіз жұмбақ магниттей тартып алатын осынау тұңғиық шыңыраудан шығу жолы тіпті де қиын. Кейбіреулер үшін алынбас тас қамалдай көрінеді. Бірақ адам баласы үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Санасында сәулесі, жүрегінде жігері бар адам баласы ішімдіктің де, есірткіні тұтынуға қарсы тұрып, бетін қайтара алады. Ал бірақ осының ішіндегі ең жақсысы әрине, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бір ауыз сөз.
Алматы қаласындағы маскүнемдік пен нашақорлықтан емделетіндер ғимаратынан шыққанда біз осылай ойладық.
Марат МАМАНБАЙ