Шұбат өндірісін жолға қойған кәсіпкер келіншек

28 наурыз, 14:21

Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге айрықша маңыз беріледі. Соған орай аймақтарда ет, сүт, дәнді дақылдар мен жеміс-көкөністі өңдейтін ірілі-ұсақты кәсіпорындар көптеп ашылып жатыр. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, соңғы үш жылда 50-ден астам өнім өңдейтін зауыт іске қосылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі 15 пайызға артты. Әсіресе, ет, сүт және майлы дақылдарды өңдеу өндірісі қарқынды.

Jasqazaq.kz тілшісі Шымкент қаласында түйе сүтін өңдеу өндірісін жолға қойған Айжан Райымбековамен сұхбаттасып қайтты.

Шағын цехтан бастау алған

 Шымкенттің «Қайтпас» шағын ауданында Айжан атты істің көзін тапқан пысық келіншек тұрады. Өзі қарашаңырақты ұйытып отырған үлгілі келін, көпбалалы ана. Жолдасы Бекжан екеуінің Бөген суқоймасындағы «Аqtorе» ЖК түйе қожалығы бар. Сол жақтан сауылған түйе сүтін әкеліп, үй жағдайында шұбат, қымыран жасайды. Таңалакеуім сағат 6.00-де тыпыршып тұрғаннан кеш қарайғанға дейін тынбайды.

Түйе шаруашылығына келем деген Айжанның үш ұйықтаса түсіне кірмеген. 2020 жылы қайын атасы мен күйеуінің қолдауымен түйе шаруашылығымен айналысуды қолға алыпты.

«Бүкіл фермерлер түйе сүтін Түркістан облысындағы «Golden Camel milk» зауытына өткізетінбіз. 2022 жылы зауыт жұмысын тоқтатқан соң, барлығымыз сүтімізді қайда жіберерімізді білмей абдырап қалдық. Отағасы: «Сүт өткізетін жер жоқ, малшыларымызға айлық төлеуіміз керек, өзің сат!» — деді. Ал мен өмірімде шұбат, қымыран ішіп көрмегенмін. Бухгалтерлік курс оқып, жеке маркетингтік компанияда менеджер болып істейтінмін. Отбасылық кәсібіміз құрдымға кетпес үшін тәуекелге бел буып, шұбат өндірісіне бет бұрдым. «Aqtore camel milk» брэндімен үй жағдайында кішігірім цех аштық. Шұбат пен қымыранның не екенін тереңнен зерттей бастадым», — дейді Айжан Райымбекова алғаш кәсіпке келген кезеңін күлімсірей еске алып.

– Шұбат пен қымыран бірнәрсе емес пе?! – дедік біз әңгіме ауанын жалғай түсіп.  

– Жоқ, екеуі екі түрлі сусын. Қымыран – дромедар деген екі өркешті түйеден алынатын, майлылығы 4 пайыздық сүттен жасалатын ашымалы сүт өнімі. Ал бір өркешті аруанадан сауылатын, майлылығы 3,8 % болатыны шұбат делінеді. Қымыранның майлылығы жоғары. Ал фермамызда бір өркешті, қос өркешті түйелеріміз бар. Соны сауып, қалаға әкеліп, жаңа құтыларды өзім жақсылап стерилизация жасап, қолмен құйып сата бастадым. Алдымен базарға апарып саттым. Сосын көршілеріме тараттым. Адамдар танып, үйден әкете бастады. Сосын Инстаграмды қолға алдым, — дейді фермер келіншек.

 

Қайтарымсыз грантқа қол жеткізді

 Былтырғы жыл «Аqtore.camelmilk» жеке кәсіпкерлігі үшін табысты жыл болды. Осы орайда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айту керек. Айжан Темірханқызы бірнеше жыл қатарынан «Атамекен» палатасының «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына бірнеше рет қатысып, жеңімпаз атанған. 2024 жылдың аяғында мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алды.

«Алдағы уақытта кәсібімнің одан әрі жақсы дамуы үшін керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, өнімімді тек Шымкент қаласы бойынша ғана емес, бүкіл қазақ еліне тасымалдауды көздеп отырмын», — дейді ол.

Кәсіпкер  мемлекет берген 5 миллион теңгеге автоматтандырылған 3 құрылғыға осы  мегаполистегі цех құрал-жабдықтарын жасаумен айналысатын «Бердібеков» ЖК-нен қол жеткізіпті.

– Бірінші ҰПВ (ұзақ пастерлеу ваннасы) ішіне сүтті құямын. Бұл сүтті зиянды микроорганизмдерден залалсыздандыру мақсатында пастерлейді. 63 градусқа дейін ғана жылытуға болады. Ыдыратқыш (диспергатор) арқылы қосымшалар қосамын. Бұл құрылғы қатты кернеумен қосылған қосымшаларды біртекті массаға айналдырады. Қаптамалы құбырлы жылу алмастырғышта сүт суытылады. Суытылған соң қайта пастерлеу ваннасына айдап, қозғап, дәмін көріп, қайта айналдырып жіберіп, соңында құтыға құямыз. Бұл құрылғылар толық цикл емес, жарты циклды зауыт есебінде, құтыға құюға дейінгі процесс. Тағы автоматизацияланған құрылғы алсам, құтыға өзі құяды. Сонда толық цикл болады. Құтыға құятын құрылғының бағасы – 7 миллион теңге шамасында, — деп Айжан қайтарымсыз грант қаржысын қандай мақсатқа жұмсағанымен бөлісті.

— Неге қолмен істей бермеске?! – дейміз ғой айтып жатқан шаруасын бір қарағанда көзге оңай көрініп.

— Сүтті ауылдан алып келіп,  қорабамен (ашытқы) дайындаймын. Ол 1-2 күн тұрады. Сосын бәрін бірге араластырамын. Сүтті қайнатып, қайнатпа сүт пен шикі сүтті арнайы технологиямен араластырамын. Біраз уақыттан кейін ашып, қымыран болады. Соның бәрін қолмен араластырған соң құтыға құйылғанда суы бетіне шығып кететін. Тұтынушылар сөйлеп жататын. Оның үстіне қолмен 50 литрден асыра алмайтынмын. Үлгеру мүмкін емес. Жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс анағұрлым жеңілдеді. Бұл құрылғыларды кейін басқа да түрлі мақсаттарға, мысалы, джем, қаймақ істеуге қолдануға болады.

— Құрылғы алғанға дейін күніне қанша литр сатылымға шығаратын едіңіз? Қазір қанша литр саудалап жүрсіз?

– Құрылғы алғанға дейін жазғы маусымда күніне 50-60 литр сүт саттық. Жазда сүт тез ашиды. Бәрі тез сатуға тырысады. Сәйкесінше бағасы да арзандайды. Қазір қалада литрін 1500 теңгеден әрең табасыз. Сағатына 100 литр шығаруға жаңа құрылғының қуаты жетеді. Бизнес жобам бойынша бір жұмысшы алуым керек. Егер жұмысшы қабылдасам, 300 литрге дейін шығара аламыз. Сонда құтыға құю, дүкенге тасумен өзім айналысамын. Оның барлығы қара жұмыс.

Қазір «Атамекен» палатасы сүтті қайта өңдеу туралы оқу-жаттығу практикалық жұмыстарын жүргізіп, түйе сүтін өңдеудің жаңа технологиясын үйретіп жатыр. Логотипімді жасауға көмектесті.

— Шаруа қожалықтарыңызда қанша бас түйе бар?

— Шаруаны бастаған кезде 100-ден аса түйе болды. Қазір 70-ке жуық. Түйе де қартаяды. Түйенің төлін 1,5 жыл саууға болады. Енді ауыл-аймақтан сүт жинауға кірісеміз. Бізге сол да тиімді. Өйткені қожалықтың жұмысын жүргізу оңай емес. Малшы, сауыншының жалақысы, жатын орны, ішіп-жемі, малдың күтімі, ем-домы, бәрі қаржыға кеп тіреледі. Әрбір мал жылына кемі екі рет тексеруден өтеді. Ауру мал емделіп біткенше біраз уақыт сауылмайды. Сондықтан шығыны шаш етектен. Бар малымызды сауып, қалғанын ауылдардан жинасақ па деп  отырмыз. Түркістан облысында түйе қожалықтары көп. Жазғы уақытта сүт көбейгенде қайда жіберерін білмейді.

Мақсат – ұзақ сақталатын өнім шығару

 — Басқа қала, мемлекеттерге экспорттауға болмай ма?

— Түркістандағы «Golden Camel milk» зауыты сүтті қатырып, сосын ұнтақ күйінде Қытайға жібереді. Балғын күйінде жіберу мүмкін емес. Барам дегенше жол-жөнекей ашып кетеді. Сүті 2 тәулікке ғана шыдайды. Қымыран тоңазытқышта 7 тәулікке дейін ғана сақталады. Мақсатым – ұзақ сақталатын өнім ойлап табу. Шұбаттың «Чалл» деген түріктің айранына ұқсас жеңіл түрі бар. Соны адам бір ұрттап дәмін көретін кішігірім құтыдан бастағым келеді.  Үлкенін алып жүруге ыңғайсыз ғой. Мысалы, Дубайда түйе өндірісі жақсы дамыған. Балмұздақ, шоколадты сүтін сатады. Бірақ өнімнің бұл түрлері бізде бәсекеге қабілетті емес, өйткені түйе сүті қымбат. Ал балмұздақтың неше түрі дүкендерде самсап тұр.

Елімізде түйе сүтінің маманы өте аз. Дүкендерді қарасаңыз, отандық шұбат, қымызды табу қиын. Башқұрт қымызы деген бар. «Бал қымыздың» сыртында да Башқұртстан деп жазылып тұр. Мәселен, оңтүстікте шұбат өндірісімен «Ақбастау», «Отырар шұбаты»  дегендей бірді-екілі кәсіпкерліктер аз ғана көлемде айналысады. Ал сұраныс өте көп. Жұрт таза өнім ішкісі келеді. Өскелең ұрпақтың сүйек қаңқасының дұрыс қалыптасуына көптеген витаминдер жетіспей жатады. Ағарған ішіп өскен балада кальций, магний, фтор секілді элементтер болады. Бұл проблемаларды өзімнің балаларымнан байқадым, себебі күнделікті мектепте немесе көшеде тек газдалған тәтті сусындардың белең алуы қатты алаңдатты. Жасөспірімдер арасында газдалған тәтті сусындардың орнына ұлттық шұбатымызды қолданысқа енгізіп, насихаттасақ, ұлт саулығына титтей болса да үлес қосқанымыз деп білемін. Төрт жылдық еңбектің нәтижесі, бүгінде балаларымның сүйіп ішетін сусыны – шұбат. «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» демекші, ата-ана үйде пайдалы сусындарды сүйсіне отырып ішсе, бала да қуана сімірері сөзсіз. Тек менің балаларым емес, бүкіл қазақ еліне шұбат пен қымыранның кішкентай құтысын дәріптей алсам, мақсатыма жеткенім. Басты мақсатым – халық арасында ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық сусынын дәріптеу. «Бөрте» бренді сияқты масштабқа шыққым келеді.

Сол үшін де осы саланы қолға алып, алға қойған үлкен мақсатыма аз-аздап болса да қадам бастым. Осы қадамымның нәтижесінде Қазақстанның 100 үздік кәсіпкерінің бірі атандым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе.

Ай сайын — миллион

 — Қандай керемет! Адал еңбек мұратқа жеткізді деген осы. Бұл кәсіппен айына қанша табыс табасыз?

— Айына 300-400 мың теңге, кәсіпті кеңейтсем, 1 миллион теңге табыс табуға болады. Қытайдан келетін миллион қоспасы бар өнімнің орнына шөлді қандыратын, денсаулықты нығайтатын ұмытылып бара жатқан ұлттық сусынымызды жаңғыртып жатырмын.  Бір жақсы жері, қалдықсыз кәсіп. Бұрын құрт жасайтын едім. Онша жақсы өтпеді. Өйткені түйенің сүті өте майлы болады. Ол асқазанда қорытылмайды. Ал түйе сүтінде казеин атымен жоқ, иммуноглобуллин, С дәрумені 5 есе,  фосфор, темір 2 есе көп. Микроэлементтерге бай.

Кәсіпкердің айтуынша, түйе ежелден шөлді-тұзды аймақтардың табиғат жағдайларына жақсы бейімделген, шыжыған ыстықта да апталап сусыз тіршілік ете алатын бірден-бір түлік. Соған қарамастан, оларды жазда күніне 2 рет, қыста 1 рет суару қажет, тұзды-кермек суды жақсы ішеді. Қолайсыз табиғат жағдайларында азық ретінде пайдалану үшін өркешіне артық май жиналады. Кеудесіндегі, табандарындағы, шынтағындағы, тізесіндегі қажау сүйелдерінің арқасында ыстық жерде, құмда жата алады. Түйенің тағы бір биологиялық ерекшелігі – қыста қолда бағуды, сапалы азықтандыруды және жылы қораны керек етпейді. Бірақ түйе жүні қырқылғаннан кейінгі алғашқы аптада өкпек жел мен жоғары ылғалдылыққа төзімсіз. Осы мезгілде олардың жауын-шашын мен суыққа ұрынбауын қамтамасыз ету керек.

Түйенің сүті, еті, жүні пайдаланылады. Сүтінен емдік қасиеті бар шұбат, май, сыр, дайындалса, еті тағамға қолданылады, ал жүнінің 85 пайызы таза, өте бағалы түбіт.

 

Барлық дертке дауа

 — Шұбатпен емдеудің артықшылығы неде?
— Шұбатты бір қорландырып алады да, одан әрі ешқандай ашытқысыз

ашыта береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында шұбатты торсықта немесе ағаш күбіде ашытқан. Ол бір тәулікте өз бабына келеді. Шұбатқа арналған торсықты түйе мойнағынан жасайды. Шұбат ашытқаннан кейін, оны адамға берер алдында шайқап, көпіршігін жақсылап араластырып ұсынады.

Әлемдік медицинада өзіндік орны бар Әбу Әли ибн Сина: «Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі» деген екен. Ал түйе үнемі құмда, сортаң жерде жүргендіктен, тұла бойы тұнған емдік қасиет. Сәйкесінше, шұбатта ми мен жүйке жүйесіне пайдалы қант лак­тозасы, диабет, ісік аллергиясы, бауыр қабынуы мен псориазға қарсы дененің иммунитетін арттыратын антиденелер бар.
Сондай-ақ үйге шақырған қонағыңызға шұбат сусынын ұсынатын болсаңыз, жеген асын қорытуға жақсы көмектеседі. Келген қонағыңыз да сізге разы болып кетеді.

Ол қанның құрамдас бөліктеріне және қанның түзілуіне қолайлы әсер

етеді. Бауырдағы алмасу процестері қалпына келеді. Оның нерв жүйесіне ықпалы сүт қышқылының және көмір қышқыл газының әсеріне байланысты.

1 кесе қымыранда – 100 %, ал гориллада – 50 % ынталандырушы бар. Шұбат дегеніміз – шипалы ем, нәрлі сусын. Халық оның емдік, қоректік қасиетін көптеген ауруға ем ретінде пайдаланады. Ол қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартады. Жалпы қоректік заттарға өте бай. Түйе сүті созылмалы өкпе құрты, бауыр мен сары ауру, өт жолының қабынуын емдеуде таптырмас дәрі. Құрамында А1, В1, D, E, C дәрумендері бар түйе сүтінің инфаркт пен инсульттің алдын алуда маңызы зор.

Шұбатта табиғи иммундық қасиеті адам денсаулығына пайдалы түйіршік белоктар бар. Отандық және батыс ғалымдарының мәліметтері бойынша, алты ай бойы күнделікті астан 30 минут бұрын бір литр шұбат ішкен жағдайда оның ісік, тыныс алу, ас қорыту жолдары және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеуге ықпал жасайтындығы тұжырымдалған.

Елімізде шұбаттың бір литры 1500 тг болса, Қытай елінде бір литр шұбат 9000 тг. Ал Еуропада бір литр шұбат 16 000 тг көлемінде екен. Сонымен қатар Қытай және араб елдерінде түйе сүті мен шұбатты балабақшадағы ас мәзіріне қосқан. Какаоны сиыр сүтіне қарағанда түйе сүтіне қосып ішкеннің пайдасы жоғары екенін дәлелдеген.

Әлемде түйе сүтін өндіру – сұранысқа ие бағыттардың бірі. Қазақы түйе сүтінің сапасы мен майлылығы жоғары екенін, тіпті, шетелдік мамандардың өзі мойындаған.

Ал шымкенттік ғалымдар түйе сүтінен лактоферрин затын алу әдісін ойлап тапты. Дәрігерлер оны қатерлі ісікке карсы қосалкы ем ретінде пайдалануға болатынын айтады. Ғалымдардың соңғы зерттеу нәтижелері бойынша, шұбат онкологиялық ауруларға шалдыққан кісілерге пробиотик ретінде табиғи таза құрамымен көмектеседі екен. Әсіресе, шұбат – өкпе дертінің барлық түріне дауа.


P.S. Айжан қалалық жерде шұбат пен қымыран сатып, табыс тауып отыр. Әрі үй-ішін ағарғанмен, өзін жұмыспен қамтамасыз етеді. Өзі үшін ғана емес, өскелең ұрпақтың, ұлттың саулығына қызмет етіп жүр. Мемлекет қолдауына ие болып, қайтарымсыз грант алды. Айжан сияқты келіншектерге қарап қызығасың, мотивация аласың!

Біз Айжанға сәттілік тілеп, қимай қоштастық.  

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

Шымкент қаласы

Суреттерді ұсынған автор 

 

 

Бүгін, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс
28 наурыз, 14:21
Шұбат өндірісін жолға қойған кәсіпкер келіншек
27 наурыз, 15:56
Астық экспорты қарқын алып келеді
27 наурыз, 14:36
Бескөлдің табиғи сүті: сапа және сенім
27 наурыз, 13:56
Дарбаза – Мақтарал: өңірді дамытатын мегажоба
26 наурыз, 15:11
Газ өндірісі - нақты сектордың локомотиві