Студенттің зары

02 қыркүйек 2022, 12:07

Жаңа оқу жылының басталғаны қаладағы көлік кептелісінің күрт көбеюінен-ақ байқалады. Автобус пен троллейбус жаздағыдай аузы-мұрнынан шыға бастады. Студент көп.

Студент демекші, Алматыға арман қуып келген жастарды жатақханамен қамту жағы қалай екен? Өйткені мүйізі қарағайдай оқу орындарын былай қойғанда, кішігірім колледждердің өзінде барлық студенттерді жатақханамен қамти алмай отыр. Қалаға ерте келгендері ұтып, алыс аймақтан жүгін арқалап енді жеткендер тұтылып жүр.

«Сценарий бойынша», соңғы бір айда шаһардағы пәтер жалдау ақысы күрт өсті. Жаз біте басқа өңірден оқуға келіп, жатақханадан орын ала алмаған студенттердің пәтер іздеп сенделетіні үйреншікті жәйт. Болашақ дәрігер Айгүл Аманбайқызы медициналық оқу орнына қабылданыпты. Қызылорда өңірінен келген бойжеткен жатақханада орын болмағандықтан, өзімен бірге тұратын студент қыздарды жинап, пәтер жалдауды ойластырып жүр.

«Алматыға оқуға түскеніме қатты қуандым. Бірақ «қайда тұрамын» деген алаңдау да болды. Алыс туыстарымыз бар, бірақ жақын араласпағаннан кейін оларды мазалай алмаймын. Ата-анам да жиған-тергенін беріп, туыс әпкемізге табыстап жіберді. Жатақханада орын жоқ. Оның үстіне биыл ауылдағылар мен көпбалалы отбасыларға басымдық беріліпті. Кешелі бері біздің универге түскен қыздармен танысып, ортақ чат аштық. Оқу орнына жақын жерден пәтер жалдамақшымыз. Сайттағы жарнамалардан қарап отырсақ, орталықтағы пәтерақысы өте қымбат екен. Бір бөлмелі пәтерді 4-5 қыз бірігіп жалдамақ ойымыз бар», – дейді.

Ақтөбелік Арнат Саятұлы биыл үшінші курсқа көшіпті. Ол өзі оқитын университет жатақханасында биыл үшінші жыл тұрып жатыр. Арнаттың айтуынша, жатақханада тұру қалтасына салмақ болмағанымен, сапасы мен жай-күйі сын көтермейді. «Бір бөлмеде төрт адам тұрамыз. Қыста терезе әйнегінен су сорғалап, қыс бойы шүберекпен сүртеміз де жатамыз. Еденнің асты көгеріп, линолеум әбден сарғайып кеткен. Ас бөлмені тарақандар жайлап алған. Жылда жөндеу жұмысы жасалады деп ескерткенімен, әзірге жаңарған жатақхана көрмей отырмыз. Бірақ, әйтеуір, жоқтан бар. Өйткені биыл грант көп бөлінген. Жатақхана іздеген студент көп. Көбі пәтер жалдауға мәжбүр. Біздің топта 25 адам оқысақ, соның бесеуі ғана жатқханада тұрамыз. Қалғандары туысын жағалап, пәтер жалдап жүр»,– дейді.

Жатақхана мәселесі биыл да біраз студенттің жаңа оқу жылын алаңсыз бастауына кедергі келтіретіні анық.

Былтыр 1,1 миллионнан студенттің 16 пайызы ғана жатақханаға орналасатыны жөнінде мәселе көтерілген болатын. Сол кездегі білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2022 жылы жатақхана мәселесі түбегейлі шешімін тауып, жаңа оқу жылында 37 жатақхана пайдалануға берілетіні айтылған. Өткен жылдан бері қанша жатақхана салынды? Әлі де салынып жатқаны қанша? Үкімет қандай тетіктерді пайдаланды? Жоспар іске асты ма? Көп сауалға жауап жоқ. Егер осы мәселелер шешімін тапса, сөмкесін сүйреп, тұрақ іздеген студенттердің қарасы азаяр еді.

Жоғары оқу орындарына тиесілі жатақханаға қатысты ресми мәліметтер мынадай:

Әл Фараби атындағы
ҚазҰУ – 15 122 орын
ҚазҰҚПУ – 4 500 орын
Абай атындағы ҚазҰПУ –
4 000 орын
Қ.Сәтпаев атындағы
Қаз ҰТУ – 3 000

Бұл, әрине, жеткіліксіз. Тамыз айының соңында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ректорлармен кездесуде студенттердің жатақхана мәселесін көтеріп, жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттер саны еліміз бойынша 90 мыңға жуықтауы мүмкін деген болжамын да айтты.

Былтырғы қажеттілік – 84 мың орын. Сарапшылар биылғы оқу жылына бөлінген грант санының көптігі, оқуға түскен студенттер санының күрт өсуі жатақхана мәселесінің биыл тіпті де өзекті бола түскенін айтады. Қалай айтсақ та, білім қуып келген студенттің дәл қазіргі бас қатыратын мәселесі – тұрақты баспана табу. Күзде пәтер жалдау бағасының шарықтап шығатыны белгілі. Мәселен, Алматыда бір бөлмелі пәтерді, коммуналдық төлемдерді есепке алмағанда, 150-200 мың теңге аралығында жалға береді. Бірақ үй иелері 3-4 адамнан артық тұрғызбайды. Ал екі бөлмелі пәтерде тұру – студенттер тұрмақ, отбасылы, жұмыс-жайы бар жандардың өзіне әжептеуір салмақ.

Бағасынан бөлек, пәтер табудың өзі бір қиямет. Күзге қарай оқу орындары маңындағы пәтерлердің бірі де бос болмайды. Риэлторлардың да ерекше жаланып шығатыны осы кез. Дайын үйді көрсеткені үшін қомақты ақша сұрайды. Алаяқтардың да асығы алшысынан түседі. Ауылдан келген аңқаудың ақшасын қағып алады да тайып тұрады. Кей студенттер хостел жағалауға мәжбүр. Ал хостелде сабақ оқуға жағдай қайда?

Болашақ мұғалім Алтынай Әлиева – оңтүстік өңірдің тумасы. ҚазҰУ-дің 4-курс студенті. Ол биыл да құрбыларымен пәтер жалдап тұрады. Алтынайдың айтуынша, пәтерді маусым-шілде айында тауып қоймаса, қыркүйекте баға шарықтап, оқу орнына жақын жерден пәтер жалдау қиынға соғады. «Мен төрт жылдан бері пәтер жалдап тұрамын. Шыны керек, бір бөлмелі пәтерді 8-9 қыз жалдап тұрған кезіміз болды. Қай ауданда қымбат, қай ауданда арзан, барлығын біліп алдық. Карантин кезінде де үйімізге бармай, қалада жұмыс істедік. Қазір бес құрбыммен «Атакент» маңынан бір бөлмелі пәтер таптық. Оның алдында тұрған бір бөлмелі пәтердің иесі жалға алу құнын екі есе өсіріп жіберді. Сондағы сылтауы – аудан қымбат, коммуналдық төлем қымбат. Біз оған дейін 4 қыз бірігіп 180 мың теңге төлеп келгенбіз. Енді қасымызға тағы бір қыз қосып бесеуміз 210 мың теңгеге бір бөлмелі пәтер таптық. Ата-анамыз көмектеседі, өзіміз де қосымша жұмыс істейміз»,– дейді.

Биылғы жаңа оқу жылында еліміз бойынша 89 мың студентке жатақхана жетіспейді.
Студентке тұрғын жайдың жетіспеушілігі рейтингін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары бастап тұр. Алматыда -37 мың, бас қалада – 14 мың студентке тұрғын жай керек. Бұл туралы еліміздің ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлімдеді. Аталған мәселені шешу үшін қазір 30 жоғары оқу орны қонақ үйлер мен хостелдердің иелерімен келісімшарт жасау мәселесін қарастырып жатыр. «Студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін 2018 жылдан бастап жаңа жатақханалар салынып жатыр.

Осы бастаманы іске асыру басталғаннан бері ЖОО-да 20 700-ден астам төсек-орынға арналған 93 нысан, оның ішінде 2022 жылы 1470 төсек-орынға арналған 6 нысан пайдалануға берілді», – деді Т.Ешенқұлов. Бірақ мұндай көрсеткіштен әзірге студентке келіп-кетер пайда жоқ.

Мақпал Ноғайбаева

Тақырыпқа орай

Талғат Жанысбай, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Алматы қаласы мәслихат депутаттары мен «Жастар рухы» қанатымен бірігіп жатақханалардың жай-күйін аралап көрдік. Жатақхана жетіспеушілігі өз алдына бір мәселе. Студенттерге берілген бөлмелердің күйі де көңіл көншітпейді. Тіпті 10-15 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Спорт және туризм академиясы, ҚазҰАУ жатақханаларының жағдайы нашар. Төсек-орын ескірген, едендері шіріген. Тіпті кейбір жатақханаларда кір жуатын мәшинелердің ақылы екендігі мәлім болды. Байқағанымыз, университет маңындағы жатақханалардың көбісі 2-3 қабаттық. Олардың орнына 9 қабатты жатақханалар салынса, орын тапшылығын шешуге болады. Алматы қаласы даму жоспарының 2025-2030 жылға арналған жобасында, 2025 жылға дейін 12 мың студенттерге арналған жатақхана салу жоспарда екен. 2017 жылы Алматы жастарының 4 жылға арналған даму жол картасы жасалған болатын. Сол жол картасында 2021 жылға дейін 12 мың жатақхана салу жоспарда енгізілген-тін. Бірақ бақылаудың жоқтығынан 12 мың түгіл,
3 мың орындық жатақхана да салынбады.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?