Қостанай өңіріндегі алапат өрттің зардабынан жапа шеккендерге көмек қолын созу жұмыстары әлі де жалғасуда. Күні кеше ғана Шымкенттен гуманитарлық көмек керуені жолға шықты.
Көмек беруде қалалық этномәдени бірлестіктердің, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың төрағалары мен мүшелері де қалыс қалмады. Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар, сондай-ақ «Аналар кеңесі» тарапынан жалпы көлемі 2 миллионан астам қаржылай көмек арнайы шотқа аударылды.
Сонымен қатар, киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық құралдар, төсек-орын жабдықтары, құрылыс заттары жиналды.
«Қиналған сәтте бірігіп, бауырмалдылық көрсетуде ісімізді жалғастыра береміз»- дейді, аталмыш бірлестік мүшелері.
Қостанай өңіріне қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұжымы да көмек көрсетуден қалыс қалмады. Қазіргі таңда Қостанай облысының тұрғындары қиын кезеңді бастан кешуде. Үйлер мен өндірістік нысандар қирап, орман мен жануарларға үлкен зиян келді. Осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарға қостанайлықтармен бірге болып, қолдан келгенше көмек көрсету маңызды.
Орталық басшысы Б.Спанов бастаған әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұжымы Қостанай облысында өрт салдарынан зардап шеккендерге бір күндік еңбекақысын аудару туралы шешім қабылдады.
–«Апат айтып келмейді», — дегендей қандай бір жағдай болса да қазақ халқы бірін-бірін қолдап қол ұшын берген. Бұндай табиғи апатттық жағдайлар бүгінгі күнге дейін үкіметтің және халықтың қолдауымен өз шешімін тауып келген,-дейді орталық басшысы.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Қостанай облысында тілсіз жаудан жапа шеккендерге 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Белсенді партияластар, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері, кәсіпкерлер, қалалық мәслихат депутаттары, қарапайым халық болып қостанайлықтарға көмек қолын созды. Қалалық партия филиалы жанынан 4 қыркүйек күні таңғы 9.00 ден гуманитарлық көмек пунктін ашып, ең әуелі азық-түлік өнімдері мен бірінші кезекте пайдалануға керекті құрал-жабдықтар жиналды.
Сын сағатта Шымкенттің әрбір тұрғыны қостанайлықтардың басына төнген апатқа бей-жәй қарамай өздерінің биік адамгершілігін көрсете білді. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің қолдауымен, халық қалаулыларының көмегімен жиналған барлық гуманитарлық көмекті жүк көліктеріне артып, оны Қостанай жеріне жеткізуге қалалық мәслихат депутаты Қуандық Сұлтанғали мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі Абай Сырлыбаев жолға шықты.
Тоқтар Жақаш