Су перісі (Фельетон)

22 шiлде 2016, 15:14

1

Астана мен Алматының аспаны түнеріп, «жылай» бастаса болды, көшелері көлге айналып шыға келеді. Бір күні осындай жылауық жаңбыр себелеп тұрған еді, екінші қабаттағы балконнан қарасам, көшелерді су қаптаған, адамдар қайықпен жүзіп жүр, айнала «керемет», балалар шомылып, бір-біріне су шашып ойнағанда… Анау бір кемпір суда қалқып барады. Жылт ете қалған күнге қыздырынып…

Бір кезде төменнен күбір-күбір, сыбыр-сыбыр естіліп, бірдеңе жыбыр-жыбыр еткендей бола қалды. Еңкейіп, көзімді подьезд алдындағы суға лақтырсам, күйеуім… Ойебай, күйеуім бір қызбен тұр!
– Әй! – дедім мен айқай салып, – көзіме көң, топырақ, құм салып тұрғаның қалай?
Күйеуім жоғарыға жалт қарады. Қыз ұялған болып, сағыз шайнап тұр. Оңбаған десе! Екеуі де тізелеріне дейін келетін жаңбыр суына қарамастан, құшақтасып тұрғандарын қарашы! Күйеуім қала әкіміне барамын, кіре алмасам, орынбасарларының біріне жолығып, «арықтар неге тазаланбайтынын» айқайлап айтамын деп шығып кеткен! Қарашы, оңбаған десе! Общым, еркектер адам емес!
– Әй, неғып тұрсың?
– Қатын, Русалкамен танысып қалдым… Мен емес, өзі бас салды… – деп міңгірледі күйеуім.
– Русалкасы несі?
– Су перісі ше?
– Ол неғып жүр мұнда? – деп сұрадым мен. Қаным қайнап, қызғаныштан өліп барамын. Подьезд алдына жүгіріп шығайын десем, екеуі қол ұстасып қашып кететіндей көрінді.
– Әй, сайқал! Менің күйеуімде нең бар? Кімсің сен?
– Су перісімін. Астанада да су перілері бар. «Подругаларымды» айтамын. Біздер жаңбыр жауып, көшелер көлкіген сайын жүземіз… Сендердің ит тірліктеріңе күлеміз! – деген су перісі құйрығын көрсетіп еді, көздерім жыпылықтап, жыным қалмады! Оның аяғы жоқ еді, балықтың құйрығын ғана көрдім!
– Кет деймін, менің күйеуімнің қасынан!
– Кетпеймін…
– Неге?
– Сол. Күйеуіңді бір көргеннен ұнатып қалдым.
– О, сүмелек! Былай тұр деймін, күйеуімді сүйме деймін!
– Жаңбыр жауса болды, Астана мен Алматының табиғаты керемет өзгереді! Астананың туған күнінде қандай нөсер болды, адамдар балыққа айнала жаздады! Тура Венецияға айналды! – деді су перісі сағызын қолымен созып, артынша шарға айналдырды да, тақ еткізді… – Келер жылы екі қалада да халықаралық деңгейдегі шара өтеді. Сол кезде нөсер жауын құйып жауса, шетелдік қонақтар қайықпен жүретін шығар? Құрбым жаңа хабарласты, шенеуніктер қаланың қақ ортасында балық аулап отыр дейді..
– Әй, менің Астанада жұмысым жоқ, мен Алматы тұрғынымын! Күйеуіме жақындама деймін! Мынау қайтеді-ей?
Жәй, күйіп кетемін де, шенеуніктеріңнің тірлігіне. Жаңбыр жауып, көшелер суға толғанда ғана қозғалады. Астанада бюджеттің ақшасына 130 техника сатып алыныпты, су сорады дейді. Сол ақшаны су арығын, кәрізді жөндеуге жұмсаса ғой!
– Иә, сөйтсе ғой! – деп қалды менің сүмелек күйеуім, – Алматы да мәз емес. Шенеуніктер 3 ай бойы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын арықтың барлығын тексеріп шығыпты. Соңғы 6 жылда оның небәрі 113 шақырымы ғана жөндеуден өтіпті. Жаңадан қосылған аймақтарда арық атаулы мүлдем жоқ. Ал сауда үйлері бар жүйенің тас-талқанын шығарыпты. Соны бақылайтын мекеме басшылары ваннада шомылып жатып, балмұздақ же-еп отыр ма екен, а?
– Әй, саған кім сөз берді?
– Өзім бердім! Қала әкімі түстен кейін миллиондаған теңге бөліп жатыр дейді. Естуімше, жұмыс жүз жылдан кейін аяқталатын көрінеді.
– Үйге қайт!
– Су перісі жібермей тұр…
Жыным келіп, төмен қарай зуладым! Есік алдына шықсам, екеуі де жоқ! Су жұтып кетті ме, жер жұтып кетті ме? Моторлы қайық тұр екен, «тыр-р-р» еткіздім де, қала әкімдігіне қарай тарттым. Сөйтсем, күзетшілер жібермейді.. Айқай салдым:
– Күйеуімді қайтарыңдар! Бәріне сендер кінәлісіңдер! Шайтан арба айдап мәз болғанша, халықты топан судан қорғаңдар!
Бір кезде: «Апай, сау болыңыз!» деген дауыс шықты. Қарасам, су перісі! Үлкен Алматы каналына қарай жүзіп барады… Кешіріңіздер, бәрі қиял ғой… Көше толы топан суға қарап тұрмын балконнан… Күйеуім қасымда шылым шегіп тұрған, аяғына резина етік киіп, көшеге шықты. Маған су перісін іздеп бара жатқандай, денем дір етті…
Әйелдің жан-сырын жазып алған:

Мұхтар ШЕРІМ

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс