Шымкент қаласының ҚХА өкілдері Қостанай өңіріндегі алапат өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуден қалыс қалмады. Бүгін қалалағы «Достық үйі» жанынан кезекті гуманитарлық көмек тиелген көлік Әулиекөл ауданына аттанды.
Бүгінде Шымкент қаласында Қостанайда орын алған төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек қабылдайтын штаб ашылған. Штаб жұмысына қалалық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктер де белсенділік танытуда. Кезекті көмекті күрді этномәдени бірлестігі ұйымдастырып отыр.
–Қостанайда өрт орын алғалы сондағы достарымызбен тығыз байланыстамыз. Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға аса қажетті заттарды сұрап, соған қарай әрекет еттік. Алдымыз күз болғандықтан жөнелткен көмек заттардың басым бөлігі ересектер мен балаларға арналған жылы аяқ киімдер. Сонымен бірге, гигиеналық заттар мен бұзылмайтын азық-түліктер бар. Осы көмекті жинауға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз. Біз қандай жағдай болмасын Қостанай халқымен біргеміз. Біздің отанымыз бен аспанымыз бір. Бұдан кейін де мұндай көмекті жалғастырамыз, — дейді күрді этномәдени бірлестігінің өкілі Тахир Сулейманов.
Тахир Камалұлының сөзінше, бұл осымен Әулиекөл ауданына жіберілген екінші көлік. Гуманитарлық жәрдем үшін арнайы шот ашылып, оған кәсіпкерлермен бірге қарапайым тұрғындар да атсалысып жатыр екен.
Бүгінге дейін «Достық үйі» жанындағы этномәдени бірлестіктері мен Аналар кеңесі тарапынан миллион теңгеге жуық қаржы жиналған. Одан бөлек, жарты тонна азық-түлік (макарон, күріш, картоп, пияз т.б), 800 дана киім-кешек мен жылы аяқ киімдер жиналған. ҚХА өкілдері мұндай көмек алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр.
Айта кетсек, жуырда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Қостанай облысында тілсіз жаудан жапа шеккендерге 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілген болатын.
Тоқтар Жақаш