Соңғы жылдары елордада еріктілер қозғалысы аса қарқынды дамып келеді. Астана қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, игі мақсатта мұқтаж жандарға көмек көрсеткісі келетіндер үшін жақында «Еріктілер мектебі» жобасының жаңа маусымы басталады. Бұл мектептегі арнайы дәрістер еріктілерге волонтерлік қызметтің кез келген түріне дайын болуға мүмкіндік береді. Осы және басқа да мәселелермен тереңірек танысу мақсатында Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулинге жолығып, бірнеше сұрақтар қойған едік.
— Шыңғыс Маратұлы, орталық қашан құрылды және оның негізгі мақсат-міндеттері қандай?
— Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында қалалық әкімдік жанынан 2014 жылы «Астана жастары» орталығы құрылған болатын. Біз 14 пен 35 жас аралығындағы жастармен келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргіземіз: еріктілер қозғалысын дамыту, жастар бастамаларын қолдау, NEET санатындағы жастармен жұмыс, құқықтық көмек көрсету, талдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік жұмыс және тағы басқалар.
Енді осы бағыттарды таратып айтар болсақ, құрылған сәттен бастап орталық волонтерлік қызметті өрістету мен жастар арасында әлеуметтік белсенділік мәдениетін қалыптастырумен айналысып келеді. Еріктілер қызметін дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасын» орындау шеңберінде «Қалалық волонтерлер штабы» фронт-офисі құрылды. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жұмыстар атқарылуда. Штабта бес мыңнан астам белсенді волонтер бар. Олармен бірге 160-тан астам ірілі-ұсақты іс-шаралар өткіздік.
Елордалық волонтерлар Рим Папасының Мессасы, дзюдодан Азия чемпионаты, Kazakhstan Security System форумы, Eurasian Book Fair, Наурыз Экспо және т. б. сияқты халықаралық ауқымдағы іс-шараларға белсенді қатысуда.
Сондай-ақ тұрақты негізде елордалық волонтерлар полиция департаментімен, ТЖД-мен, статистикамен бірлесіп, халық санағы, газдандыру туралы халықты хабардар ету, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары мен шомылу маусымындағы мінез-құлық ережелерін түсіндіреді, жоғалған адамдарды іздеу шараларына қатысады. Осылайша, Астана қаласында волонтерлік қызмет әлеуметтік белсенділік нысанында сұранысқа ие қозғалыстардың бірі болып табылады.
Ал «Қамқорлық мекен-жайы» жобасы аясында жалғыз басты зейнеткерлердің 40 жеке ауласына «Астана жастары» волонтерлері күшімен көмек көрсетілді. Сондай-ақ кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдар қар тазалау бойынша 20 акция ұйымдастырды. Қар тазалау бойынша жаппай акцияларды ұйымдастыру үшін 2000-нан астам волонтер мен кәсіпорын қызметкерлері тартылды. Сонымен қатар, осы жоба аясында азық-түлік жиынтығы түрінде тұрақты көмек көрсетілді.
Жақында Наурыз мерекесіне орай бір айға созылатын «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы басталды. Іс-шара аясында халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына көмек көрсетіледі. Көп балалы отбасылардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың, зейнеткерлердің хаттарында жазған өтініштері мен тілектері орындалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев хатты бірінші болып оқып, тілегін орындады. Бұл ретте Президент осы игі істі бастаған жастарға алғысын білдірді.
— Қалалық әкімдік тарапынан волонтерлік қозғалысқа қандай нақты қолдау көрсетілуде?
— Үш жыл қатарынан Астана қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Волонтерлік бастамаларды қолдау үшін шағын гранттар» жобасын іске асыруда. 2022 жылы 98 қатысушының ішінен 20 жеңімпаз анықталып, 350 мың теңге көлемінде шағын гранттарды иеленді.
Көптеген тақырыпқа арналған іс-шаралар өткізілді. Олардың қатарында курстар, турнирлер, керамика бойынша шеберлік сыныптары, құммен сурет салу бар. Грант алушылар Балалар үйлерін, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қамтиды. Жоба биыл да іске асырылатын болады. 2022 жылдың соңында әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан еріктілер мен еріктілер топтарын, ұйымдарын ынталандыруға бағытталған «Volunteer fest» шарасы өтті.
— Жастарды тұрақты жұмыспен қамту, сондай-ақ NEET санатындағы жастар санын қысқарту бағытында қандай шаруалар қолға алынды?
— Бұл — Астанадағы жастар саясатын дамытудағы басым бағыттардың бірі. Еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін және кәсіптік оқыту курстарына қатыспаған, NEET санатындағы жастардың санын азайту үшін 2022 жылы жалпы саны 24 560 адамды қамти отырып, 5 жоба шеңберінде 80-ге жуық іс-шараны жүзеге асырдық.
Әр тоқсан сайын жұмыс іздеп жүрген жастарға, соңғы курс студенттеріне, білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған «Бос орындар жәрмеңкесі» өткізіледі. Былтыр төрт жәрмеңкеге елорданың 146-дан астам жұмыс берушілері, 3000-нан астам жастар мен студенттер қатысып, 1800-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Жәрмеңке барысында 200-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды.
NEET санатындағы жастар үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және оларды «Үздік» және «NS Жас Жігер» сияқты жобаларға әлеуметтендіру үшін көмек көрсету шаралары көзделген.
«Үздік» жобасы аясында 27 базардың 22-сі бойынша 7 рет аралау жүргізілді, оның барысында мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар бойынша 6500 ақпараттық буклет таратылды.
NEET жастарына әсер ететін негізгі әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторларды анықтау және бағдарламалар мен тиімді стратегиялар бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында 14-29 жас аралығындағы жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді, оның барысында 1000-нан астам адамнан сұхбат алынды. Сауалнамалар адам көп жиналатын жерлерде жүргізілді. Атап айтқанда: базарлар (стихиялық бөлшек саудамен айналысатын жастар, жеке тасымалдаумен айналысатын (такси жүргізуші), тасымалдаушылар, қолөнершілер – 350 респондент; қызмет көрсету саласы (шаштараздар, кафелер, фаст – фуд пункттері, тасымалдау) – 250 респондент; адамдар бір реттік «қара жұмысты» ұсынатын орындар – 200 респондент; құрылыс нысандары — 200 респондент.
Жоғарыда аталған жобалар шеңберінде NEET санатының бірыңғай базасы құрылды. Бүгінгі таңда база аталған санаттағы жастар арасынан 500-ге жуық адамды қамтиды.
Жастар арасында есірткі және психоактивті заттарды теріс пайдаланудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «ESIRTKIGE JOL JOQ» жобасы іске асырылуда. 15 000 адамды қамтитын сілтемелердегі тестілеу арқылы Астана қаласының 8-11 сынып оқушылары, ЖОО және ОАОО студенттері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, оқушылар арасындағы есірткі ахуалын зерттелді. «Тәуелділіктің тұзағына түспеу», «Стресс, құмар ойындар және есірткі адамның өміріне қаншалықты әсер етеді» тақырыбында 10 тренинг ұйымдастырылды.
— Балалар мен жасөспірімдерді теріс әдеттерден сақтаудың бір жолы салауатты өмір салтын, спортты насихаттау ғой. Осы ретте аула клубтары мен түрлі үйірмелер туралы не айтасыз?
— Бүгінгі таңда «Астана жастары» орталығының жетекшілігімен қала аумағында 25 аула клубы жұмыс істейді. 2023 жылғы жағдай бойынша 25 клуб балалар мен жастар арасынан 3100-ге жуық адамды қамтып отыр. Оның ішінде үйірмелер мен секциялар саны 124, оның ішінде спорт секциялары — 68, шығармашылық бағыттағы үйірмелер — 56.
Былтыр Есіл, Сарыарқа және Алматы аудандарында жаңа үш аула клубтары ашылды. Қаланың жас тұрғындарына арналған бұл клубтар көп функционалды мәдени-спорт орталықтары болып табылады.
Жалпы алағанда аула клубтарының қызметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға, балалардың денсаулығын жақсартуға және олардың өмірлік белсенділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Біздің аула клубтарының тәрбиеленушілері Болгария, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Италия және Қазақстанның қалаларында өткен жарыстардың жүлдегерлері атанды.
Абзал Ибрагим,
Астана