Қоғамда балалардың құқығын қорғауда ювеналды полиция қызметкерлерінің атқарар жүгі салмақты. Бүгінгі таңда күштік құрылымның осы саласында нәзік жандар жемісті еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Талғар ауданы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Сымбат Таубалдиева. Тәртіп сақшысымен қауырт жұмыс арасында тілдесудің орайы туған еді. Сымбат Нұрболатқызы кезекті шақыртудан оралған беті екен.
– Ең әуелі жуырда аталып өткен кәсіби мерекеңіз – Полиция күнімен құттықтаймыз. Jas Qazaq оқырмандарына өзіңізді жақынырақ таныстырсаңыз. Полиция қызметкері болуға кім себепкер болды?
– 18 жасымда колледж тәмамдадым. Одан кейін Талғар аудандық прокуратурасында маман болып жұмыс істедім. Жұмысты атқара жүріп жоғары оқу орнында заңгер мамандығы бойынша оқып, диплом алдым. Содан соң өзіме-өзім сұрақ қойдым: неге мен заңгер болып елге пайдамды тигізбеске. Сөйтіп кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша учаскелік полиция қызметкері болып қызмет атқардым. 2016 жылы Талғар аудандық полиция басқармасына аттестатциялық сынақ тапсырып, іріктеуден өттім. Бүгінгі күнде Талғар аудандық полиция басқармасында еңбек етіп келемін. Енді осы мамандықты таңдауға кім себепкер болды дегенге келсек, өзімнің жан қалауым еді, мақсатым — елдің тыныштығы үшін еңбек ету. Полицияның формасын киіп сапта жүрсем деген бала күнгі арманым орындалды.
— Кейінгі өскелең жас буынға қандай кеңес айтасыз? Бүгінгі күннің полиция қызметкері қандай болуы керек?
— Бауыржан Момышұлы атамыздың «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар ғой. Ең бірінші тәртіпке үйрену керек. Полиция қатарына қосылдың ба, кез-келген сынаққа, оқыс оқиғаға іштей дайын жүруің қажет. Неше түрлі жағдайға тап келесің. Қиындығына төзе білгендер ғана ары қарай жалғастырып әкетеді. Себебі полицияда шақырту түссе кез-келген уақытта жұмысыңда болуың керек. Басқа сала секілді таңғы сегізден барып кешкі алтыда қайтып кеткеніңмен де шұғыл жағдай, оқыс оқиға туындаса сол жерден табылу – бұлжымас міндетің саналады. Дабыл сигналы да қосылуы мүмкін, түрлі шақыртулар күндіз де түнде де тынымсыз түседі. Міне, осындай ауыр жолды таңдаған әріптестерімнің еңбегі ерен дер едім.
– Ювеналды полиция қызметкерлеріне артылар жауапкершілік жоғары. Осы міндетті атқару барысында қандай балалар арасындағы кикілжіңдерді (конфликт) ұалай тоқтатасыздар?
— Иә, кикілжің болмай тұрмайды. Балалардың өзара дау-шары, үлкеннің кішіге тізесін батырар әлімжеттігі, бір-бірімен кектесуі деген секілді. Одан бөлек, бала мен ата-ана арасындағы сөз таластырудың да арты кикілжіңге ұласып жастады. 2014 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатырмын. Жұмысқа кірген кезден бастап өзіме-өзім серт бергем. Әр баланы өзімнің баламдай көруім керек. Сол мақсатта әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, терең сырласып, арғы әлемін көруге ұмтыламын. Содан да шығар, кейде өзіміз психологтың да шаруасын атқарып жүргендей күйде боламыз.
– Ювеналды полиция қызметкерлерінің міндеті балалардың заңдық құқығы мен мүддесін қорғау екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда атқарған жұмыстарыңыздың нәтижесімен бөліссеңіз. Қанша баланың заңдық құқығының тапталмауына жол бермедіңіздер?
– Нәтижелі жұмыстың көрсеткіші саналатын мысалдар жеткілікті жұмыс тәжірибемде. Бір қыз бала болды, анасы психодиспансерде есепке алынған, әкесі өмірден өткен, яғни толық емес отбасының мүшесі. Қыздың көп уақыты көшеде өтеді екен. Біз оны бірден есепке алып, Талғар ауданы әкімдігі жанынан құрылған кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі комиссия сараптамасынан кейін арнайы мектепте оқытып, тәртібінің түзелуіне профилактикалық жұмыстарымыз нәтижесін берді. Кейін сол қызымыз өзінің мектебіне ауысып келіп, орта білім алып шықты, тәртібі де түзелді. Өз тәжірибемізде сәтсіз жанұя деп атаймыз, отбасында ішімдік ішетін де жандар бар. Ондай отбасында баланың құқығы тапталмайтынына ешкім кепіл бола алмайды. Міне, осындай тағдырларға тығырықтан шығар жол сілтеп, заңдық тұрғыдан бағыт-бағдар береміз.
– Отбасындағы тәрбиенің кемшін соғуы балалар арасындағы қақтығыстың артуына себеп болып отырған жоқ па осы?
– Әрине, отбасындағы тәрбиенің, ата-ананың беретін тәлімі өте ерекше. Жасыратыны жоқ, бүгінде әке-шешесі таң атқаннан жұмысқа кетіп, кеш батқанда оралады. Үйде қалған балалардың телміретіні – телефонның ішіндегі ғаламтор. Қараусыз қалған баланың ғаламторға шырмалып қалатыны белгілі. Ол қандай контент көреді, кімге еліктеп өсіп жатыр? Бұған ерекше назар аударып, қадағалау жүргізу керек. Сабаққа келгісі келмейтін оқушылар да жоқ емес. Оларға да ата-ананың мейірімі мен тәрбиесі ауадай қажет. Қанша жұмысбасты болса да. ата-аналық парызын баланың алдында бәрі де өтеуге міндетті. Ал уақыты көп, қолы бос балалардың көпшілігі оқуға аса құлықты болмайды. Сондықтан да үйдегі тәрбиенің маңыздылығы, құндылығы, салмағы өте жоғары екенін ұмытпайық дегім келеді. Біз мұны әрбір кездесуде, мектепке барғанда әрбір балаға да, оның ата-анасына да айтып түсіндіруден жалыққан емеспіз. Баланың ішкі көңіл-күйін оның жанары айтып қояды. Көңіл-күйі жоқ балалардың отбасында қандай да бір кикілжің болғанын аңғару аса қиын емес.
— Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Қуан Көшек,
Алматы облысы