Сыр өңірінде шыны зауыты айналасында шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа белдеуі құрылады

12 шiлде 2023, 19:39

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «China Glass Holdings LTD» компаниясының президенті Лю Гуо мырзамен кездесуінде шыны зауыты айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Бұл Пекин қаласында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегацияның шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық компаниялармен екіжақты кездесулер кезінде жүзеге асырылды.
Кездесуде былтыр қазан айында Қызылорда облысында іске қосылған еліміздегі алғашқы шыны зауытының жұмысы талқыланды. Қуаттылығы 197,1 мың тонна шыны өндіретін кәсіпорын іске қосылғаннан бері 102 мың тонна шыны өндіріп, оны Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанға жеткізілуде.
Шыны зауыты облыстағы құрылыс саласының дамуына тың серпін беріп, ішкі нарықтың 70% және алдағы уақытта Орталық Азия мен Кеден Одағы елдерінде 30% үлесін иеленеді деп күтілуде.
Нәтижесінде, қытай тарапымен бірлесіп, қуаттылығы жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасын іске асыру бойынша екіжақты Меморандумға қол қойылды. Аймақ басшысы әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие заманауи өнім Қызылорда облысының экономикалық дамуына зор септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.
Одан бөлек, облыс әкімі шыны зауыты айналасында қосылған құны жоғары түрлі шыны бұйымдары өндірістерін, ультражұқа шыны, автокөлік айналары және т.б. жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар екендігін жеткізді. Кездесу соңында аймақ басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс жасауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi.
Он бес жылдан астам уақыт ақпарат кеңістігінен түспей келе жатқан Қызылордадағы шыны зауытының іргатасы қаланған 2006 жылы британдық компаниямен келісімшарт жасалды, бірақ бұл компания кейін жобадан бас тартты. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілген тұста Қазақстанның инвестиция қоры мен «Бәйтерек» холдингі америкалықтармен бірлесіп, «Orda Glass LTD» серіктестігін құрып, 2015 жылы «China Triumph International Engineering Co» атты қытайлық компаниямен келісімшарт жасасты. Кейін америкалықтар да жобадан шығып қалды да, «China Triumph International Engineering Co» компаниясы зауыт құрылысын өзі аяқтады. Бірақ әлемді шарпыған пандемия зауыт құрылысы аяқталғанмен іске қосуға кері әсерін тигізді.

2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында зауыт іске қосылып, пеші қыздырыла бастады. Бірақ техникалық ақаулар себепті зауыт қарқынмен жұмыс істеп кете алмады. Әйтсе де 42 млрд теңгеге дейін инвестиция жасалған ірі жоба жүзеге асырылып, 2022 жылдың қазан айынан бастап Қызылорданың алғашқы шынысы шығарылды. Алдағы уақытта зауыт жанынан инвестиция көлемі 100 млрд теңгеге жуық 8 ілеспе кәсіпорын құру жоспарланған болатын. Оның үшеуі – шыны талшықтар мен композитті материалдар, айна және жұқа шыны шығару ісін жобалау жұмыстары басталған. Қытайға үкіметтік делегециямен іссасапар аясында «China Glass Holdings LTD» компаниясының президенті Лю Гуо мырзамен іскерлік кездесуде талқыланған мәселе де осы шыны зауытының айналасында жоспарлаған жұмыстарды жүзеге асырудың жайы болатын.

Өңірдегі ірі өндіріс орны былтыр 32 мың тонна өнім өндірсе, биылғы бірінші жартыжылдықта 75 мың тоннаға жуық шыны түрлерін шығарған. Қуаттылығы 200 мың тоннаны құрайтын өндірісте күніне 500-510 тонна шыны жасалып отыр. Ең бастысы, өнімге жан жақты сұраныс бар. Алдағы уақытта қытайдан бөлек неміс, түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд теңгені құрайтын 8 шағын ілеспе зауыт құру бойынша келіссөздер жүргізу жоспарланған.
«2022 жылдың 13 қазанында алғашқы дайын өніміміз шықты. Келесі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап энергия үнемдейтін шыны шығаруды да жоспарлап отырмыз. Мұндай өнім шығаруға 15 млн доллар инвестиция тартылмақ. Қазіргі кезде бұл жобаны бекітіп, қондырғыларды орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін шығарылған өніміміздің 40 мың тоннасы шетелге экспортталды. Біздің шыныларды құрылыста пайдалануға болады. Алдағы уақытта түрлерін көбейту жоспарда бар», – дейді кәсіпорынның өндірістік бөлім басшысының көмекшісі Ғалымжан Қуатов.

Биылдың өзінде өндіріс орны құны 6 млрд теңгені құрайтын 3,5 млн шаршы метр өнім шығарып үлгерген. Ал жыл соңында 140 мың тонна шыны шығару жоспарланған. Бірақ бұл зауыт қуаттылығының 71 пайызын құрайтынын да естен шығармау керек. Өнім шығару үшін пайдаланатын шикізат Арал мен Жаңақорғаннан әкелінеді. Одан бөлек зауытқа жылына 36 мың тонна кальцийленген сода Башқұртстан мен Өзбекстаннан тасымалданады.
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімінің «Қытай сода өнеркәсібі қауымдастығы» президенті Дин Чаоранмен кездесуінде шыны зауытының жанынан осы кальцийленген сода зауытын салу мәселесі айтылды. Шыны зауытының өндірісі үшін негізгі компоненттердің бірі – кальцийленген сода. Осыны ескеріп, шыны зауытына шикізаттың үзіліссіз жеткізілуін қамтамасыз ету және импортты алмастыру мақсатында өңірде кальцийленген сода зауытын салу жоспарланып отыр.
Қытай сода өнеркәсібі қауымдастығы 1987 жылы құрылған. Қытайдың барлық сода өндірушілерін, ғылыми-зерттеу және жобалау институттарын, жабдық өндірушілерін біріктіретін ұлттық ұйым.
Содаға сұраныс жылына орта есеппен 300-400 мың тонна, ал 2026 жылға дейін 1 млн. тоннаға дейін өседі деп болжануда. Кездесу барысында облыс әкімі осындай маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Бүгінде шыны зауытында жұмыс істейтін қызметкерлердің 70 пайызы – Қазақстан азаматтары, 30 пайызы – шетелдік мамандар. Қазақстандық мамандардың орташа айлығы – 404 мың теңге, ал шетелдіктердің табысы – 963 мың теңге. Мұндай айырмашылық шетелдік мамандардың шыны өндіру саласында он жылдан астам тәжірибесінің болуы және біліктілігінің жоғары болуымен түсіндіріледі. Өндіріс орны жетекшісінің айтуынша, қазақстандықтардың да біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жерлестеріміз де зауыттағы маңызды жұмыстарға араласа алады деп сендіріп отыр.
«Шыны зауыты индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған еді. Жалпы бұл өндіріс орнының іске қосылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 8 пайыз болса, құрылыс индустриясында 42,2 пайызы Қызылорда облысының үлесінде. Шыны зауытынан шыққан өнімдерге сұраныс болғандықтан биылғы барлық өнім игеріледі деген жоспар бар. Өндіріс орнына қосымша 8 ілеспе зауыт ашу да өзіндік оң үлесін тигізері анық», – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.
Қазіргі таңда шыны зауытында өнім шығарумен айналысатын қытайлық компанияның бұл салада 60 жылдық тәжірибесі бар екен. Жалпы саны 9 зауыты бар компанияның жетеуі Қытайда болса, бірі Нигерияда орналасқан. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы зауыттың да қарқыны жақсы деп отыр мамандар.
Айта кетейік, қазақстандық делегацияның Пекин сапары аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қытайлық «Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясының Басқарма төрағасы Цзэн Бинь мырзамен де кездесті. Кездесуде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
«Gepetto» компаниясы – мұнай және газ өндіруді ұлғайту бойынша технологиялық ғылыми-зерттеулерді және сервистік қызметті жүзеге асыратын қытайлық ірі кәсіпорын. Компания 50-ге жуық патенттелген технологиялар мен ғылыми-техникалық зерттеулер саласында халықаралық табыстарға жеткен.
Былтыр «Gepetto» компаниясының басшылығы облысқа іссапары аясында екіжақты кездесулер өткізіп, тиісті зерттеулер жүргізген болатын. Нәтижесінде Қызылорда қаласында еншілес компания құрылған. Тараптардың бұл кездесуі осы жұмыстардың жалғасы іспетті. Аймақ басшысы облыс аумағындағы мұнай кеніштерінің табиғи сарқылуына байланысты мұнай өңдіру көлемін арттыруда компанияның инновациялық технологиялары мен оң тәжірибесін ескере отырып, жергілікті мұнай компанияларымен бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды. Нәтижесінде өңірдегі мұнай кен орындарының тиімділігін ұлғайту және өнімділігін арттыру бағытында химиялық реагенттер өңдіру, арнайы мамандарды даярлайтын оқу бағдарламаларын құру және әлеуметтік жобалар бағытында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру мақұлданды. Кездесуде аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін маңызды жобаларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіндігін жеткіздi. Қытайлық тарап өзара әрiптестiк орнатуға мүдделі екенін айтты.
Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру барысында облыс әкімі Цзянсу провинциясының губернаторымен де келіссөздер жүргізді. Келіссөздің мақсаты – өңірлер арасында экономикалық, іскерлік байланыстарды кеңейту және дамыту, өзара тиімді ынтымақтастық орнату.
Аймақ басшысы облыстың агроөнеркәсіптік кешені, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, оның ішінде шыны, цемент, кальциленген сода өндірісі, логистика, туризм, мұнай-газ секторы, энергетика және т.б. салалардағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы баяндады. Қазіргі уақытта көптеген халықаралық компаниялар өнеркәсіптік кәсіпорындарын оқшаулау алаңы ретінде Қызылорда облысын таңдайтынын атап өтті. Облыс әкімі инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды және Меморандумдарға қол қоюға шақырды.
Облыс әкімінің Нанкин қаласының бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуінде де аймақ басшысы өңір экономикасының басым секторларындағы инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ Қызылордадағы Халықаралық бизнес үшін қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады. Іс-шара бизнес, қаржы ұйымдары, венчурлік қорлар және сауда қауымдастықтары инвестицияларын тартудың диалог алаңына айналды.
«Көріп отырғандарыңыздай, біздің ынтымақтастық алаңымыз кең. Біз екі өңір арасындағы өзара байланысты арттыруға бағытталған перспективалық жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Мемлекет тарапынан инвесторларға преференциялардың ауқымды түрлері ұсынылады», – деді облыс әкімі.
Қызылорда облысының басым салаларының әлеуеті, Орталық Азиядағы ірі экономикамен ынтымақтастықтың перспективалық мүмкіндіктері іс-шараға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Шетелдік инвестициялар үшін бәсекелестік артықшылықтар ірі компаниялар өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды.
Еске салсақ, ҚР Үкіметі мемлекеттік қолдау ретінде инвестициялық келісім-шарт шеңберінде жеңілдіктердің ауқымды пакетін ұсынды. Олар – кедендік баждардан босату, мемлекеттік заттай гранттар, салық жеңілдіктері, инвестициялық субсидиялар. Сондықтан қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен қолдау шараларын алу сүйемелденеді. Ауқымды және басым жобаларды іске асыру үшін әлеуетті инвесторларға барлық қолайлы жағдайлар жасалады.

А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
Қызылорда

 

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды