10 ақпан күні Шымкентте 16 жастағы мектеп оқушысы өз-өзіне қол салып, мерт болғаны белгілі болды.
Оқиға қаланың «Қайнар бұлақ» ықшам ауданында орын алды. 16 жастағы оқушы Шымкенттегі №83 мектепте оқыған. Анасының айтуынша, сол күні баласы әдеттегідей мектептен келіп, одан дастархан жаюын сұраған. Бұл туралы esil.media-ға сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлады.
«Ол күндегідей сабақтан келіп, маған шай қоюды өтінді. Сол күні ол тест тапсыруы тиіс еді, бірақ 500 теңгесі жетпей, оны да тапсырмаған. Оның көңіл-күйі жоқ әрі ашуға булығып тұрғанын да байқадым. Сөйтіп, сыртқы аулаға шығып кеткен еді. Мен дастархан жайып, үйден шығып, оны шайға шақырмақ болдым. Ауладан іздедім, таппадым. Моншаның арт жағына барғаным сол еді, ұлымның арқанға асылып тұрған мәйітін көрдім», — деп егіле жылады анасы Фатима Ақылбекова.
Мерт болған мектеп оқушысының анасы, сонымен бірге, ұлының сол күні әпкесіне хабарласып, жоғары сыныптың балалары одан 7 мың теңге сұрағандарын да айтып берген.
«Біз оған ұялы телефон да сыйлаған едік, бірақ оны да белгісіз себептермен жоғалтып алды. Бәрін ішінде сақтап, ешқашан ішіндегі сырын ақтармайтын бала еді»,-деп еске алды марқұмның анасы.
Қайғылы жағдай орын алған отбасының көршілері Ақылбековтер жанұясы үлгілі, балалары тәртіпті екенін де алға тартып отыр. Мерт болған оқушы үйдің сүт кенжесі, ал отбасы оралман-қандастар екен.
Сондай-ақ, марқұмның сырт киімінің қалтасынан оның өлер алдында жазып, кейін бөлшектеп жыртып тастаған хаты да табылған. Онда ол белгісіз біреулердің аты-жөндерін жазып кеткен.
Баланың ата-анасы марқұмның ондағы есімдердің кімге тиесілі екенін айтқысы келіп оқталғанымен, сол бойы ешкімге тіс жармастан мерт болғанын мәлімдеп отыр. Қазір аталған парақшаны полицейлер алып кеткен.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы мәселенің анық-қанығына жетіп, парақта жазылған есімдердің кімдерге тиесілі екенін білгісі келіп отыр.