Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 18 қазан –Рухани келісім күніне орай діни бірлестік жетекшілерімен кездесті.
Кездесуге ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының бірінші орынбасары Мұсабек Ақтамберді, православ шіркеуі Шымкент епархиясының хатшысы, архимандрит Вениамин, «Сәби Исаның әулие Терезасы» католик шіркеуінің приходы Эстебан Мария Курутчет және өзге де жергілікті діни бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
–Конфессияаралық келісім мен татулық – Қазақстан қоғамының ең маңызды құндылықтарының бірі. Елімізде азаматтардың өз дінін еркін ұстануына қолайлы жағдай жасалған. Мемлекет діни наным-сенім бостандығына кепілдік береді. Рухани келісім күні – осынау татулық пен тұрақтылықтың нышанындай болған мереке, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы кез келген дін адамзатты ізгілік пен мейірімге, өзара құрметке шақыратынын атап өтті.
Қазақстан — зайырлы мемлекет, сол себепті дәстүрлі діни конфессиялардың жұмыс істеуіне ешқандай шектеу жоқтығын тілге тиек еткен шаһар басшысы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты — бейбітшілік пен келісімді нығайту екенін атап өтті.
–Конституция барлық азаматтарға, оларды наным сенімдері бойынша тең құқық берді. Биыл қыркүйек айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың басшылығымен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі» өтті. Сонымен қатар, Рим Папасы Францисктің елімізге жасаған тарихи сапарын атап өткен жөн. Мемлекеттік саясат біздің діни бірлестіктеріміздің бейбітшілігі мен рухани келісімі негізінде дами түседі,-деді М.Әйтенов.
Айтып өтейік, қала аумағында 12 конфессияны білдіретін 121 діни бірлестік тіркелген, 9 миссионер бар.
Жиын соңында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов мерекеге орай, конфессия басшыларына алғыс хаттар табыстады.
Тоқтар Жақаш