Шымкентте Отбасы күніне орай салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «FITNESS PARK KZ» жобасы аясында отбасылық спорттық жарыс басталады.
Ондағы негізгі мақсат- жастардың дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығын ояту, достық сезімін тәрбиелеу, балалар мен олардың ата-аналарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарысты өткізуге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі басқармасының қолдауымен «Қуатты Ел» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып отыр. Жарысты өткізу дене шынықтыру және спорт жөніндегі жаттықтырушыға жүктеледі.
Жарысқа отбасында құрамы 4 адамнан (әкесі, анасы және 2 баласы) тұратын 25 жастан жоғары 10 отбасылық команда қатыса алады. Қатысушы балалардың жасы 9 — 17 жас аралығында.
Жарысқа қатысушылардың спорттық үлгідегі киімі болуы тиіс. Ұйымдастырушылар секундомер, ысқырық, рулетка, 10 дана таған немесе кегли, 10 дана баскетбол добы, 30 дана шар, 10 дана стақан, 10 дана тәрелке, 10 дана қасық, 10 дана секіргіш, 10 дана қап, 100 дана қыстырғышпен қамтамасыз етеді.
Ойын шарттары:
— ойын судьяның сигналы бойынша басталады.
— сөре сызығынан шығуға тыйым салынады.
— эстафетаны бірінші болып аяқтаған команда жеңіске жетеді.
Жарыс 7 эстафетадан тұрады. Командалық орындар барлық эстафеталар уақытының ең аз мөлшері бойынша анықталады.
Жеңімпаздарды өңіріміздегі дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға өз үлесін қосып жүрген 3 адамнан құралған төрешілер анықтайды.
Отбасылық спорттық жарыс Шымкент қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында 10 қыркүйекте өтеді. Жарысқа қатысқан жеңімпаздарға :
I орын — 100 000 теңге және жеңімпаз дипломы;
II орын — 70 000 теңге және жеңімпаз дипломы;
III орын — 50 000 теңге және жеңімпаз дипломы тағайындалған.
Жалпы жарысқа қатысқан командалар жүлдесіз қалмайды. Оларға ынталандыру сыйлықтары, алғыс хаттар және гүл шоқтары тапсырылады.
Тоқтар Жақаш