Спортты өркендету – өзге салаға өңгеріп жіберу емес

02 қыркүйек 2022, 11:55

Спорт саласын мәдениеттен бөліп, жеке-дара ведомство етіп құрылымдау мәселесі қоғамның талқысында тұр. Өйткені спорт – бейбітшілік елшісі. Мемлекет символы – Әнұранымыз шырқалып, көк туымыздың көкке көтерілуі екі жағдайда ғана орындалады. Ең алдымен, ел Президенті өзге мемлекетке ресми сапармен барғанда, екінші – спортшылар құрлықтық, әлемдік чемпионаттар мен Азия, Олимпиада ойындарында жеңіске жеткенде. Рухың алпыс екі тамырыңда тулап, ерекше күйге бөлейтін осынау сәтті сый етуші спортшылардың жетістігі – елдіктің ерен қуатының өлшемі. Қазақ спортының жоқшысы атанған журналист-жазушы, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлымен сұхбатымыз спорт саласындағы түйіткілдер төңірегінде өрбіді.

Jas qazaq: Несіп аға, сауалымызды мәдениет пен спортты бөлуден, ажыратудан бастасақ. Өзіңіз қазақ спортының жоғын іздеп, барын бақайшағына дейін байыптап жазып жүрген жоқшысыз. Былтыр өткен Токио жазғы Олимпиадасында біздің спортшыларымыз тәуелсіздігіміздің тарихында алғаш рет маңдайымен жер сүзіп, алтын түгілі, күміске қол жеткізе алмай оралғаны мәлім. Қоғамның қан қысымын көтерген осы жәйттен кейін де, оған дейін де спорт деген ауқымы сан қырлы саланы мәдениетке телімей, жеке ведомство ретінде құру қажеттігі айтылып келеді. Бұл мәселені өзіңіз де әлеуметтік желі арқылы, баспасөз беттерінде, түрлі сайттарда да айтып, жазып жүрсіз. Расында да, біздің спортымызға «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» екені айқын болып отыр.

Несіп Жүнісбайұлы: «Айта-айта Алтайды, Жамал апайымыз қартайғаны» секілді, бұл мәселені мен ертеден көтеріп келемін. Бұл пікірімнен ауған жоқпын. Спорттағы жетістігімізге бөркімізді ата қуанамыз. Әнұранымыз шырқалып, туымыз көкте желбірегенде арқа-басың шымырлап, кеудеңде намыс рухы көтеріліп сала береді. Құрлық біріншіліктері, әлем чемпионаттары, жазғы, қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларыңыздың жеңіске жетуі, шыңның ұшар басынан қол бұлғауы дегеніңіз, бейбіт жолмен дүниенің төрт тарабын мойындату деген сөз. Өйткені спорттағы жетістік, толайым жеңіс – бейбіт заманда өзге елдерден дәрежеңнің жоғары екенін паш ету. Осыны салмақтай отырып, бұл мәселеге мемлекеттік көзқараспен қарау қажет. Мемлекеттік көзқараспен қарау деген не?

Бұл дегенің спортты көрінген министрліктің қанжығасына бөктеріп беріп, көлеңкесінде ұстап, қанатын кеңге сермеуіне серпін бермей, бұғалықтау – мемлекеттік дәрежедегі кемшілік, тіпті қылмыс деп те айтар едім. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», осы сөзімді ешқашан жұтпаймын, пікірімнен айнымаймын да!

Өзіңіз сұраған спорттың дүбірлі додаларында соңғы жылдарда жер сүзе құлағанымыздың мәселесін бұтарлай талдап айтып та, жазып та келемін өз басым. Әзірге хәкім Абай атамыз айтқандай, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» болып отыр. Кешегі өткен Токио Олимпиадасында біздің спортшылар күміске қол жеткізе алмай, 30 жылдың ішіндегі ең төменгі нәтижені көрсетті. Бұл дегеніңіз – қазақ спортының кері кетіп, құлдыраудың жонында құлдилап бара жатқанының көрсеткіші, көрінісі еді. Рас, әлемдік пандемия килігіп, спортшыларымыз, әсіресе, олимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданатын, төрт жылдық додаға жолдама иеленген саңлақтарымыздың жаттығуына ковид кедергі болды дедік, басқа себеп пен сылтау да табылды. Мұның бәрі орынды себеп. Бірақ біздің Токио жазғы Олимпиадасына жердің бетімен барып, астымен қайтуымызға бұлардың ешқайсысы да нақты себеп емес. Енді мен мәнісін, аражігін мойын омыртқаны белдемеден ажыратқандай етіп айтып берейін. 2016 жылы біз спортты дамытамыз дедік те, мәдениет және спорт министрлігі деген мемлекеттік мекемеден алдық та, қоғамдық ұйым саналатын Ұлттық олимпиадалық комитетке өңгеріп беріп жібердік. Спортқа, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлеріне деп еншісіне иен ақша жазылған мекемені қоғамдық ұйымға қотардық. Барлық қаржы-қаражатымен. Бұл біздің ең басты кемшілігіміз, тіпті ең сорақы қылмысымыз дер едім. Ұлттық олимпиадалық комитет ешқашан да, ешуақытта да спортшыларды жазғы болсын, қысқы болсын, Олимпиада ойындарына дайындап, әзірлеп апарған емес. Халықаралық олимпиадалық комитеттің хартиясында тайдың тұяқ ізіндей таңбалармен жазылған қағидасы бар. Кез келген елдің Ұлттық олимпиадалық комитеті сол елдің ведомстволық спорт министрлігі дайындап, жаттықтырған спортшыларды тіркеп, киім-кешекпен, басқа да керек-жарағымен қамтамасыз етіп, Олимпиадаға әкеп қосуға міндетті. Ал Олимпиада ойындары кезінде сол спортшыларға Ұлттық олимпиада комитеті қожалық етіп, еге болады. Ал біз осындай олимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданатын спортшыларды әлемдік жарыстарға әзірлеуді, түрлі турнирлермен ту алмасып, келісім жасасуды, басқа да толып жатқан шаруаны министрліктен жұлып алдық та, Ұлттық олимпиадалық комитетке бердік. Жаттығу кестесін жүйелейтін, халықаралық турнирлермен байланыс орнататын мемлекеттік жаттықтырушы деген қызметкерлер министрлікте қалды. Бір аяғы өзеннің арғы бетінде, екінші аяғы бергі бетінде талтайып, еш қайран ете алмай тұрған адамның кейпін көз алдыңызға елестетіп көріңіз, біздің мемлекеттік жаттықтырушы деген азаматтар осындай күйде қалды. Осыдан кейін шаруа қалай оңады, нендей нәтиже күтесіз? Біз «соның арқасында» Токио жазғы Олимпиада ойындарынан көңіліміз көк тіреп емес, ойсырап оралдық. Жалпы Қазақ елі тәуелсіз ел ретінде жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бастап қатысып келеді. Содан бері қарай біз дәл осылай құлдыраған да, күйреген де емеспіз. Ең төменгі нәтижеміз еді деген Афина жазғы Олимпиадасында (2004 жылы) біз 39-орынды місе тұттық. Токио жазғы Олимпиадасында қазақ спортының «рухын өлтіріп, жаназасын шығарып жерлеп қайттық». Жалпыкомандалық есепте 83-орын. «Тары түгіл талқан жоқ, суға шылап жегенге» дейді қазақтың қара өлеңі. Алтын ала алмадық деп байбалам салуға шама қайда, күміске қол жеткізе алмадық қой біз.

Jas qazaq: Спортшыларға бөлінетін қаржы мен шаруаны тындыруды Ұлттық олимпиадалық комитетке, өзіңіз айтқандай, 2016 жылы өңгеріп бергенде біз нені көкседік? Осылай спортымыздың «жаназасын шығаруды» ма?

Несіп Жүнісбайұлы: Нені көксеуіміз мүмкін? Біз министрліктен бөліп алып, ҰОК-қа теліп жібергенде, спортшыларды дайындап, биік дәрежеге жеткізуді емес, сол салаға бөлінетін қыруар қаражатты оңды-солды шашуды, сайда санын, құмда ізін білдірмей, жымсыма жолмен жұтуды күйттеген екенбіз. Бұл мәселені дәл сол кезде дабыл қағып, Үкімет басшысының орынбасарына кіріп, алдына жайып салдым. Бұл қате байлам, келте қадамға баратын болсақ, спорттағы нәтижеміз құлдырайтынын, таяқ ұстап қалтырап қалатынымызды айтып қана қоймай, қағазға жазып апарып алдына жайып салдым. Мұндай тәжірибені, берекесіз тірлікті кезінде Ресей де іске асырып, маңдайы тасқа соғылған болатын. Олар ілгеріде Ұлттық олимпиадалық комитетіне әлгіндей шаруаны аударып беріп, бұл қадамдарының өте қисынсыз екенін дер кезінде ұғынып, кері қайтарып алған болатын. Біз де осы салада қате қадам басқанымызды кеш те болса бағамдап, биылғы жылдың басында мәдениет және спорт министрлігіне спортты Ұлттық олимпиадалық комитет деп аталатын қоғамдық ұйымнан қайтарып алдық.

«Спорт саласын, оның ішінде үлкен спортты дамытамыз» дегенді желеу еттік те, осы саланы әр ведомствоға мінгестіруді «модаға айналдырып» алғанымызға да он жылдан асты.

Jas qazaq: Он жыл бұрын біз Лондон жазғы Олимпиадасында айды аспанға шығарған жоқпыз ба! Қазақстан спортшылары тарихта бір ғана Олимпиаданың жеті бірдей алтынын олжалаған емес. Міне, сол көрсеткішке осыдан бір мүшелге жуық уақыт бұрын қол жеткіздік. Артынша, бұл қуанышымыз су сепкендей басылып қалды, өйткені халықаралық олимпиадалық комитеті допинг дауына байлап бір емес, бірнеше спортшымыздың мойнынан алтындарын сыпырып алды.

Несіп Жүнісбайұлы: Лондон жазғы Олимпиадасында біз жеңістен тау тұрғыздық. Одан кейін халықаралық олимпиадалық комитеті іле өзің айтқандай, төрт бірдей алтын медалімізді сыпырып алды. Мен мұның көптеген себебін білемін. ХОК деп айтып жүрген комитетіңіздің билігін ұстап отырғандардың миының қауашағы кеуіп кетпесе, санасында сәуле болса, 2012 жылы жеңіп алған алтын медалімізді 2016 жылы даулайтындай не құны бар? Тексергіш болса, иненің жасуынан да жымысқы әрекетіңді өткізбейтін ұйым болса, неге сол Олимпиада өткеннен кейін тексермеді? Мұның үлкен саяси астары бар. Өйткені тексеремін десе, 2012 жылдан 2015 жылға дейін неге қанымызды қарамады? Шын мәнінде, біздің спортшыларымыз допингті малта секілді ұртына салып жүрсе, сол кезде табуы керек еді. Мен бұл мәселеде екі себепті атар едім. Оның біріншісі сол кезде ХОК (халықаралық олимпиадалық комитет) спортшыларымыздың қанын таза деп ақтап жіберу үшін қомақты пара алды, не болмаса, Ресейді тұқырту үшін оның айналасындағы посткеңестік елдердің де «басына әңгіртаяқ орнату қажет» деген есерсоқтық түсінік қалыптасты. Меніңше, біздің спортшыларымыз қосақ арасында кеткендей сезіледі. Мен бұл мәселенің қоясын ақтарып отырып, 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасының қорытынды қайырымы іспетті «Мәңгілік олимпиадалық бағыт» («Вечный олимпийский маршрут») деген кітабымда жаздым да.

Jas qazaq: Допинг дегеннен шығады, бүгінгі спорттың өзіне саясат дендеп сіңіп, тіпті басым күш алып бара жатыр. Бүгін бетін берген түсінік ертең жалт етіп сыртын тосады. Күш-қуат жинау үшін, спорттық бабыңда болуыңа болысатын рұқсат етілген дәруменді бүгін ішкен спортшының қанынан қырық күннен кейін «допинг табылатын» заман қазір.

Несіп Жүнісбайұлы: Адам спорттағы өзінің табиғи күш-қуатының дәрменімен жетер шыңына шықты. Енді ойлап қараңыз, 100 метрді 5,58 секундта жүгіріп өту, биіктікке ырғығанда 230 метрден асып түсу адам ағзасының шегінен асып бара жатыр. Біз болашақта бұдан да үздік нәтиже, жаңа рекордтарды күтіп, алақан ысқылап отырмыз. Бұған жетудің жолы екеу: біріншісі – медициналық дәрі-дәрмек, екіншісі – тағамдар. Ал бұлардан да «қарулысы» – допинг. Демек допингсіз үлкен спорт ары қарай дамып, ілгері баспайды. Допингті ойлап тапқанда-ақ дамыған елдер оны тұтынған адамның қанынан да, зәрінен де ізін қалдырмай, жойып жіберетін дәрі ойлап тапты.

Лондон жазғы Олимпиадасына қатысатын спортшыларымызды баптау, дайындау, басқа да қажетті шаруаларды атқаратын спорт министрлігін сол кезде Талғат Ермегияев басқарып, жазғы Олимпиадаға өзі бастап барды. Біз жалпыкомандалық нәтиже бойынша әлемнің таңдайын қақтырып, қызғанышының қызыл итін ұлытып, 12-сатыға тұрақтадық. Мен сол кезде-ақ айтқанмын, Талғат Ермегияев Лондондағы толайым табысқа жету арқылы жеңімпаздық психологиясын алып келді деп. Біз бұрын көбіне Кубертен айтқандай, «ең бастысы, қатысу» дегенге мойынсал болуға бейіл едік. Спортта қазір бізге осындай жеңімпаздық рух керек.
Jas qazaq: Өзіңізде еліміздегі ауыл спорты қоғамының төрағасы деген қоғамдық жұмысыңыз бар.
Несіп Жүнісбайұлы: Министрлікпен алғашқы жылдары тізе қосып жұмыс істеп көрдік, кейін қаржылық қиындықтар болды. Үкімет басындағыларға, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысына дейін хат жазып, ауыл спортына қаржы сұрадым. Алған жауабым – «қаржы жоқ». Сол кезде «Астана» велоклубына 21 миллион, «Астана» баскетбол клубына 12 миллион, «Астана» футбол клубына 20 миллион еуро төлеп қаржыландырды. Жарайды, футбол әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі, оған дау жоқ. Ала допты дамыту үшін аянып, сараңдық таныту жарамас. Ал велоклуб, баскетбол клубтарының сапында қаракөздеріміз жоқтың қасы. Жаңағы айтқан қаржыға біз шетелдің спортшыларын сатып алып, терінің өтеуіне орасан қаржы шығындаймыз. Ал осындай салаға бөлінген қаржының оннан бір бөлігін ауыл спортына қарай аударуға неге қазымырлық танытамыз? Міне, Үкіметке де, «Самұрық-Қазынаға» да жолдаған хатымда осы мәселені соқырға таяқ ұстатқандай етіп, тізіп жазып бердім. Алған жауабым әлгіндей. Бұдан кейін «ауыл спортының ахуалы қалай» деген сауалыңа жауапты өзің бағамдарсың.

Jas qazaq: Өзіңіз жетер жерге жеткізіп, айтып жүргендей, спортты мәдениеттен бөліп, басқа да салаға қосақтамай, дара ведомство ретінде құрылымдау қажет қой. Қыр астында Париж жазғы Олимпиадасы күтіп тұр.

Несіп Жүнісбайұлы: Егер спорт саласын жеке министрлік етіп құруға әліміз келмесе, агенттік, болмаса мемлекеттік комитет етіп отауын тігу керек. Сонда спорттың дамуын, жарысқа қатысу жоспарын, балалардың спортпен шұғылдануын еркін жобалай алады. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дейді. Өйткені екі бірдей ауқымды салаға бөлінген қаржыны жұмсауда да дорбаның түбі тез көрініп қалады. Сондықтан да біз қалайда спортты жеке-дара құрылымдауымыз керек. Ақылымды тыңдаса, спортты жеке министрлік етіп құрған дұрыс. Оның құрамына спортшыларды Азия, әлем чемпионаттары, Азия Олимпиада ойындарына қатысуды қамтамасыз ететін комитет енуі тиіс. Одан кейін екінші бағыт – бұқаралық спорт, ұлттық спорт, ауыл спортын дамыту, көркейтіп, гүлдендіру ісін ілгері бастыруды екінші бір комитетке жүктеуіміз керек. Сонда ғана ісіміз оңынан болады. Бүгінде ауыл-ауылдың спортын, бұқаралық спортты дамыту дегенде біз жекелеген атымтай-жомарт азаматтардың, демеушілердің қаржысына салынған стадиондар мен шағын ғана спорт кешендерін сөз етеміз. Мысалды алыстан іздемей-ақ, өзімнің кіндік қаным тамған ауылдың басындағы кепті айтайын. Мен өмірге келген 1950 жылы бұл ауылда спорт кешені жоқ еді. Міне, арада 72 жыл өтті, әлі сол таз қалпында. Осы жылдар бедерінде үш жылды қатарынан «Ауыл жылы» деп жарияладық. Одан қандай шарапат көрдік? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру тұсында ауылдағы кітапхана, мәдениет үйіне дейін тоналып, қирап, талан-таражға түсті. Бала күнімде ауылдың кітапханасына жаңа кітап түскенде кітапханашы апайым хабаршы жіберіп, жаңа туындыларды оқып, танымым кеңейді. Қазір сол ауылымда мәдениет үйі де, кітапхана да жоқ. Ал біз «ауыл жылы» дейміз. Сол «мәдениет үйін, кітапхананы, спорт кешенін салдырсам» деп әкімдікке хат жазып, емен есіктерді ашудан жалықпай келемін. Мұның барлығы да маған емес, ауылымда қалған ағайынға, қарасирақ балаларына керек. Мен өмірден өзіме тиесілі сыбағамды алдым, бұйырған қызықты да, қиындықты да көрдім. Кіндік қаным тамған ауыл Балқаш көлінің бауырында. Үштөбеден шыққан қара жол біздің ауылға келіп тіреледі, арғы жағы – айдын көл. Міне, осы ауылдың балалары спортпен шұғылданса, кітапханада керекті кітабын оқыса деген арманымды іске асырсам деген ойды арқалап жүрмін. Әкімдіктегілердің айтар жауабы, шығарып салма сөзі созыла береді, созыла береді. Ал оған менің өмірім ұзара ма? Менің көзім кеткен соң, бұған кім қызығып, ақырына жеткізеді?

Үлкен спортты дамытамыз десек, спортқа маманданған, спорттық ғылыммен ғұмырын қатар өрген, өз саласының білгір сұңғыла мамандары жұмысты қолға алғанда ғана біз осындай түйткілді мәселелердің соқтасын сығып, жарасын жазып алатын едік. Айқаймен үлкен спортта жеңіске жету мүмкін емес, мүмкін болмайды да!

Елімізде спортты зерттейтін бір ғылыми-зерттеу институтын ашу қажет дегенді таңдайым тақылдап айтып жүргеніме де қанша уақыт өтті. Ешбір қайран жоқ. Әлемде спорттық медицина көз ілеспес қарқынмен дамып жатыр, сәт сайын жаңарып, жаңғырып келеді. Біздің спортшыларымыз тұтыла беретін допингтің де түр-түрі шығып, сөреде самсап тұр. Біз спорттық ғылыми-зерттеу институтын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ашуымыз керек еді. «Қолымызды мезгілінен кеш сермеп» отырмыз әлі күнге. Жаңа 2024 жылы өтетін Париж жазғы Олимпиадасы да жақын қалғанын айттың. Біз спортшылардың әлеуетін ғылыми негізде дамытып, өркендетіп, жарата алмай отырып, жоғары нәтиже күтуіміз қаншалықты ақылға қонымды өзі?

Jas qazaq: Үлкен спорт, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерінен жоғары нәтижеге жете алмауымыздың бір себебі бапкерлердің деңгейіне байланысты емес пе?

Несіп Жүнісбайұлы: Жанымыз бір, жүрегіміз бір соққан жолдасым, жан досым Жақсылық Үшкемпіровтің арманын біз орындай алмадық. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық бауырым «Менің арманым – қазақ баласының жазғы Олимпиада алтын медалін жеңіп алғанын көру, қызығына ортақтасу» деп еді. Біз оғланның ұлы арманын көзінің тірісінде бұйыртпадық күрес түрлері бойынша.

Бапкерлердің деңгейінің жетпейтіні туралы пікірді қостаймын. Адам үнемі ізденісте, оқуда, тоқуда өседі, өресі кеңейеді. Шәкіртін бала күнінде баптап өзінің шама-шарқы жететін деңгейге жеткізгеннен кейін ары қарай басқа маманға табыстауы керек. Ал ол маманның білімі мен білігі әлемнің үздік жаттықтырушыларымен шендесе алуы тиіс. Егер ондай деңгейге жететін дәрежеміз жоқ болса, шетелге жіберейік, болмаса, спорттағы жеңісі шарықтап тұрған елден бапкер шақыртып, үйренуіміз керек. Сонда біз нәтижеге қол жеткіземіз.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?