Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг мәлімдеді.
— Өткен жылы 25 мың бала 1-сыныпқа қабылданған болатын. Биыл 27 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Оның 98 пайызға жуығы бүгінде құжатын тапсырып үлгерді. Сонымен қатар, биыл 56 586 ата-анадан бір реттік мектеп формасымен қамтамасыз етуге өтініш түсті. Талапқа сәйкес, жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр. Жыл сайын оқу жылы қарсаңында көп талқыланатын тақырыптың бірі — мектеп формасы. Мектеп формасының түсін биыл әр мектеп емес, өңір таңдайтын болды. Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Мектеп формасына әр мектептің эмблемасын тағуға ғана рұқсат беріледі, — деді Ж.Тәжиева.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында да 1-4 сынып оқушылары жыл бойы бір реттік ыстық тамақпен қамтылады.
– Жаңа оқу жылында мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту үшін толық жағдай жасалған. 1 және 4 сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, — деді спикер.
Бүгінде 2022-2023 оқу жылына арналған оқулықтардың, оқу-әдiстемелiк кешендерінің, құралдарының және басқа да қосымша көркем әдебиеттерді сатып алу және оны тасымалдау, жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Мектептердегі жалпы компьютерлік құрылғылар саны – 56 746 дана (компьютер – 24 029, ноутбук – 28 516, планшет – 4 201).2022 жылы 1-сыныпқа 27 000 оқушы қабылдау жоспарланған. Қазіргі уақытта қабылданған оқушы саны – 26 578, яғни 98%-ды құрап отыр.
Сонымен қатар осы брифингте, Шымкенттегі барлық мектепке дейінгі білім ұйымдары лицензиялау 2024 жылы жүзеге асатыны айтылды. «Мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары тиісті құжаттар қабылданған соң, 2024 жылы бастау алуы мүмкін. Лицензиялау ешқандай кәсіпкерліктің, яғни меншік иесінің құқығын шектемейді. Бұл балаларды сапалы біліммен және жайлы ортамен қамту үшін жасалған қадам ғана. Яғни, жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар толығымен лицензиялаудан өтеді». Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында осылай деді.
Тоқтар Жақаш