Шымкентте «Ерте араласу бөлімшесі» мен «QН оңалту орталығы» (№2 Реабилитациялық орталық) бар. Мұнда ерекше қамқорлыққа мұқтаж балалар оңалтудан өтеді. Jasqazaq.kz тілшісіне осы орталықтың бас дәрігері Айгүл Сапарғалиева балаларды оңалтудың қыр-сыры туралы айтып берді.
«Орталығымыз 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Біздің орталыққа балаларды тәулік бойы стационарға және амбулаторлық стационарға, медициналық реабилитациға, оңалтуға жолдамамен әкеледі. Емнің ұзақтығы – 15 күн. 15 күннің ішінде педагог, эрготерапевт, психолог және логопедтер мен дефектолог мамандардан кеңес алып, қабылдауынан өтеді, — дейді Айгүл Октябрьқызы.
Сондай-ақ мұнда медициналық тұрғыда ЛФК нұсқаушылар жаттығу, массаж жасайды. Екі қабаттағы заманауи шунгит, тұзды шахта, интерактивті, сенсорлы, механотерапия сияқты арнайы бөлмелерді, логопед, дефектологтардың кабинетін 2023 жылы «Қазақстан халқына» қоры 240 млн теңге сомасына оңалту жабдықтары мен жиһаздарымен жабдықтап берген. Ғимараттың екі қабатында да кабинеттерді жабдықтап бергені – екі есе көп науқасты қабылдауға мүмкіндік. Механотерапия бөлмесінде ТHERA-Trainer Balo тренажері, Tymo стабилоплатформасымен Tyrostation кешені, RT-300 тренажёры, MOTO med gracile т.с.с. алуан түрлі аппараты бар. Жобаның мақсаты – дамуында кемістігі және олардың туындау қаупі бар балаларға, сондай-ақ олардың отбасыларына ерте диагностикалық және реабилитациялық көмек көрсету. Қор қолдауына дейін орталықта жылына 1500 баланы оңалтудан өтетін. Енді барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, амбулаторлық емге де бала қабылдағаннан кейін бұл көрсеткіш екі есе көбейген көрінеді. Сөйтіп жарты жылда 1181 бала қабылдаған.
Айгұл Сапарғалиева: «Бізде неврологиялық аурулары, оның ішінде церебральды сал, психо-сөйлеу дамуында кідірісі, аутизм спектрі бар балалар емделеді. Ортопедиялық балалар, оның ішінде коксартроз, операциядан кейін, травмадан кейін 2 және 3 деңгейдегі, кардиохирургиядан кейін 3 деңгейдегі балалар амбулаторлық ем қабылдайды.
Орталық күніне 65 баладан аса қабылдауға қауқарлы. 3 айдан 3 жасқа дейін және 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Бізге неше түрлі диагнозы бар балалар келеді. Мысалы, кейбір ата-аналар «Менің балам жүрмейді» немесе «Денесі бос, ұстай алмайды» деген шағыммен келіп, 1 курс ЛФК, массаждан кейін жүріп кетеді. Сол сияқты сөйлемейтін баланың ата-анасы орталығымызда 3-4 рет ем алған соң нәтиже көріп, қуанып жатады. Мәселен, тұзды шахтада бала 15-20 минут жатып, галогенератормен бөлініп жатқан тұздың микробөлшектерімен демалып, құмда ойнайды. Бұл әлсіреген ағзаның иммунитетін көтереді. Жоғарғы тыныс алу жолдарын нығайтады. Ал шунгит бөлмесінде электромагнитті сәулеленуден қорғайды, иммунитетті күшейтеді, стрестен және шаршаудан арылтады, тері тазалайды және организмнің жағдайын жақсартады, жүрек проблемаларына көмектеседі, ұйқының сапасын жақсартады.
Интерактивті бөлмеде 5 проектор 4 Д режимінде саванна, шөл, орман немесе су астындағы әлем, футбол, волейбол сияқты ойын түрінде көрсетуі мүмкін. Бала қиял әлеміне сүңгігендей әсер алады. Жәй ғана көріп қана қоймай ойнайды. Егер қолындағы аспаппен түртсе, неше түрлі аңыздар шығады. Ойын түрінде сенсорлы кері байланыс алады. Әсіресе, осы бөлме балаларға көбірек ұнайды. Неше түрлі бағдарламалармен медбике балаларды ойнатады», — дейді.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы
Суреттерді ұсынған автор