Қытай 12 жылдық білім беруден бас тартты

16 қыркүйек 2016, 13:15

20130905-132801-50

Адам мұраты – азаттық! Ұлт мұраты – тәуелсіздік! Тәуелсіздік мұраты – мәңгілік ел! Осындай ұлы мұрат арқалаған адамның, ұлттың, тәуелсіз Қазақстанның болашағы зор болмақ!

Ұлы мұраттардың бәрі түптеп келгенде, тек білім арқылы ғана жүзеге асатыны жасырын емес. Білімсіз адам – азат отанында да, азат өмір сүре алмайды. Не жалшылықпен күні өтеді, не надандықпен қылмыс өткізіп, өмірін қор қылады. Ал білімсіз ұлт – санасыз тобыр! Ол азаттыққа ұмтылмауы да мүмкін, ұмтылғанның өзінде стихиялы қарсылықтардан әрі аса алмайды. Ал білімсіз елдің қолындағы тәуелсіздік – көрген түстей баянсыз, алдамшы тірлік немесе мылқаудың қолындағы бомба тәрізді. Сондықтан, экономикаңыз, қорғанысыңыз, ұлттық қауіпсіздігіңіз, мәдениетіңіз, денсаулығыңыз, ішкі-сыртқы саясатыңыз, дамып-гүлденуіңіз, бейбіт, бай-бақуатты тірлігіңіздің баяндылығы – бәрі-бәрі білім-білігіңізбен тікелей байланысты. Бүгінгі біздер «қараңғы заман» санап жүрген сонау бағы, тағы дәуірлердің өзінде-ақ ата-бабаларымыз «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп айтып кетіпті. Демек, білімнің рөлі мен қызметі, қадірі мен қымбаты қай заманда да осал болмаған. Ал «Мәңгілік ел» болам деп отырған біз секілді жас мемлекет үшін білім-ғылымның орны тіптен ерекше. Ендеше, еліміздің білім беру жүйесінің қал-жағдайы туралы аз-кем толғанудың еш артықтығы да, әбестігі де бола қоймас.

14322508_1082191675200568_7973455133685183959_nЧэн Баошэң, Қытайдың білім министрі:
Біздің елдің білім жүйесінде реформа көп болды. Тәуелсіздіктен бергі білім жүйесіне жасалған реформаны санап тауыса алмайсыз… Бір қызығы, сол реформалардың бір де біреуінде, білім беру жүйесіндегі шешуші фигура, басты фактор – ұстаздың әлеуметтік жағдайы туралы айтылған емес.
Ал мына көрші Қытайда білім беру жүйесі ең кемінде 30-40 жылда бір рет жетілдіріліп, жаңғыртылып отырады. Мәселен, ҚХР құрылған 1949 жылы Мао мемлекеттік басқару институттарын тұтастай КСРО-дан көшіріп алды. Соған байланысты, басқасын айтпағанда, мектеп 10 жылдық, университет 5 жылдық болып белгіленді. 1978 жылы Дэн Сяопин билікке келгеннен кейін, Қытайдың білім жүйесін қайта қарап, мектеп 12 жылдыққа, университет 4 жылдыққа өзгертілген болатын. Сондай-ақ осы екі жолғы реформада да «ұрпақ тәрбиесінің желкені, «мектептің ұйтқысы – ұстаз» екендігі қаперден шығарылмай, ең әуелгі кезекте ұстаздың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылды. Соның нәтижесінде дарындар мансапқа емес, университетке, мектепке жүгіретін жағдай қалыптасты.
Ал содан 40 жылдай уақыт өткеннен кейін, Қытайдың жақында ғана тағайындалған білім министрі Чэн Баошэң мырза ҚХР білім беру саласын одан сайын жетілдіру туралы біраз жаңа ұсынысын мәлімдеді. Бұл жаңа министрдің жаңа ұсынысы қытай қоғамы тарапынан жаппай қолдау табуда. Себебі оның айтуынша, бүгінгі уақыттың қарқыны мен дәуірдің тынысына, заманның талабына байланысты қазіргі балалар мен жастарға білім берудің өзіндік талабы мен ерекшелігі қалыптасып отырғаны жасырын емес. Ол ұсыныстардың бастысы мыналар:

210610216
– Ұстазда абырой болмаса, ұлтта рух болмайды. Әлеуметтік жағдайының әлсіздігі ұстаздың өз жұмысына деген сенімі мен қоғамдық орнына әсер етеді. Баспанасының, машинасының кредитін жаба алмай жүрген, кеңірдегін асырай алмай жүрген ұстаздың «Білімді мыңды жығады…» деген сөзіне оқушысы қайдан сенсін?! Ол үшін оқытушылардың жалақысы жергілікті шенеуніктің жалақысынан 10 пайызға жоғары болу керек. Сондай-ақ сынып жетекшілері күн демей, түн демей, сыныбындағы оқушылардың артында жүреді, керек болса оқушылардың үйлеріне барып, ата-аналарымен кеңес құрады. Сондықтан учаскелік полицейлерге берілетін үстеме ақы сынып жетекшілеріне де берілуге тиіс.
– Қазір ұстаздардың қалыпты білім беруі, алаңсыз өмір сүруі қиындап барады. Өзге емес, білімге құлқы жоқ, тәртіпсіз оқушылар ұстаздардың ар-намысына тиеді, тіл тигізеді, қорқытып-үркітеді, жабылып сабап кетеді, тіпті өлтіріп кететін жағдайлар орын алып тұрады. Осыған байланысты «Ұстаздардың құқын қорғау туралы заң» қабылдануы керек.
– Мектепте сынып жетекшісінің атқарар рөлі ерекше. Осыған байланысты «сынып жетекшісі» міндеті – жарты ставкалық жүктеме ретінде есептелумен бірге, сынып жетекшісіне моральдық та, материалдық та ерекше жағдай жасалуы керек. Сонымен бірге арнайы сынып жетекшілеріне берілетін категориялар, атақ-дәреже болуы тиіс.
– 12 жылдық білім беруді күшінен қалдырып, мектепті 10 жылдық білім беру жүйесіне көшіру керек. Өйткені, қазіргі балалар өткен ғасырдағы балалармен салыстырғанда, ерте есеюде. Сондай-ақ қазіргі мектеп балаларының игерген ақпараты мен білімі де өткен ғасырдағы балалардан әлдеқайда мол екені жасырын емес. Сондықтан ағымдағы «Бастауыш мектепті 6 жыл, Орталау мектепті 3 жыл, Толық орта мектепті 3 жыл оқу (барлығы 12 жыл) жүйесі» – бүгінгі күні білім беру саласындағы басы артық шығынды көбейту мен жас ұрпақтың уақытына қиянат жасаудан басқа түк емес! Сондықтан бүгінгі уақыттың талабы мен заман дәуір тынысы бұрынғы 10 жылдық (бастауыш 5 жыл, Орталау мектеп 3 жыл, Толық орта 2 жыл) білім беру жүйесін қалпына келтіруіміз керек.
– Әсіресе соңғы жылдары жергілікті билік құрылымдары мектептерге оқу үдерісіне қажетсіз (кезеңдік саяси үгіт-насихат, сайлау т.с.с.) іс-шараларды тықпалап, ұстаздарға қысым жасап, олардың алаңсыз білім беруіне кедергі келтіруде. Мектептер мен университеттерді жергілікті биліктің қолшоқпарына айналдырмай, оқу орындарының таза білім берумен айналысуын қамтамасыз етуіміз керек.
Көріп отырғандарыңыздай, ҚХР-дың су жаңа білім министрі көтеріп отырған түйткілдің бәрі де, біздің елдің білім беру жүйесінде орын алып отырған өзекті мәселе емес пе?!
Ал біз осындай соқталы мәселемен айналысудың орнына «12 жылдыққа көшудің дайындығы», «Әліппенің» атын өзгерту, «Қазақстан тарихы пәнін» алып тастау… деген секілді «реформалармен» әлек болып жүрміз. ХХ ғасырдағы балалармен салыстырғанда, қазіргі балалардың ерте есейіп (физиологиялық, сана-сезім, ақыл-ой т.б. жақтардан) жатқанын ғылымның өзі мойындап отыр. Ал ақпараттық-технология заманының арқасында қазіргі жасөспірім балалардың игерген, жинақтаған ақпараты университет профессорын шаң қаптырып кетеді…
ҚХР білім министрінің ұсынысын біздің елдегі азаматтар, әсіресе білім министрлігі қаперіне алып, ақылға салып көргені жөн болар еді. Өйткені, экспериментті экономикаға, ауыл шаруашылығына т.б. жасауға болар. Бірақ ешқашан да білім саласымен ойланбай ойнауға болмайды. Өйткені, ол – біздің келешегіміз, ертеңіміз! Ойланбай ойнаймыз деп, келешегімізге балта шауып алмайық, ағайын!

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде