Сырт қалғандар

04 ақпан 2022, 11:43

Сырт қалғандар

Оқырман қауым ұмытып қалған шығар, он шақты жыл бұрын апта сайын газетімізде «Айт-Парк» клубында өткен пікірталасты жариялайтынбыз. Қарапайым кітап дүкенінде сұхбатты Нұрлан Ерімбетов жүргізетін. Еркін әрі ашық әңгіме түрінде өтетін. Алматыны былай қойып, ел астанасынан, басқа қалалардан келетін қоғам қайраткерлеріне, лауазымды тұлғаларға журналистер де көкейдегі сауалын қойып жататын. Әр түрлі қызметте істеп, өмірден мол тәжірибе жинаған марқұм ағамыздың негізгі мамандығы мәдениеттанушы болатын. Содан ба, әйтеуір, баспасөзге жақын, оқымаған кітабы жоқ, саясатты да, өнерді жетік білетін.

Бір жолы клубқа Сейдахмет ағамыз (С.Құттықадам) келді. Тақырып әдебиеттегі бүгінгі кейіпкер жөнінде. Модератор әңгімені әріден, әлем классиктерінен бастады. М.Лермонтовтың атақты шығармасына («Біздің заманымыздың қаһарманы»), өмірде өз орнын таппаған Печоринге тоқталды. Содан кейін «Біздің бүгінгі әдебиеттегі басты кейіпкер кім?» деген сұрақты көлденең тартты. Сөйтті де, жауап күтпей, өз пікірін ортаға салды: «Сайранға» (Алматыдағы автобекет) автобус келіп тоқтады. Жұрттың соңын ала екі жолаушы шықты. Жігіттің қолында ескі чемодан, жас келіншек құндақтаулы сәбиімен. Бұлар жұмыс пен жайлы өмір іздеп, ауылдан қалаға келгендер. Күтіп тұрған ешкім жоқ. Қайда барары да белгісіз. Бөтен жерде ешкімді танымайды да, білмейді де. Келіншек «енді не істейміз» деген сұраулы жүзбен күйеуіне көз тастады. Отағасы шарасыз кейіппен жалтақтап, жан-жағына қарайды».

Нұрлан Ерімбетов айтқан келешегі күңгірт дәл осы жігіт бүгінгі күннің басты кейіпкері.
Міне, содан бері біраз уақыт өтті. Ауылдан кетіп, алып шаһарға бет алғандардың қарасы молаймаса, азаяр емес. Мегаполисте құрылысқа жегілсе де, көлік жуса да, әйтеуір, бір жұмыс табылады. Ал қандастар үсті-үстіне ағылып жатқан Жаңаөзен мен өндіріс ошағы тұралап қалған шағын қалада екі қолға бір күрек табыла бермейді. Оның үстіне бізде дамыған елдердегі ірі кәсіпорындардың маңына шоғырланатын шағын және орта кәсіпкерлік жоқтың қасы. Мұны тарқатып айтсақ, алпауыт компанияның тапсырысымен қарапайым құрал-сайман, қосалқы жабдық, арнайы киім, азық-түлік өндіре алатын цех ашу қолға алынбады. Рас, тұрғындар саны күрт өскен сол Жаңаөзенде «қара алтын» өндірушілерге қызмет көрсететін компаниялар баршылық. Кейінгі жылдары осы кәсіпорындар өкілдері жиі ереуілге шығады. Талабы біреу. Бәрін дерлік сырттан таситын, қымбатшылық жайлаған өңірде жалақыны өсіру.

Ақыл айтып, жөн сілтеп отыратын ата-анадан, тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы қара шаңырақтан алыстаған бозбала мен бойжеткеннің бөтен ортаға сіңісіп кетуі де оңай емес. Тұрмыс тауқыметі, тұрақты табыстың болмауы түрлі келеңсіздікке әкеп соғады. Ажырасу дерегінің көбеюі – соның бір көрінісі. Қылмысқа ұрынуы да оңай. Көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қоғамнан сырт қалған, өмірден түңіле бастаған мұндай жастар теріс ағымның, экстремистік және лаңкестік топтардың қармағына оңай түседі.

Жұмыссыздық пен әлеуметтік наразылықтың түп-тамырына үңілген мамандар бірнеше себепті атайды. Біріншісі – ішкі көші-қон мен сырттан келген қандастарды орналастыруда жүйелі іс-әрекеттің жасалмауы. Әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, экологиялық ерекшілігі мен жұмыс күшіне деген сұраныстың ескерілмеуі. Екіншіден, халықтың басым бөлігінің табысын өсіріп, әл-ауқатын жақсартуы тиіс еңбекпен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалмауы. Тұрақты жұмыс істейтін әрі еңбек күшін көбірек қажет ететін өндірістің құрылмауы. Оның орнына қазынадан бөлінген миллиардтарға уақытша немесе өтірік жұмыс орындары ашылды. Әкім-қараның жоғарыға берген есебіне қарасаң, бәрі «қатып» тұр. Кейбір елді мекенде ашылған жұмыс орны сол жердегі еңбекке жарамды азаматтардың санынан асып түседі. Ал қаладағы жол жөндеу, гүл отырғызу сияқты уақытша еңбекке көрші елдерден келген гастарбайтерлер тартылды. Бұл сапаға бас қатырмайтын мердігер компанияға тиімді. Болмашы тиын-тебен төлеп, тендерден түскен қыруар қаржыны қалтаға басады.

«Кейде адвокат Юхан Крон мұнай таусылады, сөйтіп оның отандастары күнкөрістің қатал заңымен жүретін шынайы тіршілікке қайта оралуға тура келетін күнді ойлайды. Бір жағынан адамдар жаңа жағдайға тез бейімделіп кетеді деген сенім бар. Өйткені соғыста белі бүгілгендер еңсесін тез тіктеп алады. Әйтсе де, «инновация мен заманауи технологияға ұмтылмайтын мемлекет (Норвегия) сол бұрынғы таз қалпына түседі, Еуропада ең кедей ел болып қала береді» дейтін ой басым түсіп жатты». Норвег жазушысы әрі журналист Ю Нёсбенің «Пышақ» атты шығармасындағы кейіпкер өз елі мен халқы қазба байлықтың «қарғысына» ұшырамаса екен деп алаңдайды. Норвегия «голланд кеселі» деп те аталатын «қарғыстан» аман қалды. Шикізатқа телміріп отыра бермей, экономикада диверсификация (әртараптандыру) жасады. Дайын өнім шығаруға мән берді. Елдің климаттық жағдайын ескеріп, қысқы туризмді дамытты. Біздегі Көкжайлау сияқты тау шатқалдары Олимпиада ойындары, әлем біріншілігі өтетін шаңғы орталығына айналды. Ең бастысы, қаладан қашық елді мекенде тұратын, қалаға кеткісі келетін жастарға жұмыс табылды.

Скандинавия түбегіндегі сәтті тәжірибе тек мұнайға арқа сүйеп отырған көп мемлекетті ойландыруға тиіс озық өнеге. Әсіресе, жастары жұмыс таппай жүрген біздің елге.

Он шақты жыл бұрын билеуші партияның өкілінен сұхбат алғанбыз. «Сіздің партияңыз жұмыссыз жастардың арасына бара ма, олардың мұң-мұқтажын тыңдай ма?» деген мазмұнда сауал қойғанбыз. Баратынын айтқан. Қаңтар қасіреті қоғамдық ұйымдардан гөрі күрмеуі көп бұл мәселеге ең алдымен мемлекеттің мән беруі тиіс екенін көрсетті.

Срайыл Смайыл

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген