jasqazaq.kz

Скверлер, жағалаулар мен аулалар: Алматының Жетісу ауданында 12 гектар көріктендіріледі

Бүгін, 15:45

Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жетісу ауданының 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қорытындыланды. Аудан әкімі Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, ауданды дамытуда көріктендіруге басымдық беріледі. Биыл ауданда 12 гектардан астам қоғамдық кеңістік жаңартылып, «Халық қатысатын бюджет» аясында 25 жоба жүзеге асады, сондай-ақ бірқатар ірі инфрақұрылымдық нысанның құрылысы аяқталмақ.

Жетісу ауданының жалпы аумағы шамамен 4 мың гектар. Оның 128 гектары жасыл аймаққа тиесілі. Бұл аумақта 5 саябақ, 56 сквер, 26 жүргінші және жағалау аймағы, сондай-ақ жалпы аумағы 27 гектар болатын 12 сай орналасқан.

«Ауданымызда қоғамдық кеңістіктерді көркейту мен дамытуға айрықша мән беріледі. Біз саябақтар мен скверлерді, жағалауларды жаңғыртуға жүйелі түрде кірісіп, тұрғындарға жайлы әрі тартымды қалалық орта қалыптастыруды мақсат етеміз. Бастысы — аумақты көріктендіріп қана қоймай, оны барлық жастағы тұрғындарға қолайлы ету. Сондықтан жобаларда балалар мен спорт алаңдары, тынығу орындары мен көгалдандыру жұмыстары кеңінен қамтылған», — деді Ләззат Жылқыбаева.

Қазіргі уақытта Боралдай және Жангелдин көшелеріндегі скверлер көркейтіліп жатыр. Жоба аясында 2,5 мың шаршы метр аумаққа гүлдер мен бұталар егіліп, 3 мың метр автоматты суару жүйесі жүргізіледі. Сонымен қатар, 2,5 шақырым тротуар салынып, 3 арт-нысан, 120 орындық және 250 жарық шамдары орнатылады. Бұл жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.

«Әрбір жаңартылған сквер тұрғындар үшін тартымды әрі жанға жайлы демалыс орнына айналуға тиіс. Жобаларда автоматты суару жүйелерінен бастап шағын сәулеттік элементтерге дейін заманауи шешімдер қарастырылған. Бұл ауданның келбетін көркейтіп қоймай, қалалық ортаның сапасын арттыруға ықпал етеді. Барлық жұмыс тұрғындардың пікірі мен сұранысын ескере отырып жүргізіледі», — деді аудан әкімі.

Серіков көшесіндегі, «Жетісу» және Тихов көшелеріндегі скверлерді көркейту жоспарланған. Бұл аумақтарда кешенді көгалдандыру жүргізіліп, гүлзарлар мен жасыл қоршаулар жасалады, арт-нысандар, аркалар мен перголалар орнатылады. Сонымен қатар, суару және жарықтандыру жүйелері тартылып, жүргінші жолдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орналастырылады. Серіков көшесіндегі скверде қосымша альпинарий салу көзделген.

Сондай-ақ, Айнабұлақ шағынауданында кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа сквер бой көтермек. Жобаның бір бөлігі бюджеттен қаржыландырылса, екінші бөлігіне «Белес» сауда үйінің қаржылай қолдау көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, Кемел шағынауданындағы Қарасу өзені бойындағы жағалауды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Былтыр мұнда габиондар орнатылып, аумақты жоспарлау аяқталды. Қазіргі таңда кеспе тас төсеу, қоршаулар мен жарықтандыру жүйелерін орнату, балалар және спорт алаңдарын, футбол алаңын, орындықтар мен шағын сәулеттік нысандарды орналастыру жұмыстары қарқын алған. Жыл соңына қарай жаңартылған жағалау тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналмақ.

«Жағалауларды дамыту мен экологиялық ахуалға ерекше көңіл бөлінеді. Қарасу өзені — қалалық кеңістіктің маңызды құрамдас бөлігі. Біздің мақсатымыз — бұл аумақты көрікті әрі қауіпсіз демалыс аймағына айналдыру. Жыл соңына дейін тұрғындар серуендеуге және тынығуға арналған заманауи кеңістікке қол жеткізеді. Бұл инфрақұрылым мен табиғат үйлесімінің айқын көрінісі», — деді Ләззат Жылқыбаева.

2026 жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қоғамдық кеңістіктерді, аулалар мен жағалауларды көркейтуге бағытталған 25 жоба жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында жүйелі жұмыстар қолға алынды. Өзен арналары тазартылып, жыл соңына дейін апта сайынғы сенбіліктер ұйымдастыру жоспарланған. Билік өкілдері тұрғындарды экологиялық акцияларға белсене қатысып, қаланың тазалығын бірге сақтауға шақырады.

Бүгін, 15:45
Скверлер, жағалаулар мен аулалар: Алматының Жетісу ауданында 12 гектар көріктендіріледі
07 сәуiр, 14:46
Астанадағы білім беру ұйымдарында тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіліп жатыр
07 сәуiр, 14:43
«Таза Қазақстан»: елордалық зауыт аумағында ауқымды тазалық өтті
06 сәуiр, 10:50
OPEC+: Қазақстан мұнай өндірісі көлемін арттырады
03 сәуiр, 19:34
EQ — табысқа жетудің жаңа формуласы
31 наурыз, 20:53
Найти работу в Астане станет проще: Карьерный центр открылся в трех точках города
31 наурыз, 20:52
"Пропущенная доставка": астанчан предупреждают о новой схеме мошенников
31 наурыз, 20:49
Защита Родины — дело настоящих мужчин!»: в Астане проводили в армию очередную группу молодых людей
31 наурыз, 15:42
Отандық экотуризм: Жаңа бағыт, қарышты қадам