Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елдімекенін сапалы электр қуатымен қамту толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмысы басталды.
Қала әкімі аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері де болды. Құрылыс барысында 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылып, 145 шақырым электр желілері тартылды.
Бұған дейін Солтүстік саяжай елдімекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Ең бастысы, осыған дейін тұрғындарымыз 1кВ электр қуаты үшін 30-35 ₸ төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 ₸ түсті. Енді тұрғындар қажетті құжаттарды «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мекемесіне өткізу арқылы мемлекеттік желіден электр тұтына алады. Жалпы жұмыс нәтижесінде, Солтүстік саяжайдағы 5 784 абонент сапалы электр қуатымен қамтылмақ.
—Шымкенттің 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары қабылданған. Соған сәйкес, халықты ауыз су, сапалы электр қуаты, табиғи газ және жолмен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Әсіресе, шеткі шағын аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге басымдық беріп отырмыз. Мәселен, осы Солтүстік саяжай тұрғын алабына өткен жылы ауыз су берілсе, міне, биыл электр желісі іске қосылуда. Қазір табиғи газ құбырлары да тартылуда. Оның құрылысы келесі 2023 жылы аяқталады, — дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Солтүстік саяжайда бүгінде 26 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр. Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Мұнда 4 500-ден астам электр бағаналары және 70 трансформатор орнатылып, 198 шақырым электр желісі тартылған. Сондай-ақ, электр тарату станциясы да іске қосылды. Енді мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, халықты сапалы электр қуатымен қамту мақсатында 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға дейін өседі. 2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Жыл қорытындысымен, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алады.