Өңірдің дамуы
Петропавл қаласындағы «Радуга» зауыты шығаратын өнімдер еліміздің барлық аймақтарына, сонымен қатар Ресейдің ірі қалаларына да экспортқа шығарылады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын табысты жүзеге асырып отырған сауда-өндірістік кәсіпорын өз елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Солтүстік қазақстан өңірінің дамуына үлес қосып келе жатқан кәсіпорын жуырда «Қазақстанның үздік тауары-2023» байқауына қатысып, өңірлік деңгейде «Халыққа арналған үздік тауар» марапатын иеленді.
Еске түсірсек, биыл мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында көпсалалы «Радуга» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі – қағаз өнімдерін шығаратын «РимҚазАгро» фабрикасының жұмысымен танысқан болатын. Онда Мемлекет басшысы «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға елімізде ерекше мән берілетінін атап өткен еді.
Айта кетейік, Петропавлда былтыр ашылған қағаз фабрикасы – елімізде Алматыдағы «Каринадан» кейін екінші орында, ал солтүстік өңірлердің арасындағы – ең ірісі. Оның ашылғанын тіпті мәскеулік БАҚ-тар да жарыса жариялаған еді. Ол екі бағытта жұмыс істейді: мұнда санитарлық-гигиеналық және кеңселік қағаз, барлығы 20 түрлі өнім өндіріледі.
Қолданылатын шикізат – целлюлоза ең алдымен өлшеніп, арнайы жабдықтың көмегімен қайта өңделеді. Сумен бөлшектеу машинасының операторы Руслан Толстыхтың айтуынша, бар жұмыс дәл осы жерден басталады. Одан соң бірінен соң бірі орнатылған бассейндерде кезең-кезеңімен тазартылады. Осылайша, жартылай фабрикат дайын болған соң, одан қағаздың түр-түрі жасап шығарылады.
«Радугаға» келгенге дейін аспаз, кондитер болып жұмыс істеп, тіпті өз кәсібін де ашып көрген Руслан бір кездері вокалмен шұғылданып, үлкен сахна туралы армандағанын да жасырмайды. «2015 жылы осында келіп, металл-пластик бұйымдарын жинаушы болып орналастым. Мен бірден бұл жұмысқа, зауыт өміріне ғашық болдым дегеннен басқа сөз таппай тұрмын. Өз қолыммен адамдар үшін пайдалы зат жасаудың қаншалықты керемет екенін түсіндім. Қазір заман басқа, еңбек адамының қадірі арта түсті. Адал да өнімді еңбекті құрметтеу керектігін ел Президенті де айтып отыр. Қарапайым жұмысшыларға көңіл бөлінгеніне қуаныштымын. Шынымен де бізге жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған, жақсы еңбекақы төленеді, неге алаңсыз жұмыс істемеске? 8 жыл бұрын мені тағдыр осы кәсіпорынға алып келгеніне қуаныштымын», — деп ағынан жарылды Руслан Толстых.
Дайын өнімнің 40 пайызы Ресейге экспортталса, қалғаны өз елімізде сатылады. Бағасы басқалармен салыстырғанда біршама төмен. себебі Петропавл жылу-электр станциясының буын пайдаланады. «Радуга» ЖШС бас директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, бұл өнім бағасын арзандатуға сеп.
Су жаңа заманауи құрал-жабдық тәулігіне 7,5 тонна қағаз өндіруге қауқарлы. «Біздегі қондырғылар макулатурамен де, целлюлозамен де жұмыс істеуге жарайды. Қайта өңделетін шикізатты Қазақстан мен Ресейдің жақын жердегі өңірлерінен сатып аламыз. Жобаға 2,5 миллиард теңге инвестиция құйылды», – деді Дмитрий Шарапаев.
Сонымен қатар бұл өндіріс «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бөлінген несиенің көмегімен жолға қойылған.
«Даму» қоры Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің jasqazaq.kz сайтына берген мәліметі бойынша, жеңілдетілген несиенің сыйақы мөлшерлемесі 14 пайызды құрайды. Бірақ кәсіпкер оның тек 8 пайызын ғана төлейді, қалғанын «Даму» қоры субсидиялайтын көрінеді.
Осы өндірісті іске қосудың нәтижесінде елімізге әкелінетін қағаз өнімдерінің импорты 16 пайызға қысқарды.
Жуырда жұмыс сапарымен Петропавлға келген Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Васюлис Гинтаутас «Радуга» ЖШС-нің өндіріс аумағын аралап, заманауи құрал-жабдыққа және қағаз өндірісіне бағытталған жобаның ауқымдылығына тәнті болды. Мәртебелі мейман «макулатураны қайта өңдеу – құптарлық іс» деп оң бағасын берді.
Саудада – солтүстіктегі сабыны
Көпсалалы «Радуга» серіктестігі сұйық және қатты сабын да өндіреді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, адам баласы күніне 3-4 рет қолын сабындап жуатын болса, жылына шамамен 1500 рет осы тазалық құралын пайдаланатын көрінеді. Сондықтан сабын күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналғаны анық.
«Радугалықтар» сабын жасау туралы «ә» дегеннен жүзеге асыра қойған жоқ. Сабын өндірісінің басшысы Максим Сиренконың айтуынша, алдымен бір жыл бойы нарық жағдайын, одан кейін өндіріс түйткілдерін терең зерттеген. Содан соң ғана арнайы ғимарат салып, Қытайдан қажетті құрал-жабдық жеткізілді. Қытай мамандары үш ай бойы Петропавлда жүріп, жұмыстың қыр-сырын үйретті. Өндіріс оңайлықпен жолға қойылды деуге болмайды. Бүгінде жұмысшылар бастапқыда жасаған сабындары мүлдем көпірмей әлекке салғанын күле еске алады. Лаборант-технологтардың түсіндіруінше, бұл шикізаттың сапасына байланысты екен. Содан бері олар алдымен шикізаттың сынамасын алдыртып, егжей-тегжейлі тексереді. Көңілден шықса ғана, сатып алады. Лаборант-технолог Дмитрий Дорошенконың айтуынша, сабынның құрамында екі-ақ зат бар: бірі – сілті, яғни натрий гидрохлориді, химия тілімен айтқанда кәдімгі NaOH; екіншісі – әртүрлі майлар. Құрамында май қышқылдары неғұрлым көп болса, соғұрлым кірді жақсы ашады әрі сабынның түсі ағара түседі.
Сабын өндірісіндегі мамандардың айтуынша, бір қиыны, бұл саланың мамандары бәсекелестіктен қорқып, бір-бірімен тәжірибе алмаспайды екен. Сабынның тарихы 6 мың жылдан асса да, ашылмаған құпиясы әлі де жетерлік. «Радугалықтар» өз білімі мен тәжірибесін кітап пен интернет арқылы жетілдіріп, қателіктерін сабын қайнату барысында түзетуге тырысады. Олар біздің елімізде сабын өндірісінің дамуы баяу екенін айтады. Қазақстанда сабын өндірісімен айналысатын бірді-екілі кәсіпорын ғана бар: соның бірі оңтүстіктегі «Шымкентмай» болса, екіншісі – Алматы облысындағы «Сұлу» компаниясы. «Радуганың» олардан айырмашылығы – сабынды дайын түйіршіктен жасамайды. Өндіріс толығымен өз мойындарында. Бұған дейін шетелден тасымалданған сабын түйіршіктерін де өздері өңдейді. Тек отандық шикізат қолданылатынын да баса айту керек. Қазір фабрика кір сабынның 65 және 72 пайыздық екі түрін, иіс сабынның 12 түрін өндіреді. Жалпы мұнда күніне 5 тонна сабын шығарылады. Олар елдегі барлық қалаларда саудалануда. Ресейдің әр қаласында сабын қайнату зауыттары бар екеніне қарамастан, «Радуга» көршілес елдің де нарығын жаулап алудан дәмелі.
Айтпақшы, сабынның құтысын да өздері жасайды. Пластмассадан түрлі бұйым жасау – кәсіпорынның тағы бір ірі бағыты. Үй шаруасына үнемі қажетті тегеш, шелек, құмыра, азық-түлік контейнері, киім ілгіш, бала шомылдыруға арналған ванна, кір кептіргіш, полиэтилен пакеттер мен пленка сұранысқа ие. Олар «Радужный» дүкендер желісі арқылы да сатылады.
Құрылғанына биыл отыз жыл толған «Радуга» кәсіпорнының бүгінде Петропавл қаласындағы өндірістік базасынан басқа, Алматы мен Астананы қоса есептегенде, Қазақстанның он қаласында филиалы бар. Жалпы мұнда өнімнің 600-ден астам түрі шығарылады. «Радугада» барлық филиалдарын қосқанда бүкіл ел бойынша 1700-ден астам адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Олар тұтынушының мүддесін ескере отырып, мінсіз тауар жасау – компанияның миссиясы деп біледі. Шынымен де, бүгінде сұранысқа ие тауардың бағасы қолжетімді әрі сапасы да тұтынушы көңілінен шығып жүр.
Түйіндей келгенде, бүгінде «Радуга» – ірі филиалдық желісі, өзіндік инфрақұрылымы, қоймасы, көлік логистикасы бар, Қазақстан және Ресей нарығында көшбасшы орынға ие көпсалалы, үздіксіз әрі тұрақты дамып, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлесін келе жатқан компания.
Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы