Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтуде. Шаһар басшысы М.Әйтенов аталған мектептің құрылыс жұмыстары барысын көрді.
2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің орнатылғанына 8 жыл болған. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 шаршы метр аумағы ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды.
Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады.
«Тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз»,-деді әкім жауапты сала мамандарына.
Барлық кем-кетік жойылғаннан кейін мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Жалпы, білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.
Мұнан кейін қала әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеуден өтіп жатқан А.Навои атындағы №11 жалпы орта мектебіне барды.
Аталған білім мекемесі осы кезге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік, терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері 100%-ға ауыстырылып, жаңа қоршау салынды. Сонымен қатар, химия, физика, биология, информатика т.б. зерттеу-лабороториялық кабинеттері қосылды. Жөндеуден өткеннен кейін мектепке 250 ноутбук, 100 компьютер, 10 панель сатып алынды.
–Мұның барлығы үлкен жұмыс және жауапкершілік. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар жаңа ғимаратқа көшкендей әсерде болады деп ойлаймын. Қандай да ақау шықса, жауапты мердігер мекеме жіберген қателіктерін 5 жыл ішінде қайта түзеп беруі тиіс. Осы жағын дұрыстап қадағалаңыздар,-деді әкім.
Әзірге жұмыстың 85% орындалған. Күрделі жөндеу қыркүйекке дейін толық аяқталмақ.
Тоқтар Жақаш