Әр жылдың басында Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен мемлекеттік құрылымды түгел жинап, олардың есебін тыңдайды. Бұл сынақта талай шенеунік сүрініп, Елбасынан жылы сөз еститіндері де бар. Әсіресе министр Бақыт Сұлтанов пен Жеңіс Қасымбектің жұмысына Президент әрдайым сын айтады. Бұл жолы да «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан жолдардың сапасының төмендігі үшін, құрылысқа жауапты «Қазавтожол» кәсіпорынының жұмысын қадағаламағаны үшін Инвестициялар және даму министріне «минус» деген баға берді. «Жұмыс орындағанда біз нормативке қараймыз.
Норматив баяғыда ескіріп қалған, нормативке емес, жолдардың сапасына қарау керек. Нормативпен салады, нормативпен ақша алады, бір кездері балабақшаларды да зәулім сарай қып тұрғызғаны секілді. Мемлекетте ақша пайда бола қалған кезде, бәрінің араны ашыла қалады. Сонда министрлік не үшін қажет? Саған сол үшін минус», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қашанда томаға тұйық қалпынан өзгермейтін ұлттық банктің төрағасы былтырғы жиында Елбасынан жылы сөз естігенді. Биыл олай болған жоқ. Лицензиясынан айырылып, жұмысы асқаған РБК мен Дельта банктің проблемаларына тоқталған Данияр Ақышевке Президент Әбілязовтың ісін мысалға келтірді.
«Қашан біз осы іске нүкте қоямыз? Әблязов бастаған БТА банк бәрінің көз алдында мемлекет пен халықтың ақшасын жаппай ұрлады. Бүкіл әлем бойынша біз мұны әшкереледік, мемекет ақшасын ұрлау екенін дәлелдедік. Ал қазір не? Банк құрдық, ұлттық компаниялар, адамдар барып жатыр. Енді осы акционерлер сол жерден ақшаны шығарып жатыр, ал Ұлттық банк болса қарап, сырттан бақылап отыр. Бұл қалай сонда?» , деді Н.Назарбаев.
Биылғы Жолдауында Елбасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысындағы кемшілікті тайға таңба басқандай көрсеткен еді. Осы отырыста тағы тоқталды. Өзін –өзі жұмыспен қамтығандардың нақты саны мен әлеуметтік мәртебесін қанша жылдан бері ешкім анықтай алмай отыр.
«Министр Дүйсеноваға талай рет айттым. Не болды енді Тамара, айтшы. Әлде шаршадың ба сен мына жұмыста?»,- деп сұрады Президент. Тамара Дүйсенова : «Бүгінгі таңда сіздің тапсырмаңызға сәйкес, 18 миллион азаматтың әлеуметтік статусын анықтап болдықСоның ішінде өзіңіз айтқан 2,7 миллионның ішінен жұмыс істейтін азаматтарды бөліп шығардық » деді ол.
Кеңейтілген Үкімет отырысында Қаржы минисрі Бақыт Сұлтанов орнынан қайта қайта тұруға мәжбүр болды. Өйткені, мемлекеттік бағдарламалардың бір шеті осы ведоствоға келіп тіреледі. Жекешелендіру бойынша былтыр 289 нысанның 190-ы сатылып, 108 млрд теңге табыс түскен. «Қаржыны бюджетке ме, әлде Ұлттық қорға жіберіп жатырсыздар ма?», — деп сұрады Назарбаев.
«Сіздің тікелей тапсырмаңыз бар. Жекешелендіруден түскен ақшаның бәрі толығымен Ұлттық қорға жіберіледі» деп жауап берді министр.
Алайда, Бақыт Сұлтановтың кедендік сала мен салық жүйесіндегі жұмысына Нұрсұлтан Назарбаевтың көңілі толмады. «Мен саған бүгін екінші ескерту жасап отырмын. Үшінші соңғы болуы мүмкін» деді Елбасы.
Реті келгенде Президент Үкіметке сыртқы қарызды азайту мәселесінде тапсырды. Кейінгі кезде еліміз тұрғын үйлер мен жолдың құрылысына көбірек қаржы алғанын айтты. Ал халықаралық терминдермен баяндама жасаған вице-премьер Асқар Жұмағалиевке цифрландыру бағдарламасын қарапайым тілде түсіндіру керектігін тілге тиек етті. «Сенің мына сөздеріңді қарапайым шаруа, механизатр түгіл осы жерде отырған оқыған азаматтарды түсінбейді» деді Мемлекет басшысы.
Президент өңірлердегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуында сынға алды. Науқаншылдықпен үйір әкімдердің жаңғырудың мән-маңызын түсінбегенін баса айтты.
«Кейбір әкімдіктер күнделікті өздерінің жұмыстарын «Рухани жаңғыру» аясында атқарып жатырмыз деп жариялайды. Мысалы, жыл сайынғы мерекелік жарыстарды, фестивальдерді, спорттық шараларды «Рухани жаңғыруға» жатқыза салады. Сонда олардың «Рухани жаңғыру» не екенін түсінбегені ғой?! Түкке тұрмайтын нысандарды қасиетті орындар деп айтуда», дейді Президент.
Жиында мемлекет басшысы медицина саласындағы жұмыстарды саралады. Денсаулық сақтау жүйесі бойынша Ақтқбе, Шығыс Қазақстан , Қостанай, Ақмола облыстарының әкімдерін де бір сілкіп алды. Себебі аталған аймақтарда медициналық мекемелердің интернетпен , ақпараттық технологиялық қамтылуы сын көтермейді екен.