Солтүстікке қоныс аударғандарға арналған үй бос тұр ма?

07 қараша 2016, 21:36

solttustik

Жұртты  жұмыс және баспанамен қарық қылады деген тағы бір мемлекеттік бағдарламаның құрдымға кететітн түрі бар. Өйткені оңтүстік тұрғындары  солтүстік пен шығысқа өз еріктерімен көшіп баруға құлықсыз екен. Ал оларға бюджет есебінен  арнайы салынған баспаналар жылдар бойы қаңырап бос тұр.  Мәжілісмендер Әлеуметтік даму министрлігінен  сол иесіз баспаналарды мұқтаж  отбасыларға  таратып беруді талап етті.

Әдетте, депутаттар  Тамара Дүйсенованы  аса қатты сынап, мінін бетіне баспайтын. Бірақ қазіргідей екінің бірі үйсіз жүргенде, кейбір өңірлерде қазынаның миллиондарына салынған баспаналардың бос тұрғанын көріп, үнсіз қала алмады.

Айзада Құрманова, Мәжіліс депутаты:

Тек Павлодар облысындағы 7 ауданда құны 230 миллион теңге тұратын пәтерлер, Шығыс Қазақстандағы Зайсан қаласында да қаншама баспана  бір жарым жылдан бері бос тұр. Ал кезек күтіп жүрген жанұялардың  ол  үйлерді алуға құқығы жоқ. Мемлекеттік үйлер қашанғы қаңырап тұрады?

Негізі, бюджеттен 37 миллиард теңге бөлініп, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында  баспаналар салынған болатын. Бастапқыда үкімет оңтүстік тұрғындарын солтүстік пен шығысқа  көшіріп, осы пәтерлерге орналастыруды және жұмыспен қамтуды  жоспарлаған.  Бірақ жұрттың өз еркімен қоныс аударғысы жоқ. Енді мәжілісмендер осы иесіз үйлерді  мұқтаж жанұяларға таратып беруді талап етуде.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

— Павлодар және Шығыс Қазақстан бойынша мәселелер бар,  уақытында қоныстанбағаны жөнінде. Бірақ бұл облыстарда біздің бағдарламаның категориясына тура келетін оралман, жетімдер үйінен шыққан балалар бар, жастар бар 29 жастағы. Қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімімен келістік, осы азаматтарға бірінші үйлерді беріп, біздің бағдарламамызға тарту туралы. 

Яғни Тамара Дүйсенова бос тұрған баспаналардың қалай да иесін таппақ. Оның үстіне  министр әлі де оңтүстік тұрғындарын жұмыс күші жетпей жатқан өңірлерге көшуге үгіттеуді жалғастыра бермек. Өйткені, 2050 жылға қарай оңтүстік халқы 5 миллионнан асып, адам саны күрт көбейеді  екен. Сәйкесінше, жұмыссыз жүргендердің де саны артатыны анық.

Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:

Елімізде осы бағдарлама басталғалы бері жарты триллион теңге бөлініпті. 2011-2016 жылдың ішінде сіздің көрсеткен цифраңызға қарасақ, бар болғаны 563  мың адам  тұрақты жұмысқа тұрыпты. Ал осы 6 жылдың ішінде орта есеппен 460 мың адам жұмыссыз. Сонда бұл бағдарламаның тиімділігі неде?

Депутаттар мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа орналасып жатқандардың  тұрақтылығына да күмәнданып отыр.  Көбіне бір-екі айдан кейін қайта қысқартуға  ұшырайды екен.

Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:

-Көбінесе қағаз жүзінде болады . Өйткені, біраздан кейін орналасып алады да, оларды шығарып тастайды жұмыстан. Сондықтан сіздер осы жұмысқа орналасуды қалай тексересіздер?

Сондықтан, мәжілісмендер мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандарды жеке табыс салығы немесе  зейнетақы қорына аударған ақшасына қарай қадағалауды ұсынды.

Ал министрдің ауыл тұрғындарына жағымды жаңалығы  бар. Биылдан бастап елді мекендерде  жеке кәсіппен айналысамын деушілерге жеңілдетілген пайызбен берілетін несие 6 миллионға дейін  артып отыр. Дүйсенова енді бұл соманы 16 миллионға жеткізбек.

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген