Тариxқа «Тың игеру» деген атпен кірген кеңестік алашапқын науқанға қатысты әлі де айтылмай жүрген ақиқат көп. Қазақ даласына тың игеруге келген еңбекқор, дос пейіл жандармен қатар тұрғылықты xалыққа тізе батырғысы келетін кеудемсоқ бұзақылардың болғаны да жасырын емес. Көкше өңіріндегі тілшіміздің мақаласында сондай тентектерді тәубеге келтірген намысты азаматтар туралы баяндалады.
Арқа даласын ту-талақай еткен тың игеру науқанының зардабын көзі көрген куәгерлер әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Біздің Айыртау өңірінде келімсектердің қорлығы күні бүгінге дейін сайрап жатыр.
Алыстан мұнартып Жаман Жалғызтау көрінеді. Етегін жалап Қамысақты өзені ағып жатыр. Шөліркеген даланың шөлін бассын деп жаратқан ие әдейі дәл осы жерден бұйыртқан тәрізді. Басы қияндағы Жақсы Жалғызтаудың бауырынан басталады деседі. Бұрала ағып, құлдилай құлап Есілге құятын көп саланың бірі. Келімсектердің қорлығын ең алдымен осы өзен көрген. Ол былай: тың игерудің алғашқы жылдары талайлар жөңкіле көшті емес пе. Бір өкініштісі, олардың қонысы Көкше өңіріндегі небір сулы, нулы, жеміс-жидегі мол өңірге түсті. Жалғызтаудың етегінде Лавровка, Антоновка, Карасевка тәрізді қоныс пайда болды. Ең әуелі суы бал, жағасы жұмақ, балығы тайдай тулаған Қамысақты өзенінің бойындағы құйқалы, қара топырағына жетек шаншысаң, арба өсіп шығатын құнарлы жерге қазық қақса керек. Былайғы жұрт, ел иесі, жер иесі кейін ысырылып, қағажу қалған.
Әлгі тың игеруге келгендер қолды бірден тұмса табиғаттың тұнығына салған ғой. Айыртаудың даласын қақ жарып еркедей елітіп, қыз бұрымындай болып мың бұралып ағатын өзенді әлденеше жерінен тоған салып тоқтатып тастаған. Кейін көктемде ғана тіршіліктің нышаны байқалып, қар суымен толыққан соң тулап ақпаса да, арнасы толып, ажары кіріп қалатын Қамысақты өзені сол жылдардан бері солықтай солып, суы тартылып, өзекшеге айналған.
Қамысақты өзенінің бойын қалың Қарауыл жайлаған. Соғыстың зұлматы ел жадынан біржола шықпаса да, енді-енді ес жиып келе жатқан шақ. Құлагердің шабысын көрген, Ақан серінің ән әуені аспанында жаңғырып қалған Айыртау жерінде елуінші жылдардың бел ортасында аракідік болса да ел еңсесін көтеретін жиын-той өтіп тұрады екен. Қылқұйрықтының әбден азайған тұсы. Иен даланың көркі – жылқы жарықтықтың жаңа ғана көбейіп келе жатқан шағы болса керек. Тереңөзек ауылында тұқымы бөлек, жаратылысы ерек Қанжирен деген ат болыпты. Ел ішіндегі шағын бәйгелерде алдына жылқы салмайды екен. Ат иесі белгілі балуан – Тоқтауыл.
Тоқтауыл балуанға байланысты ел аузында сақталып қалған аңыз да көп. Тың игерушілер алғашқы өнімін жинаған қоңыр күз екен. Қамысақты өзенінің жағасындағы қырман тау-теңіз қызыл бидайға толыпты. Бірден тасып әкетуге күш кем, Көкшетауға кірелеп түйемен тасиды екен. Қазір ғой бұл төңіректің түйені таңсық көретіндігі, әйтпесе, ол заманда жарықтықтардың елге еңбегі әбден сіңген ғой. Айналасы жүз шақырым жерге үш қонып әрең жететін көрінеді. Қырман басында екпіні үй жыққандай әлгілер кеу-кеулеп, жергілікті жұртқа билік бермейді.
– Ол кезде бидайды қолмен ұшыратынбыз, – дейді Есей ақсақал, – Он үш жастағы ұлмын ғой, бәрі көз алдымда. Бір күні тақтай басқышпен көз мөлшерімен алғанда 7-8 метр биіктікке бидайды көтеріп жүрген Тоқтауыл балуанға әлгілер киліксін. Кенеп қаптың үлкендігі соншалық, ішіне 120-130 келі бидай еркін сыятын. Нақ себебі есімде жоқ. Тоқтауыл балуанмен сөзге келісіп қалған соң балуан екі қапты екі иығына салып алып, биікке шығарды. Сол жолы «қонақтар» қазақтың аптал азаматының бойында қаншалықты күштің бұйығып, бұғып жатқандығын көрген болатын. Бірақ сабақ алмапты.
Есей ақсақалдың айтуына қарағанда, ол кезде қазақ даласында адалдық тұнып тұрған. Мәселен, ауыл үй іші әлдеқайда шыға қалса, есігін құлыптау деген болмайды екен. Әншейін ала жіппен байлай салады. Бұрынғы қазақтың ұғымында ала жіпті аттауға болмайды дейтұғын түсінік бар. Қазақтың ол түсінігін жартысы сотталған, жартысы сотталуға жақын жүргендер қайтсін, күн сайын тонау, ұрлық, жуас, момын елді басыну. Жаз ортасы екен, келгендеріне жылдан асып кеткен, халықты басынған әлгілердің қаһары күшті. Түс әлпеті болса керек, шоқ жұлдыздай шағын ауылдың шеті қасқыр шапқан қойдың отарындай шу ете қалады. Сөйтсе, удай мас болған бір тобы ауылға кірген. Біреуі семіртуге қойған ісекті арқалап бара жатса, енді біреуі тауық қуып жүр. Жұмыс уақыты болған соң ауылда ер-азаматтар жоқ, жалғыз Тоқтауыл балуан ғана әлдебір себеппен үйінде болса керек.
Қой иесі әйел әлгінің қолына жармасқан деседі. Анау бір алып екен, кеудесін жүн басқан, бұқа мойын, екі білегі жөпшеңді адамның балтырындай дәу. Ісек қойдың сирағынан ұстап, мал менікі деп бажылдаған байғұс әйелді жуан жұдырығымен салып қалғанда мұрттай ұшыпты. Омырауын қан жуып кетсе керек. Малын айырып алмайтынына көзі жеткен байғұс әйел ауылдағы жалғыз еркек кіндікті Тоқтауыл балуанның үйіне жүгірген. Келе салып, көкірегінде бар запыранды, ашу-ызаны ақтарып салған ғой. Бүйтіп еркек болғаныңа болайын, мыналарға басындырып қоясыңдар ма?! Осы жалғыз ауыз сөздің астарында бір жыл бойы көрген қорлық, ашу-ыза жатса керек. Олардың кердең басқан қылығын балуан да көріп жүрген. Дәл осы сәтте қолтығынан әлгі әйелдің мұң-зары көтергендей құрақ көрпенің үстінен атып тұрыпты. Абырой болғанда, Қанжирен қаңтарулы тұр екен. Ерттеп мінуге уақыт жоқ, жайдақ шапқан. Қолында босағада ілулі тұратын ақ сойылы. Жер танабын қуырған жарау атқа сөз болып па, көзді ашып-жұмғанша мейманасы асып, момын қазақты басынып тұрғандарға жеткен. Сөйтсе, бір өңкей сұсты түрлерінен жай адамның иманы қасым болатын бұзақылар дейді. Атты балуанды көріп, қарқ-қарқ күледі. Ашу үстіндегі балуан қасқыр соғатын әдетімен ат екпінімен ұшыртып келіп, қақ сойылмен алғашқы дәудің шүйдесінен тартып кеп жібергенде, кісі менсінбей тұрған неме кескен теректей опырылып түскен. Дәл осы сәтте епсектілеу біреуі шылбырға жармасыпты. Ат үстіндегі балуан әлгінің кеудесінен шірене теуіп келіп жібергенде, алапат күштің бет қаратпас лебімен шалқасынан түссе керек. Балуанның екпінін көрген бұзақылар бет-бетімен қашқан. Жылқы жарықтық та сезімтал мал емес пе, көкпарға түсіп көрмесе де бәйгенің алдын бермеген һас жүйрік жаяу жауды қарға адым жер ұзатпаған. Өне бойын ашу кернеген балуан он жетісін ұрып жығыпты. Сау қалған бірі жоқ. Кейін тергеу-тексеру басталған. Тың игеруге келгендердің қорлығынан елді қорғаған, бір өзі 17 адамды ұрып жыққан балуан кінәлі болып шығыпты. Аудандық сот бірнеше жыл кесіпті.
Иесі сотталып кеткен соң қолтығы сөгіліп бір шаппаған Қанжирен ат жетім қалыпты. Арада жарты жыл өткен соң Қамысақтының бір аңғарынан өлімтігін тапса керек. Ауыл адамдары әрі төңкеріп, бері төңкеріп қараса, ажалы кісі қолынан болғанға ұқсайды. Шекесі жарылған, жамбасы сынған, өзге денесінде де сау-тамтық жоқ. Ел іші ажалдың келімсектерден келгенін сезген. Бірақ дәлел жоқ, әрі неге екенін кім білсін, сол кездегі тексеру органдарының бүйірі аналарға бұрып тұратын болыпты.
Балуан араға 10 жыл салып оралған. Түрмеде көкірек ауруына шалдығыпты. Көп ұзамай қайтпас сапарға аттанады. Арада қанша жыл өтті. Жер танабын қуарған жүйрік те, ауыл-елін басыну мен қорлаудан қорғаған балуан да ұмыт болды.
Есей қария «Бір өкініштісі, артында ұрпағы да қалмады. Мүмкін, өз жерін, өз елін қорлықтан қорғаған осындай батырлардың ерлік ісі ұмыт қалмауы үшін қалқайтып бір ескерткіш қойса да болар еді. Кімге қоймай жатырмыз?!» – дейді. Әй, қайдам?..
Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы