Елімізде агроөнеркәсіп саласын дамыту — стратегиялық басымдықтардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуы тиіс. Ол үшін біз өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», — деп нақты міндет қойған еді. Бұл тапсырма бүгінде өңірлерде біртіндеп жүзеге асып келеді. Солардың бірі — Түркістан облысы. Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнім көлемі 253,9 млрд теңгеге жетіп, республикада көш бастады. Осы серпілістің айғағы ретінде Түркістанда іске қосылған ірі ет комбинаты экспортқа бағдарланған өңделген өнім шығару ісіне тың серпін беріп отыр. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Сайрам ауданы Күмісбұлақ ауылында орналасқан «Қайып ата» ірі ет комбинатының директоры Сырым Ертаевпен сұхбаттасып, агроөнеркәсіптік кластердің дамуы, логистика, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық нарыққа шығудың жолдары туралы кеңінен сұрап білді.
– Сырым мырза, Қазақстанның экспортта бағыт ретінде қандай елдер басымдықта? Жаңа нарықтарға кірудің басты критерийлері қандай?
– Қазіргі таңда біздің комбинат үшін экспорт бағытында басымдыққа ие елдер – Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, БАӘ және Сауд Арабиясы. Бұл елдерде қазақстандық етке деген қызығушылық пен сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Жаңа нарыққа шығу оңай процесс емес. Бірінші кезекте логистика мәселесін есептейміз. Өнімнің бұзылмай, сапалы жетуі үшін салқындатылған немесе мұздатылған күйде жеткізу талаптары мен көлік желісі толық зерттеледі. Екіншіден, сұраныс құрылымы мен баға деңгейі сарапталады, яғни ол елдің халал стандарты, етке деген талғамы мен төлем қабілеті ескеріледі. Үшіншіден, ең маңыздысы – ветеринариялық және фитосанитарлық талаптар. Әр елдің өз ерекшелігі бар. Мысалы, Сауд Арабиясы мен Түркия халал талаптарға өте қатаң қарайды. Ал Грузия мен БАӘ – сапа мен қаптаманың халықаралық стандарттарға сай болуын талап етеді.
– Грузия мен Түркия нарықтарына шығу үшін қандай нақты келісімдер мен рәсімдер қажет болды?
– Бұл екі нарыққа шығу үшін шамамен 8 айдан астам дайындық жұмыстары жүргізілді. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы экспорттық рұқсаттар мен ветеринариялық келісімдер реттелді. Олардың Халықаралық санитарлық сертификаттау жүйесіне сай болу — басты талап саналады. Түркия Республикасымен Қазақстан басшылығы әлі де келісімдер, келіссөздер жүргізіп жатыр. Оң шешімін табады деген ойдамыз.
Ал Грузия жағымен логистикалық серіктестік, яғни тасымалдаушы компаниялармен келісімдер жасалды. Сонымен қатар ет комбинатымыздың халал сертификаты, өндірістік циклдың ашықтығы, сапа бақылауы мен ветеринариялық журналдарды тексеру секілді техникалық аудиттерден өттік. Бұл бағыттарда «KazakhExport» сынды мемлекеттік құрылымдардың көмегі зор болды.
– Сіздердің өнімдеріңіз экспортта кіммен бәсекелес? Қандай бәсекелік артықшылықтар бар?
– Біздің өніміміз негізінен Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығыс елдерінің нарығында келесі елдердің өнімдерімен бәсекеге түседі: Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, кейде Украина және Бразилиядан келетін мұздатылған ет өнімдері. Бәсекеде біздің басты артықшылығымыз – «қазақстандық еттің» табиғилығы мен экологиялық тазалығы. Қазақстан мал шаруашылығында антибиотиктер мен гормондарды көп қолданбайтын ел ретінде танылған. Екіншіден, «Халал стандарттарға» толық сай өндірістік процесс, яғни сою, өңдеу, сақтау және қаптау – барлығы исламдық талаптарға сәйкес. Сондай-ақ өнімнің балғын күйде жеткізілуі, яғни салқындатылған етті жедел логистика арқылы жіберу – бізді Белоруссия сынды алыстан тасымалдайтын елдерге қарағанда бәсекелестік тұрғыдан тиімді ете түседі. Қазіргі таңда бәсекеде баға жағынан арзан, өнім деп белорус мұздатылған етін алуы мүмкін, ал сапа жағынан Қазақстан етінің өтімділігі артықшылық береді.
– 50 мың басқа арналған бордақылау алаңы қанша уақыт ішінде толық қуатта жұмыс істейді деп жоспарлануда?
– Түркістан өңіріндегі бордақылау алаңы – аймақтық деңгейде ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жалпы сыйымдылығы 50 мың басқа есептелген бұл кешеннің толық қуатта жұмыс істеуі үшін кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланған.
Бірінші кезең – 20 мың басқа арналған блоктар 2024 жылдың соңына қарай пайдалануға берілді. Қалған қуаттылықты іске қосу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Қысқаша айтқанда, толық қуатқа шығу мерзімі шамамен 18 ай, яғни 2026 жылдың алғашқы жартысында бордақылау кешені толық жүктемеде жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз.
– Күнделікті 1000 ірі қара, 5000 ұсақ мал соятын ет комбинатының ішкі және сыртқы нарыққа қалай жұмыс істейтініне нақты мысал келтіре аласыз ба?
– Біздің комбинаттың өндірістік қуаты – тәулігіне 1000 ірі қара және 5000 ұсақ мал. Бұл қуаттылық толық іске қосылған жағдайда жылына 150 мың тоннаға жуық ет өндіруге мүмкіндік береді. Жұмыс бағыты екіге бөлінеді: ішкі нарыққа – шамамен 60%, сыртқы нарыққа – 40% үлеспен бағытталған. Мысал ретінде, ішкі нарықта еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі (Түркістан, Шымкент, Алматы, Тараз) көтерме сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерге ет жеткіземіз. Әсіресе, мектеп, аурухана, әскери құрылымдар сынды мемлекеттік тапсырыстар тұрақты сұраныс тудырып отыр.
– Қай бағытта экономикалық тұрғыдан тиімдірек деп есептейсіздер? Тірі мал экспорты ма, әлде өңделген ет экспорты ма?
– Экономикалық тұрғыдан өңделген етті экспорттау әлдеқайда тиімді. Біріншіден, қосымша құн өндіріске қалады – бұл дегеніміз жұмыс орны, салық, қайта өңдеу технологиясы және экспорттық табыстың Қазақстан ішінде қалуы. Етті өңдеу барысында қаншама адам жұмыспен қамтылады, игерілмей жатқан жерлер игеріліп, жем-шөптер сатып алынады. Елімізде ірі қара малдың 1 миллион басы бордақылатынатын болса, оған 3-4 миллион тонна азық керек болады. Ол — жердің барлығы игеріліп, бидай, арпа, жүгеріні өзіміз алып, малды бордақылап, тірі салмақты 200 кило салмақтағы малды 500 кило салмаққа өсіріп, оны өндіретін болсақ, ауыл халқының әл-ауқаты әлдеқайда жақсы деңгейге көтеріледі деген сөз. Сонымен қатар, тірі малды экспорттау кезінде бір ірі қараның бағасы орта есеппен 1200–1500 АҚШ доллары шамасында десек, ал сол малдан өндірілген ет пен өнімдерді бөлшектеп сатқанда, табысты 1,5–2 есеге арттыруға болады. Сонымен бірге, өнімді жартылай ет, фарш, шұжық немесе органикалық өнімдер ретінде өткізуге мүмкіндік бар. Тағы бір маңызды мәселе – биологиялық қауіпсіздік. Өңделген ет экспортында ветеринариялық бақылау, санитарлық талаптар мен стандарттау әлдеқайда жоғары деңгейде жүзеге асады. Бұл – халықаралық нарықтағы сенімділігімізге тікелей әсер етеді.
– Қазақстан етінің басқа елдерге қарағанда қымбат сатылуы – нақты қандай сапа көрсеткіштерінің арқасында?
– Қазақстаннан экспортталатын еттің бағасы кейбір бәсекелес елдерге қарағанда 10–20% жоғары болуы мүмкін. Бұл, біріншіден, өнім сапасының ерекше көрсеткіштерімен тікелей байланысты.
Біздің етіміздің экологиялық тазалығы, жайылымдық табиғи азықпен қоректенген мал еті, сонымен қатар антибиотиктер мен өсу гормондары қолданылмайтыны – басты артықшылығымыз. Әсіресе, Таяу Шығыс пен Түркия нарығында «Табиғи ауыл шаруашылығы өнімі» деген ұғым брендке айналған. Осы тұрғыдан Қазақстан басшылығы Түркия елімен біршама келіссөздер жүргізіп жатыр.
Сапалық көрсеткіштерге мыналар кіреді:
— Еттің белок мөлшері мен май қышқылдары құрамы – зертханалық тұрғыда сараланады;
— Халал стандарттарға сәйкестік – сертификатталған өндіріс;
— Жаңа сойылған күйде жеткізу – бұл мұздатылған етке қарағанда 30–40% қымбат бағаланады.
Сондай-ақ біздің өнім ISO, HACCP секілді халықаралық стандарттарға сай өңделіп, қапталады, бұл да экспорттағы бағаны арттыруға мүмкіндік береді.
– Экспорттағы баға мен ішкі нарықтағы баға арасындағы айырмашылық шаруаларға және тұтынушыларға қалай әсер етеді?
– Экспорттағы және ішкі нарықтағы баға айырмашылығы жүйелі түрде реттелмесе, ол екі жаққа да шаруалар мен тұтынушыларға бірдей қысым түсіреді. Мысалы, экспорт бағасы жоғары болған жағдайда шаруалар тірі малды қымбатқа өткізу мүмкіндігіне ие болады, бұл оларға табысын арттыруға, бордақылауға жұмсайтын шығынды жабуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл сонымен бірге, ішкі нарықта еттің құнының өсуіне әкеледі, бұл тұтынушының қалтасына әсер етеді.
– Ұлттық валюта бағамының ауытқуы экспорт табысына қаншалықты әсер етеді?
– Ұлттық валюта бағамы біздің табысымызға тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Қазақстандық комбинаттар, оның ішінде біз де экспорттан түсетін табысты негізінен АҚШ доллары немесе еуромен аламыз. Ал шикізат, еңбек ақы, логистика – барлығы теңгемен жұмсалады. Мысалы, теңге әлсіреген жағдайда, экспортшылар үшін табыс көлемі ұлғаяды, себебі валюталық түсім теңгеге айналғанда көбірек қаржы береді. Бірақ сол уақытта импорттық шығындар, мысалы, шетелдік қаптама, техникалық құрал-жабдық пен қосалқы бөлшектер қымбаттай түседі. Бұл екі жақты әсер. Дегенмен, ұзақ мерзімді тұрақты экспорттық келісімшарттар валюталық тәуекелдерді азайтады. Біз қазір валюталық хеджирлеу (баға айырмасын алдын ала бекіту) және фьючерстік келісімдер арқылы бұл тәуекелдерді азайтып отырмыз.
– Сіздің басшылығыңыздағы комбинат аусыл ауруы жоқ екенін дәлелдеу үшін қандай шаралар қабылдады? Бұл қандай елдерге экспорттауға жол ашты?
– Ет экспортына шығардағы ең басты талаптардың бірі – аусыл (FMD) ауруынан азат аймақ мәртебесін алу. Бұл оңай әрі жылдам шешілетін процесс емес. Біз бұл бағытта ауыл шаруашылығы министрлігі мен Халықаралық эпизоотиялық бюромен (WOAH) бірлесе жұмыс жүргіздік.
Атап айтқанда:
— Түркістан облысында аусылға қарсы вакцинация толық жүргізіліп, әрбір шаруашылық электронды жүйеде тіркеуге алынды;
— Мал қозғалысы, сою пункттері мен бордақылау алаңдары толық бақыланды, яғни санитарлық бақылау күшейтілді;
— Комбинаттың өзі ветеринариялық-санитариялық аудиттерден өтті, нәтижесінде аусылдан таза аймақ ретінде халықаралық деңгейде танылды.
Бұл мәртебе бізге Грузия, Түркия, БАӘ және Катар сынды талапшыл елдерге ет экспорттауға ресми түрде жол ашты. Мысалы, Түркия нарығына кіру үшін тек аусыл ғана емес, сонымен бірге туберкулез, бруцеллез, лептоспироз секілді аурулардан да таза аймақ екенімізді құжатпен дәлелдеуге тура келді.
– Ет сапасына қатысты қандай халықаралық стандарттарды ұстанасыздар? Сертификаттау қалай жүргізіледі?
– Ет комбинатымызда сапа ең бірінші орында. Біз өнім өндіруде және экспортқа дайындауда мынадай халықаралық стандарттарға сүйенеміз:
1.HACCP (Hazard Analysis and Critical Control Points) – тағам қауіпсіздігін басқару жүйесі. Бұл жүйе арқылы біз өндіріс процесінің әр кезеңінде биологиялық, химиялық және физикалық қауіптерді бақылауда ұстаймыз.
2.ISO 22000 – тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне арналған басқару жүйесі. Бұл стандарт тұтынушыға сапалы, қауіпсіз және халықаралық деңгейге сай өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
3.Halal сертификаттары (HALAL DUM, «Халал Даму», немесе GSO стандарттары) – әсіресе мұсылман елдері үшін өнімнің ислам талаптарына сай өңделуін растайды.
Сертификаттау процесі келесідей жүреді:
Әр партия өнім тәуелсіз зертхана мен ветеринариялық инспекциядан өтеді;
Халықаралық аккредиттелген инспекциялық орган (мысалы, SGS немесе TÜV SÜD) өндіріс циклін тексеріп, тексеру актісі мен сапа сертификатын береді;
Сонымен қатар, біз жыл сайын тәуелсіз аудиттен өтеміз, бұл біздің стандарттарға сәйкес жұмыс істеп жатқанымызды дәлелдейді.
Қысқаша айтқанда, біз үшін сапа – тек талап емес, экспорттағы басты артықшылық. Себебі халықаралық нарықта сенім – сертификат пен стандарт арқылы қалыптасады.
– Ірі кешендер мен комбинаттардың қоршаған ортаға әсері қалай бағаланды? Экологиялық қауіпсіздік қалай қамтамасыз
етілуде?
– Қазіргі таңда кез келген өндіріс орны ең алдымен экологиялық жауапкершілігін айқын көрсетуі тиіс. Біздің ет комбинаты жобалық-сметалық құжаттамадан бастап, барлық кезеңде экологиялық талаптарды сақтауды басты міндет ретінде қарастырды.
Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімі барысында біз:
— Суы тартылатын және пайдаланылатын жүйелерді қайта айналымға келтіріп, суды үнемдеу және ластануды болдырмау тетіктерін енгіздік;
— Қалдықтарды бөлу, қайта өңдеу және зарарсыздандыру желісі орнатылды – бұл, әсіресе, мал қалдықтарын кәдеге жаратуда маңызды;
— Комбинат жанында биологиялық тазалау станциясы бар. Ол арқылы барлық ағын сулар экологиялық нормативке сай тазартылады;
— Сонымен қатар, иіссіздендіру және желдету жүйелері – заманауи талаптарға толық сай.
Жалпы біз экологиялық қауіпсіздікті ISO 14001 экостандартына сай ұйымдастырып отырмыз. Бұл – өндірістің тек тиімді емес, экологиялық тұрғыдан орнықты екенін білдіреді. Біз үшін жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен табиғи тепе-теңдік – бизнес табыстылығымен қатар маңызды.
– Мал басының көбеюі ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтарына қандай мүмкіндік беріп отыр? Олардың экспорт тізбегіне қатысу үлесі қандай?
– Қазір біздің өңірде мал шаруашылығымен айналысатын ұсақ және орта шаруа қожалықтарының белсенділігі айтарлықтай артты. Себебі ірі ет комбинаттарының сұранысы мен ұзақ мерзімді келісімшарттары олар үшін тұрақты табыс пен нарықтық сенімділіктің көзіне айналды. Біз жұмыс істеп отырған «фермер–бордақылау – өңдеу – экспорт» тізбегіне ауыл шаруашылығы құрылымдарын жүйелі түрде тартудамыз. Қазіргі таңда бізбен тікелей жұмыс істейтін 200-ден астам шаруа қожалығы бар. Бордақылау алаңына жеткізілетін малдың шамамен 65-70% жергілікті ауыл шаруашылық қожалықтарынан сатып алынады. Әрбір шаруа иесіне алдын ала аванс беру, жем-шөппен көмектесу және ветеринарлық қолдау көрсету сынды әлеуметтік тетіктер қарастырылған. Соның нәтижесінде ауылдық жерлерде жұмыс орындары көбейіп, мал тұқымын асылдандыруға қызығушылық артты. Шаруалар тірі мал емес, ет өнімін сату арқылы көбірек пайда көріп отыр, бұл бүкіл сала үшін стратегиялық өзгеріс. Болашақта бұл тізбектегі кооперацияны кеңейту арқылы ауыл шаруашылығын өңдеу өнеркәсібімен тығыз байланыстыра отырып, экспорттық әлеуетті еселеу көзделіп отыр.
– Етті экспорттау кезінде логистикалық басты қиындықтар қандай? Қандай шешімдер табылды немесе қажет?
– Логистика – ет экспортындағы стратегиялық маңызды нәрсе. Өнім сапасы қаншалықты жоғары болса да, оны дер кезінде әрі бүлінбей жеткізе алмасаңыз, нарықтағы беделіңізге нұқсан келеді. Біз үшін негізгі қиындықтар мынадай:
2.Шекарадан өту кезіндегі кедергілер. Ветеринариялық сертификаттар мен құжат айналымы кейде ұзаққа созылады. Бұл, әсіресе, Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы өтетін бағыттарда кездеседі.
3.Тасымал құнының қымбаттауы. Жанармай мен қызмет ақылары өсіп жатқанда, әсіресе, салқындатылған етті тасымалдау – едәуір шығын. Мұның шешімі ретінде көлік логистикасын жергілікті серіктестермен біріге отырып ұйымдастырудамыз. Бірнеше бағытта алдын ала кедендік келісімдер мен «жасыл дәліз» жобалары бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жақында «KazakhExport» арқылы экспорттық сақтандыру мен логистика шығындарын жеңілдету бағдарламасына өтінім бердік. Логистика – жай жеткізу емес, ол экспорттың сенімділігі мен тұрақтылығының көрсеткіші.
– Салқындатылған немесе мұздатылған етті экспорттау арасында қандай айырмашылықтар бар, қайсысына басымдық бересіздер?
– Бұл екеуінің айырмашылығы тек сақтау температурасында емес, тұтынушы сенімінде және нарықтағы бағада. Салқындатылған ет дегеніміз, бұл 0–4°C температурада сақталып, 72–96 сағат ішінде тұтынушыға жетуі тиіс. Оның басты артықшылығы жаңалығы мен дәмдік сапасының сақталуы. Бұл түрі әсіресе, Өзбекстан, Грузия сияқты талғамы жоғары нарықтарда жоғары бағаланады. Орташа есеппен мұздатылған етке қарағанда 25–30% қымбатқа сатылады. Мұздатылған ет дегеніміз, -18°C немесе одан төмен температурада сақталады, ұзақ мерзімге арналған. Бұл көбіне Ірі партиямен алыстан тасымалдауға, әлеуметтік жобалар мен азық-түлік қорларына пайдаланылады. Бірақ кей елдерде мұздатылған етке деген сенім төменірек болуы мүмкін (әсіресе premium сегментте). Біздің комбинат басымдықты салқындатылған етке беріп отыр, өйткені бұл «Сапа брендіне» айналатын бағыт. Қазақстан етін premium сегментке шығаратын имидж жағынан артықшылық береді. Сонымен қатар, логистика жүйесі жақсы жұмыс істесе, бұл әдіс қайта сатып алу ықтималдығын арттырады.
Сонда да, мұздатылған етті экспорттаудан бас тартпаймыз. Ол ұзақ циклды нарықтар үшін тиімді. Сондықтан екі бағытты қатар жүргізу біз үшін икемді экспорт стратегиясының бір бөлігі.
— Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Олжас Әбдіхалық
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі