jasqazaq.kz

Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестік

29 қазан, 12:25

Қазақстан келешекте Суомиге (финдер өз елін осылай атайды – ред.) уран экспорттауы мүмкін. Брюссельден хабар тарататын nucnet.org порталы жазғандай, екі елдің атом энергиясы жөніндегі мекемелері осындай келісімге қол қойды.  Айта кету керек, Фин елінде жалпы қуаты 4394 МВт болатын екі атом электр стансасы жұмыс істейді. Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып, оның салқыны сауда-саттықты шарпығалы реакторларды ядролық отынмен тұрақты қамтамасыз ету өткір мәселеге айналды. Әсіресе, кәрі құрлықта. Ал Қазақстан осынау стратегиялық шикізаттың мол қорына ие. Содан болар, атом саласына маманданған интернет-басылым мұны іскерлік әлемінің сол күнгі ең маңызды жаңалығы ретінде жеткізді. Құжат осы салада білім мен тәжірибе алмасуды да көздейді. Бұл осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия президенті Александр Стубб арасында Астанада жүргізілген келіссөзде қол жеткізілген екі жақты уағдаластықтың бір парасы.

Бұдан бөлек, су ресурстары, туризм, тұрғын үй, қоршаған ортаны қорғау сияқты ұзын саны 15 құжатқа қол қойылды. Бұлардың арасында екі ел президенттерінің Бірлескен мәлімдемесіне айрықша тоқталған жөн. Онда Қазақстан мен Финляндия достыққа, өзара құрмет пен табысты ынтымақтастыққа негізделген 33 жылдан астам уақыттағы дипломатиялық қатынастар атап өтілді. Екі мемлекет серіктестігін одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға берік бейілдігін растады. Президенттер саяси диалогты нығайту, екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі кесек-кесек мәселелері жөнінде, сонымен қатар, ғаламдық және өңірлік оқиғалар бойынша мазмұнды пікір алмасты. Соңғысына қатысты Қазақ елінің ұстанымы Еуропа үшін аса маңызды екені әмбеге аян.

Әңгімені экономика, соның ішінде стратегиялық мәні бар саладан бастауымыз бекер емес. Бірлескен мәлімдемеде, сондай-ақ, сауда және инвестиция, цифрлық даму мен энергетика,  энергия тиімділігі мен экологиялық технологиялыр,  көлік логистикасы мен су ресурстары бойынша ынтымақтастықты тереңдету жайы айтылды. Қазақ және фин кәсіпкерлерлерінің қатысуымен Астанада өткен Бизнес-форумында да осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Бұл келіссөз де Қазақ елінің сыртқы саясатта ең алдымен ұлттық мүддені көздейтінін көрсетті. Атап айтқанда, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық Солтүстік Еуропадағы осы мемлекетпен қарым-қатынастың өзегіне айналуы тиіс. Бұл ретте  Қазақстан басшысының мына бір мәлімдемесіне айрықша назар аударған жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесуде «Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз» деді. Осы орайда Финляндияның  Metso компаниясының минералдық шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешім ұсынып жатқанын айтылды. Президент, сондай-ақ, елімізде иннвациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр қуаты өндірісінің икемді технологиясын енгізген Суомидің Wärtsilä компаниясына алғыс айтты. Жалпы қазір елімізде Tikkurila, , Nurminen, Metso, Valtra, Peikko сияқты әлемге танымал компаниялар табыспен жұмыс істеп жатыр. Ал өткен жылы Финляндияның біздің экономикамызға құйған инвестициясы 80 пайызға өсіп, жарты миллиард долларға жуықтады.

Сайып келгенде, Қазақ елінің Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестігі шынайы достық, өзара түсіністікке, орнықты даму мен өркендеу жолындағы ортақ ұмтылысқа негізделгенін паш етті.

Талап Тілеген

30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 15:26
Самат Қазақбаев: Масылдықты жоюға бағытталған шаралар Еңбек инспекциясының қатаң бақылауында
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
29 қазан, 12:25
Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестік
28 қазан, 13:58
Мақсат Халық: Қаржы сауаты қыруар шығыннан қорғайды
28 қазан, 12:33
Ерболат Ибрайханов: Әр ауылға таза су жеткізу – стратегиялық міндет
25 қазан, 19:21
Жайылымдық жердің жайы жалпыға ортақ