Шындыққа тура қарауымыз керек

11 ақпан 2022, 11:07

Өткен аптаның сенбі-жексенбісінде Мәжіліс депутаттары өңірлерге шықты. Қаңтар оқиғасынан кейін айып арқалап, абақтыға қамалғандардың туыстарымен кездесіп, тергеу абақтысына ат басын бұрды.

«Ақжол» партиясының депутаттары Алматыға келіп, тергеу абақтысында жатқан азаматтардың ата-анасының арызын тыңдады. Қамалғандардың өзімен де тілдесіп, қал-жағдайын біліп қайтты.
Мәжілістің кеңейтілген отырысында ақжолдықтар осы мәселені көтеріп, Үкіметке сауал жолдады.
Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Дүйсенбиновпен сұхбатымыз да қаңтар қасіретіне қатысты өрбіді.

Jas qazaq: Берік Сәлімжанұлы, жуырда Алматыға арнайы іссапармен келіп қайттыңыз. Бұл жолғы келісіңізді кеңірек айтып берсеңіз деп хабарласып отырмыз.

Берік Дүйсенбинов: Қаңтар қасіреті қазақ мемлекетінің тарихындағы үлкен жара, ақтаңдақ болып қалатыны ақиқат. Біз көп нәрседен сабақ алуымыз керек. Қазіргі міндетіміз – осы қаңтар қасіретін жауырды жаба тоқымдап, жарамызды жасыруды доғару керек. Ақиқатқа, шындыққа тура қарап, әділдіктен айнымайтын сәт туды. Сын сәтіндеміз біз. Осыдан 35 жыл бұрын болған Желтоқсан оқиғасы әлі де санамызда жаңғырып тұр. Қаңтар қасіретінің салған жарасын, ауыртпалығын біз шындықтан айнымай тура қарау арқылы емдеуіміз керек. Ең алдымен, өзімізді-өзіміз алдау, көзбояушылықтан арылып, нақты қадам жасау арқылы қаңтар оқиғасының ақиқатын ашу біздің алдымыздағы үлкен міндет.

Алматыға келгендегі көздегеніміз елдің ішінде болып, қаңтар қырғынынан кейін қамауға алынған азаматтардың қорғаушылары, ата-анасы, туыстарының жанайқайын тыңдап, абақтыға түскендермен тілесіп қайту еді. Құқық қорғау ұйымдары, заңгерлер, қоғамдық ұйымдар, қоғам белсенділері бас болып, қамалғандардың мәселесін көтеріп жатқанда солардың арасында болайық деген мақсатпен келдік. Зардап шегушілер, қамалғандар, олардың туыстарымен жүздесіп, арыздарын тыңдап қайттық. Көгілдір экраннан айтылғанды тыңдау бір басқа, өз көзіңмен көріп, көкейіңе тоқу мүлде бөлек.

Белгілі журналист, продюсер, бүгінде әлеуметтік желіде өте белсенді Серік Аббас-Шах бауырымызға сауын айтып ескертіп, тіпті өзімнің телефонымды да жазып, кездесуге келушілер құлағдар болса деп өтініш айттым. Арыз айтушылар, қамалған жақынына араша түсушілердің қатары көп болды. Бірінші күні халықпен жүздесіп, арыз-шағымын тыңдап, мәселенің мәніне тереңдей үңіліп, байыбына бардық. Ертеңіне тергеу абақтысында (СИ 18) болып қамалғандармен сөйлесіп, жағдайын сұрап шықтық.

Jas qazaq: Қалай екен жағдайы?

Берік Дүйсенбинов: Денсаулық жағдайы дұрыс. Өкініштісі, қамауда жатқандардың 90 пайызы өзіміздің өрімдей қаракөз жастарымыз. Сосын төрт құбыласы түгел, аузынан ақ май аққандардың қатарынан емес. Қалаға жұмыс іздеп келіп күзетте, құрылыста, такси жүргізуші болып нәпақа тауып, ата-анасын асыраушылар. Қамалғандардың арасында балалар үйінде тәрбиеленген жастар да бар.

Jas qazaq: Халықтың атынан мандат алып депутат атанған соң келіп кеткенді көз ету жарамас. Олардың құқығын қорғап, нақақтан күйіп кетпеуіне араша түсу азаматтық парыз қазір кім-кімге де.

Берік Дүйсенбинов: Мәжіліс депутатымыз деп қамалғандардың барлығын бостандыққа шығарсын деп айтуға біздің құқығымыз да жоқ, құзіретіміз де жүрмейді. Ал жаңағы сіз айтқандай, нақақтан күйіп, болмағанды болды деп ауыр жаза арқалап кетпесе екен деп араша түсу – біздің міндетіміз. Соны мұрат тұтып келіп отырмыз.

Мына жайттың басын ашып алған жөн. Қаңтар қасіретінің алғышарты мен табиғатына тереңірек үңіліп, бейжай қарамау керек. Менің жеке пікірім, қамалған жастардың басым көпшілігі бұрын сотты болмаған, кәнігі қылмыскердің санатына қосуға болмайды. Рас, аласапыран кезінде дүрмекке ілесіп алаңға барды, көптен қалмай айғайлады дейік. Бірақ солардың бәрін бас салып қандықол қылмыскер атандырып, ауыр жазамен соттай беру ең әуелі егемен ел есебіндегі беделімізге қара дақ болары шындық. Жастар арандатушы ортаның, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетегіне ілесіп кетті деп санаймын. Қамаудағылармен тілдескенде олардың көпшілігі жаңағыдай жауап берді. Дүрмекке ілесіп кетіп, оқ тиіп жараланған, қақтығыс кезінде ауыр жарақаттанған. «Айран ішкен құтылып, қазан жалаған тұтыладының» кері болып тұр мұнда. Ұйымдастырушы топтың кейбір көсемдері бас сауғалап қашып кетіп, осындай жастар оттың ортасында қалып отыр. Шындықтан айнымау керек дедік қой, қамалғандардың ішінде дүкен, сауда үйінен бірді-екілі зат алғандары, жерден телефон тауып алып құрыққа түскендері де бар. Ғаламторда желдей ескен бейнелерді қарасаңыз, дүкен ғимаратына өзінің ескі жаздық аяқ киімін тастап, орнына қыстық етік киіп кеткендері де бар. Әлеуметтік жағдайы оңып тұрса, қыс мезгілінде жаздық аяқ киім кие ме? Олар бөтеннің мүлкін жымқырғанын мойындап та отыр. Ауылдың аңғал жастары, досына ерген, жолдастарымен бірге жеткен. Сөйтіп тонау, ұрлау кезінде бірді-екілі затты қолына қыса кеткен. Таяқтың екі ұшы бар дейміз. Өзіңіз де көрдіңіз бейнежазбадан, Алматыдағы Aport Moll орталығындағы «Магнум» дүкенін тонаушы халықты. Егер бөтеннің затын қолды етті деп қамайтын болса, сол нөпір адам да жауапкершілікке тартылуы керек қой.

Jas qazaq: Қамалғандардың мәселесіне қатысты қандай да бір депутаттық сауал жолдайсыздар ма?

Берік Дүйсенбинов: Ішкі істер министріне, Бас прокуратураға, Жоғарғы сот төрағасына хат жазып, «Ақ жол» партиясы депутаттарының атынан хат жолдап, ресми сауал қойдық.
Қару асынған, арматура, таяқ көтеріп ғимаратты қиратып, көліктерді өртеп, күштік құрылым өкілдеріне шабуыл жасағандарға сөзім жоқ. Олар заң шеңберінде өзінің тиісті жазасын арқалауы керек. Ал енді қосақ арасында кеткен, «біреу қыз алып қашқанда» дүрмекке ергендер де қамауда отыр. Оларға да ауыр жаза тағайындап, соттап жіберсе, халықтың ашуына ши жүгіртіп алуы мүмкін.

Jas qazaq: Ұсталғандардың тергеу кезінде азапталғаны туралы айтылып та, жазылып та жатыр.

Берік Дүйсенбинов: Жалпы қаңтар қасіретінен кейін қамалғандар жаппай тәртіпсіздік, рұқсат етілмеген митингке қатысу, тонау, ұрлық секілді бап бойынша айыпталып отыр. Соққыға жығылғаны рас. Бірақ ондайға көбіне-көп ұсталған соң бірінші күні тап болған. Полиция өкілдері қақтығыс кезінде оңбай таяқ жеді, мүмкін соның кегі болар. Ал СИ18 деп аталып кеткен тергеу абақтысына түскеннен кейінгі жағдайлары тәуір деп айта аламын. Түрмеде оларды азаптап, қинап жатыр деуге келмейді. Оқ тиіп жарақаттанған, соққы алғандарға дәрігерлер медициналық көмегін көрсетіп жатыр. Тіпті осы тергеу абақтысына келіп жан сақтап, азаптаудан құтылғандарын айтып, тәубе деп отыр. Билікті мақтайын, басқаға жағынайын дегенім емес, не көрдім, соны айтайын. Абақтыға түскендерге медицина қызметкерлері қолдау, көмек көрсетуде ештеңеден аянып қалып жатқан жоқ.

Jas qazaq: Сіздіңше, енді олардың бәріне бірдей ауыр жаза қолданған дұрыс емес пе?

Берік Дүйсенбинов: Жалпы құқық қорғау органдары, тергеу жүргізетіндер қаңтар қасіретін жіті бақылап, тереңдей бойлауы керек. Асығыстық танытуға, асыра сілтеуге әсте болмайды. Қамалғандардың ата-анасымен сөйлескенде, басым көпшілігі үйінің бас көтерері, асыраушысы осы жалғыз ұлы екенін айтып отыр. Қарапайым қисынға салсаңыз да, нөпір ішінде жүргені үшін ғана ұсталғандар, қосақ арасында кеткендердің бәріне бірдей ауыр айып тағып, абақтыға айдай берген дұрыс па?

Қазақта «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейді. Отыз жылдың ішінде өзіміз өмір сүріп келген орта осыған жеткізді. Мәселенің осы жағына да мән беру керек. Әлеуметтік, тұрмыстық ахуалымыз тым жақсы болса, жастар жұмыссыздықпен басын ауыртпаса, осыған әкеліп соғар ма еді. Біз енді қандай ащы жараның бетін осып жіберіп, тұз сепкендей әсер етсе де, шындыққа тура қарауымыз керек.

Біз құқық қорғау органдарынан мына мәселені де қадап айтып, мән беруін сұрап отырмыз. Бізге арыз-шағымын айтып келген ата-анасының айтуы бойынша, қолына қару ұстап жүргені үшін қамалған, арматурамен сауда үйін бұзып кірген, одан қалды, ұсақ-түйек заттарды алып ұсталғандар бар. Оларды тек осы істеген қылмысына қатысты баппен айыптауы керек. Басқа да бапты мойнына іле беру дұрыс емес. Тағы да айтамын, қаңтар қасіреті кезінде негізгі ұйымдастырушылар мен арандатушылар сытылып кетіп, әлі де ұстатпай жүр. Ауыр айып соларға тағылуы керек емес пе? Дүкеннен зат алып ұсталғандарға айыппұл салып, ұрлаған затының өтемақысын төлеткізу керек. Ал енді ауыр жазаға тарту арға да сын болатын шығар. Заңдылық сақталғаны дұрыс.

Jas qazaq: Қамаудағылардың құқығы тапталып жатқан жоқ па? Қорғаушыларынан көмек бар ма екен?

Берік Дүйсенбинов: Әрине, өздері жалдаса да болады, болмаса мемлекет тарапынан да адвокат беріледі. Адвокаттардың, құқық қорғаушылардың ісі деп бір-бірімізге сілтемей, бәріміз бірігіп, қимылдауымыз керек. «Сендер бұрын қайда болдыңдар? Неге басында көмек көрсетпедің?» деп шыққандар да бар. Қазір құр айқай, көбік сөздің түк те пайдасы жоқ. Қамалған жандардың тағдыры қыл үстінде тұр. Осыны ұмытпайық.

Тергеу орындарының, құқық қорғау органында істейтін мамандардың дәреже-деңгейі сыналатын шақ қазір. Ақ пен қараны айыруда асқан әбжілдік, әділетті көзбен қарау керек. «Жаптым – жала, жақтым – күйе» деп маңдайына таңба басып, түрмеге бәрін тоғыта берудің арты жақсылыққа әкеп соқпайды. Момын мен содырды айыру үлкен жұмыс қазір.

Jas qazaq: Сұрағымызға жауап бергеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Көшек

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?