Шымкент: Еңбек биржасы жұмыссыз қалдырмайды

20 сәуiр 2024, 23:28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бұл шаралар еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарын реформалау, сондай-ақ еңбек биржасын қамтиды.
Еңбек адамының қоғамда қашанда сыйлы, абыройы биік. Халқы еңбекқор ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып қалыптасады. Елімізде жүргізіліп отырған еңбек саясаты осы бұлжымас қағидаға сүйенеді.
Шымкентте жұмыспен қамту мәселесін айтқанда, қаладағы еңбек биржасы ойға оралады. Шымкент қаласы әлеуметтік қолдау орталығының мәліметінше, «екі қолға бір күрек» іздегендер еңбек биржасына жүгіне алады. Сондай жұмыс іздеген жанның бірі Бузейнеп Салманова дәл осы мекемеге келіп жұмыс тапты.
Жастайынан еңбек етіп үйренген Бузейнап өмірдегі бар қиындықты маңдай терімен еңсеріп келеді. Мүгедектігіне қарамастан жұмыстан қашқан емес. Бүгінде ол — Қаратау ауданы әкімдігі жанындағы коммуналдық мемлекеттік мекемеде қарапайым қызметті ынта-шынтасымен атқаратын қызметкер.
«Он жасымнан бастап еңбекке араластым. Жастайымнан бір көзім онша көрмесе де, дені сау адамдардан қалып қоймауға тырыстым. «Мүмкіндігім шектеулі» деп өзіме шектеу қойғым келмейді. Жұмысқа келгенде барымды саламын.

Осы коммуналдық салада жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылдан асты. Көше сыпырғаныма, қоқыс жинағаныма еш арланбаймын. Адал еңбектің ұяты жоқ» , — дейді ол.
Бузейнеп Салманова бүгінде 58 жаста. Төрт перзентті тәрбиелеп өсірген ол зейнет жасына жеткенше осы мекемеде жұмыс істесем деген ойда.
«Ең алдымен үнемі жұмысқа жолдап отырған Қаратау аудандық мансап орталығына алғыс айтамын. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп жүрген мекемелер белгілі бір себеппен ісін тоқтатып, өзіміз бос қалған сәтте, жұмыспен қамту мекемелері бізді үнемі басқа орындарға жібереді. Осы уақытқа дейін жұмыссыз қалған емеспін. «Жұмыс істеймін» деген адамға әрқашан жұмыс табылады. Ең бастысы – «мүгедекпін», «мен мұндай жұмысты істемеймін» деп өзін шектеп, табылған жұмыстан бас тартпау керек», — дейді Бузейнап Салманова.
Айта кеткен жөн, Шымкент қаласында Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 1368 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, бүгінге дейін орындалғаны- 421 адам жұмысқа орналасты. Бұл үшін жұмыс берушілерге арнайы квота бекітіледі. Сөйтіп мекемелерде жұмыс орнына қарай 2 — 4 пайыз мөлшері аралығында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуы тиіс.

Әлима Әлмерек,

Сурет: Шымкент қаласы әлеуметтік қолдау орталығы

14 наурыз, 18:47
Транскаспий дәлізі: Орнықты да оңтайлы
14 наурыз, 18:31
Файзулла Мұстафинұлы: Мақта кластері сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады
14 наурыз, 14:01
Қыздан туған бала жиен бе әлде немере ме?
05 наурыз, 12:03
Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық
01 наурыз, 10:08
Президент: Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді
24 ақпан, 11:57
Жалған психологтар мен коучтардан қалай арыламыз?
19 ақпан, 16:29
Ораза ұстап арақ ішсе, сауабы болмайды
19 ақпан, 14:25
Алмақтың салмағы: танымал тұлғалардың салық төлеуден басқа амалы жоқ
18 ақпан, 12:10
"Б/У" гүлдің саудасы. Шын көңілмен сыйлаған гүлді сату дұрыс па?