Қостанай облысында болып жатқан алапат өрттің салдарынан апат аумағындағы тұрғындар зардап шегіп, орман алқаптарына үлкен залал келуде. Тілсіз жауды ауыздықтауға еліміздегі барлық күш жұмылдырылып, қазіргі кезде өртті сөндіру жұмыстары атқарылып жатыр.
Осыған орай қазақстандықтар, оның ішінде Шымкент қаласының тұрғындары да Қостанай облысына гуманитарлық көмек жиналып жатқандығын ести сала бір кісідей жұмылып, түрлі ұжымдар мен тіпті жеке адамдар да көмек қолын созуда.
Солардың бірі —Абай ауданына қарасты «Жібек жолы» көтерме базары мен «Сандыбаев» мал базарының кәсіпкерлері. Базар әкімшілігі нақты көмек ретінде жалпы 2 тоннаға жуық азық-түлік және гигиеналық заттар әкелген. Атап айтқанда, картоп – 500 кг, сәбіз – 200 кг, пияз – 500 кг, қырыққабат – 100 кг, асқабақ – 20 кг, макарон өнімдері – 100 кг, күріш – 50 кг, құрғақ шәй мен нан өнімдері, сұйықмай, сусындар және гигиеналық заттар да бар.
Қостанай облысындағы өртке байланысты Шымкент қаласы, Бейбітшілік 3 және Түркістан 1 мекен-жайы бойынша гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылған. Онда апатты аймақтың тұрғындарына көмек ретінде бұзылмайтын тағам өнімдері, жеке гигиеналық заттар, төсек бұйымдары және ауызсу толтырылған құтылар жинақталуда. Егерде көмек қолын созуға ниетті азаматтар болса, осы мекенжайға келуі керек. Көмек жинау пункті тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
«Amanat» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанынан «Жастар Рухы» атты волонтерлер жасақталып, апаттан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмекті жөнелтуге көмек көрсетуде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші өрттен жапа шеккендердің қиын жағдайына бей-жәй қарамай, олардың қалыпты өмірге жақын күндері қолжеткізуіне шымкенттіктер осылай барынша жәрдем беріп жатыр.
Гуманитарлық қолдау пунктке сағат сайын кәсіпкерлерден көмектер келуде. Кезекті жәрдем үшін 30 бірлік төсек-орын 30 сүлгі жеткізілді.
Тоқтар Жақаш