Елімізде электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды. Оның қорытындылары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғарғы аудиторлық палатаның отырысында қаралды, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Жоғарғы аудиторлық палата баспасөз қызметінің мәліметінше, аудиторлық іс-шаралар: энергетика министрлігін, «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ және
«Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС және басқа да ұйымдарды қамтыды.
Энергетика министрлігінің дерегінше, елімізде 233 электр станциясы жұмыс істейді. Дегенмен республика бойынша электр энергиясына сұраныстың 78 пайызы жылу электр станцияларының есебінен қамтамасыз етіледі. Газтурбиналық станциялардың энергия өндірісі артып, олардың үлесі 9,6 пайызға жетті. Гидроэлектр станцияларының жалпы электр энергиясын өндірудегі үлесі шамамен 8,5 пайызды, а жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,9 пайызды құрайды.
Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындысында өңірлерде энергия өндіру мен тұтыну арасында теңгерімсіздік бары атап өтілді. Қуаттың басым бөлігі солтүстік аймақта орналасқан, ал тұтыну көлемінің төрттен бірі оңтүстікке тиесілі. Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары ғана өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыр.
Энергетика саласындағы негізгі проблемалардың бірі – саланың дамуы үшін белгіленген жоспарлар мен іс-шаралардың орындалмауы. Атап айтқанда, тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз ету, активтерді жаңғырту және т.б. Сала әлі де шетелдік жабдыққа тәуелді.
Электр энергиясына сұраныс артуда, ал генерациялық станциялар тозып жатыр. Көбі кеңес заманынан бері жұмыс істейді. Олардың өнімділігі төмендеп, апат тәуекелі артып келеді. Жалпы елдегі барлық энергия өндіруші қуаттардың тозу деңгейі 55%, ал электрмен жабдықтау желілерінің тозу көрсеткіші 76 пайызға жеткен.
Салада шамамен 4,5 мың маман жетіспейді. Негізгі себептері – жастардың қызығушылығының төмендігі және жалақының аздығы.
Энергетика министрлігінде электр энергиясын өндіру мен өткізуге кеткен шығындарды мониторингтеу функциясы жоқ. Бұл энергия компаниялары үшін шекті тарифтердің негізділігіне әсер етеді.
Аудит шекті тарифтерге, қуат пен теңгеруші нарықтағы тарифтерге қатысты кемшіліктерді анықтады. Электр станциялары үшін тарифтер жария тыңдаусыз бекітіледі, ал сметалар мен есептер жарияланбайды.
«Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ (KOREM) теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату бойынша есеп айырысу орталығы ретінде белгіленген. Бірақ бұл операциялар ақпараттық қауіпсіздік бойынша тестілеуден өтпеген және өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген бағдарламалық қамту арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Теңгерімдеуші нарықтағы тарифтер кейбір мәндерді таңдауда таңдаушылық пен субъективтілікке жол беретін формулалар негізінде бекітілген. Соның нәтижесінде тариф 34,7 млрд теңгеге негізсіз арттырылып, бұл шығынды түпкілікті тұтынушылар өтеген.
Электр энергиясы нарығында провайдерлердің саны артып келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 18 заңды тұлғаға жеткен.
Олардың қызмет құны реттелмейді, ал жеткізілетін электр энергиясының көлемі мен бағасы шарттық қатынастарға негізделген. Бұл тұтыну мен өндірудің нақты көлемдерін жасыруға мүмкіндік беріп, нарықтың ашықтығына нұқсан келтіреді.
Тек 2024 жылдың өзінде провайдерлер нарық операторларын айналып өтіп, 187 ұйымнан 13,7 млрд кВт*сағ электр энергиясын (шамамен 200 млрд теңге) сатып алған және таратқан.
Сондай-ақ майнерлердің бірыңғай сатып алушы «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС-ны айналып өтіп, сыртқы компаниялардан теңгерімдеуші жеткізуші арқылы электр энергиясын сатып алғаны анықталды. 2024 жылдың өзінде олар 901 млн кВт*сағ (шамамен 13 млрд теңгеден астам) энергия тұтынған.
Жиында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл мәселеге ерекше назар аударды.
Әлихан Смайылов энергетика министрлігінің өкілдеріне: «Ең алдымен, Энергетика министрлігі тарапынан өндіріс көлеміне, тұтынуға және нақты тарифтерге мониторинг жүргізілуі тиіс. Аудит деректеріне сәйкес майнерлер Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 1 млрд кВт*сағ-қа дейін электр энергиясын тұтынып отыр. Энергия тапшылығы жағдайында майнерлердің электр қуатын осылай бақылаусыз тұтынуына қалай жол беруге болады?» — деді
Министрлік өкілдері майнерлерге қатысты қажетті лицензиялау механизмдері әзірленгенін атап өтті.
«Лицензиялау – бір мәселе. Олар энергияны провайдерлер арқылы реттелмейтін бағамен сатып алады. Нәтижесінде шығындар тұтынушыларға жүктелуде. Баланстық провайдерлердің саны артып келеді. Бұл – халық есебінен еш қиындықсыз пайда табудың жолы. Ал сіздер бұған жол беріп отырсыздар. Бақылаудың тиімді механизмдері жоқ», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Жобалаушылардың нарықты терең зерттемеуі және маркетингтік зерттеулер жүргізбеуі салдарынан «KEGOC» АҚ-ға 4 жоба бойынша мердігерлер жабдықты 2-3 есе қымбат бағамен жеткізген. Жалпы артық шығын 2,2 млрд теңге.
Соңғы 10 жылда «Самұрық-Энерго» АҚ тобы небәрі 4 жаңа жобаны іске асырған. Бұл 2024 жылы бекітілген Даму стратегиясы бойынша алдағы 10 жылға жоспарланған 25 жобаның іске асырылуына күмән тудырады.
Тоқтатылған жобаларға байланысты «Самұрық-Энерго» АҚ-ның тиімсіз шығындары 199 млрд теңгені құрайды. Ең ірілері: Балқаш ЖЭС құрылысы – 102 млрд теңге, Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергоблогы – 61,2 млрд теңге.
Жалпы аудит нәтижесі бойынша анықталған қаржылық заң бұзушылықтар 66 млн теңге болды.
Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 9,5 млрд теңгені, қаражат пен активтерді тиімсіз пайдалану 104,7 млрд теңгені құрады.
Барлығы 72 рәсімдік және 35 жүйелі бұзушылық тіркелді.
JQ-Aqparat
Сурет: gosaudit.kz