Шоқтығы биік шығарма

09 желтоқсан 2022, 11:08

(Кенесары өмірінен жазылған тың туынды туралы пікір)

Қазақ халқы ұлт-азаттық күресінің көсемі Кеңесары ханның он жылға созылған жорығын кең көлемде бейнелеген белгілі жазушы Әділбек Ыбырайымұлының жақында «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы жарық көрді. Оның бұл жауапкершілігі үлкен, қасиетті де құдіретті тақырыпқа табандылықпен тайсалмай барғанына шексіз қуандым. Сол қуаныш құшағында кітапты қатал сын көзбен қарай отырып, мұқият оқып шықтым. Автор көп ізденген, көп еңбектенген. Онсыз оның үш ғасыр көлеміндегі қанды қырғын оқиғаларды жинақтай суреттеуі мүмкін еместей. Әсіресе, тарихи тұлғаларымыздың бейнесін даралап, өздеріне тән қасиеттерімен сомдаудағы жетістігі көңілімді көншітті. Жазу мәнері – ешкімді қайталамайды, өзіндік сыршылдығымен, шымырлығымен тартымды.

Әділбек – суреткер жазушы. Бұл миллионның біріне бұйыра бермейтін табиғаттың қымбат сыйы. Оқырманын сан алуан оқиғаға араластырып, кейіпкерлерімен бірге қуантып, бірге қайғырту тек суреткердің ғана қолынан келетін құдірет. Бұған роман-трилогияны оқыған әр оқырман қапысыз көз жеткізері анық.
Аталмыш туынды үш кітаптан тұрады. Бірінші кітап оқиғасы қазақ халқының соңғы ханы Кенесарыны тұтқындап өлтірген Орманбет манаптың албандардың аға сұлтаны Тезек төрені анасының асына шақыруынан басталады. Ә дегенде автордың «мұнысы қалай, Кенесары хан жорығын бейнелеудің орнына, оны өлтірген қырғыз манабы мерейінің үстемдігін марапаттаудан бастағаны несі?» деген әрі-сәрі күй кешкеніміз, көп ұзамай автордың суреткерлік шешімінің дұрыстығына көз жеткізіп, сабамызға түскеніміз бар. Автордың ұтқаны – Тезек төре өзінің абырой-беделін ойлап, Орманбет манаптың анасының асына Сұраншы батыр мен Сүйінбай ақынды, Бөлтірік шешенді ертіп баруы.
Сән-салтанаты келіскен аста қырғыз ақыны Қатаған мен қазақ ақыны Сүйінбайдың айтысын автор шығарма желісіне енгізгендегі мақсаты – біріншіден, оқырманға эстетикалық ләззат сыйлап, екі елдің рухани жан дүниесі, ой дүниесі байлығының қаншалықты деңгейде екенін талғам таразысына салуы, екіншіден, жеңілгенін мойындап, тиісті сый-сияпатын жасап баққан қырғыз бай-манаптарының басқыншылық жолымен байыған мақтансүйгіш әрекетін әйгілеуі тарихи шындық негізінде тамаша жүзеге асқан. Бейбіт сүйгіш халқымыздың 1723 жылы жоңғарлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» азабына ұшырап, жылдар бойы ес жия алмауына жоңғарларды желіктіріп, бізге қарсы айдап салған орыс пен қытай ғана емес, қоқан мен қырғыз билеушілері де кінәлі екені шығармада жан-жақты бейнеленген.
Қазақ батыры Бердіқожаның қырғыз батыры Шонықпен жекпе-жегін автор былай суреттейді. «Күреңіне қамшы басып, ілгері атырыла жөнелді. Жануар шапқанда салпаң құлағын жиып алады екен. Шонық найзасын ілгері ұмсына ұстап шүйліге, көк сүңгінің ұшымен Бердіқожаның кеудесін нысынаға алды.
Қарақызыл қас жауына атқан оқтай самғады. Қарама-қарсы құйғыта аққан екі аттың тұмсығы түйісті. Сол кезде Бердіқожа көз ілеспес шапшаңдықпен кеудесіне шаншылуға шақ найзаны қолының сыртына қарай қылышпен қағып жіберді де, алдаспанды өзіне қайта қайырғанда Шонықты тамақтан орып түсті. Ол бірден ат сауырына шалқалай құлап, қолындағы найзасы шеңгелі жазылған уысынан суси берді. Кілт кері бұрылған шалымды қарақызыл иесінің дәргейінен шығып, беталбат сенделген күреңге төпей кеп таянды. Бердіқожа күрең атты шаужайынан алып, өз сарбаздарына қарай жетелей жөнелді. Ер үстінен оң қапталына ауғанмен барғынның батыры сыпырылып қалмай салақтап барады». (27 б.)
Жекпе-жек дәстүрі бойынша майдан даласынан қарсыласының атын жетектеп, өлген иесін қоса әкету – жеңген батырдың абырой-беделін асырар айбын саналған. Бердіқожа елге алғаш осылай жүректі, білекті батыр ретінде танылады.
Роман-трилогияда жекпе-жектерді, ұрыс алаңдарын бейнелеу жиі кездеседі, әрі олар бірін-бірі қайталамайды. Бұл шығарманың патриоттық рухын асқақтатып, көркемдік келбетін әрлендіре түсуге қызмет еткен.
Айырқалпақты қырғыз ағайындар тағдыр талқысымен атажұрты Енесайдан арып-ашып жеткенде, Үйсін атаның ақсақалдары мен билері құшағын жая қарсы алып, төріне оздырып, бауырына тартып, Алатаудың күнгейін, одан әрі Ергененің (Ферғананың) таулары мен жазығына дейінгі жер аумағын басыбайлы сыйлағанын, енді бүгін сол жақсылықты ұмытып, Қоқан бектерінің айтақтауымен өзіне жау болып, қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратуын қалай бағаларыңды білмей дал боласың.
Тағы мына мысалға жүгінелік. «Білегіне шоқпар іліп, аяғын көсіп сап тұрған дембелше жігіт алға шықты.
– Сендер Қаратау, Ілені, Үшаралды босатып, Арқаға көшіңдер! – Ештеңеден қымсынып тайынатын түрі жоқ, төбеден ұрғандай. – Мына Таластан, – иегімен сол иығын меңзеді. – Шымкентке дейінгі арадан өз аяқтарыңмен кетесіңдер, кетпесеңдер күшпен кетіреміз!» (32 б.) Талай ауылдарымызды қызыл қанға бояп, астамшылығының асқынғаны соншалық атажұрт үшін шайқаста құрбан болған қазақтардың басынан кәллақала тұрғызған, өзін «қырғыздың ханымын» деп жариялаған Сәдірдің пиғылын таныған Төле би бастаған игі жақсылар көмек сұрап, Бұқар жырауды Көкшетаудағы Абылай ханға жұмсауы, Абылай ханның «мен қырғыз халқымен соғысуға бармаймын, Сәдірлермен соғысуға барамын» деп жорыққа дайындалуы роман-трилогия рухын барынша асқақтатып тұр. Осы жалғыз ауыз сөзімен-ақ Абылай хан Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы майдан даласында туды құшақтап өліп жатқан орыс офицерін көрген сәттегі Бонапарт Наполеонның өлсең осылай ерлікпен өл дегендей: «Міне, нағыз сұлу өлім» деп сүйсінгені тәрізді қазақтардың қанды қырғынға ұшырауына қырғыз халқы емес, Сәдірлер кінәлі екенін дәл тани білгендігі ханымыздың парасаттылығына, қиын сәтте батыл шешім қабылдай алатынына толық көз жеткізеді.
Кешікпей Абылай хан әскерімен Шу, Таласқа келіп, Сәдірдің басын кесіп, қырғыз манаптарының «бұдан былай қазақтармен тату-тәтті тұрамыз» деген антын алып, кері қайтуы, арада біраз уақыт өткеннен кейін ол ант ұмытылып, қайта қантөгістің басталуы, ханымыздың қырғыз манаптарын қайта жазалауы сол кезеңнің қаншалықты арпалысқа толы, ауыр болғанын аңдатады.
Жоңғарларды жеңіп, Отанды азат еткенде бас сауғалап қашып, аман құтылған жоңғар нояндарының шағыстыруымен 1756 жылы қытай-қазақ соғыс өртінің тұтануы, ол өртті ұзаққа создырмай келіссөзбен өшіруі Абылай ханның саясатгерлік талантының қандай өреде екенінен хабар береді. Орынбор губернаторы қабылдауында болғанда сары түсті орындыққа – губернатор жайғасқанда, Абылай хан өзіне арналған шағындау былғары орындыққа отырмай, оны «жатаған және қолайсыз» деп, ханға лайықты екі жағында шынтақ тірегіші бар орындықты талап етіп алдыртуы – «сендердің айтқандарыңа көніп, иліге беретіндерден емеспін, менімен санасыңдар» деген емеурін аңғартуы мінезге, ақылға бай, дана хан екенін дәлелдей түседі.
Ақыл тәжірибесіне сүйеніп, орыстың әйел патшасымен де, қытай боғдаханымен де тіл табысып, байланыс орнатуы, әрі қытаймен одақтаспын дегенді алға тартып, шын мәніндегі тәуелсіз билеуші ретінде халқының бейбіт өміріне қорған бола білуі, соңғы кезде Тәшкендегі жағдайдың қиындағанын, бұл жақтағыларға ықпалының әлсірегенін, қатердің күшейіп бара жатқанын сезіп, мазасыздануы, ақырында әкесінен артық жақсылық жасаған ұстазы Төле бидің кесенесіне барып мінәжет етуі, түсінде басында ақ қалпағы бар, қудай сақалы кіндігін жапқан, қабағы қатыңқы қалпы аса таяғымен жерді тоқ еткізіп: «Тоғыз жолдың торабы Тәшкентте тектінің ұрпағы аз қалды. Қырық нәсілді құрама қырық рулы жұртыңа қатер төндіріп тұр. Етекбасты бейғамдық пен алауыздықтан арылмасаңдар, түбі оңбайсыңдар. Түрегел, жылдамырақ қам жаса, әрекет ет!» – деген Төле бидің даусын анық естуі, «бісімілла, бісімілла» дей түсіп, «жарықтық-ай, көзінің тірісінде пана болып еді, өлсе де шарапатынан сырт қалдырғысы жоқ-ау» деген ойды көңіліне медет тұтуы, Бердіқожа батырды шақыртып: «Менің орныма хан сайларда, ұлым Қасымды таңдаңдар. Ол өте табанды және әділетті, ұлтына қамқор, антына берік хан болады», – деп соңғы аманатын айтып үлгеріп, демінің үзілуі – Омбыда арнайы әзірленген, әсері еш сезік тудырмайтын, зарары жуықарада төңірегіндегілеріне сезіле қоймайтын, тек уақыт өте сойқанды салатын удан келген пәле екені жанымызды жабырқатып, ашындырды. Ержүрек, дана ханымызды өлімге қимадық. Демі таусылар сәтінде де: «Менің орныма хан сайларда, ұлым Қасымды таңдаңдар. Ол өте табанды және әділетті, ұлтына қамқор, антына берік хан болады», – деп ел келешегін ойлауы қандай қасиеттілік?!
Шығармада ұстазы дана Төле бидің де бейнесі даралана сомдалған. Ойымызды тиянақтау үшін дәлелге жүгінелік. Зорлық-зомбылықтан, атыс-шабыстан жапа шеккен жұрт арасынан: «Басымызды құрайтын бір азамат бар ма? Қор болып өлгенше, қол болып шайқасып, жаудың жағасында кетейік», – дегендерге, көп ішінен Қарабек деген жігіттің күңкілдеп, «жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ» деп қалғанын естіген Төле би:
– Уа, көсіле шабар жерің бар,
Ту көтерер ерің бар.
Қол боларлық ерің бар,
Атадан қалған жолың бар,
Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Арылмайтын сорың бар.
Еркек болып туды деп,
Мына сені кім айтар? –
деп әлгі сөздің иесі Қарабекті топтан қудыруы (67 б.) – азат ел болудың жалғыз жолы – тек күрес деген ойды әр оқырман жүрегіне ұялатады.
Роман-трилогияның басты қаһарманы – сұлтандар мен би-шонжарлардың басын қайтсем біріктірем деген Кенесары ханның – бұра тартқандарға аяушылық танытпауын, ымыраға көнбеген ақ патша старшыны Балқожаның ауылын шауып, оның ұлы Алтынсарыны (Ыбырайдың әкесі) өлтіруін, мал-мүлкін түйелерге артып әкете бастауын соғыс кезеңіне лайықты қаталдық деп білеміз. Балқожа бидің қызы Назеркенің ханның алдына келіп, «мен дүние есігін ашқанда әкемнің досы сіз қандай көрімдік берсем екен?» дегеніңізде, әкем Балқожа «балам есейгенде көрімдігін өзі сұрап алар» деген екен. Сол көрімдікті сұрай келдім» деуі, сөзден жеңілген Кенесары ханның түйелерге артылған мүлікті кері қайтаруы, шылбырмен маталған тұтқындарға бостандық беруі жан сүйсінер өреде суреттелген.
Арада бір жыл өткен соң, Назерке Кенесары ханға арнайы барып, бәйбішесі екеуін қонаққа шақыруы, ханның «орыс патшасына ант берген қыпшақтың үйіне бармаймын» деуі, Күнімжан бәйбіше: «Төрем, алдыңа кеп отырған көп батырдың бірі емес, қыз бала» деп райынан қайтармақ болуы, Назеркенің: «Хан көке, әкемнің досы сізді орыс патшасына ант берген Балқожа би шақырып отырған жоқ, елдің азаттығын аңсаған, амандығын тілеген, сіздің мәрттігіңізге бас иген мен шақырып отырмын», – дей келе өз ырқына көндіруі – тапқырлықтың тамаша үлгісі (2-кітап, 253 б.). Осы шағын эпизодта үш адамның; Кенесары ханның қатал, қатты, Күнімжан бәйбішенің тұла бойы мейірімге толы сабырлы, салиқалы, Назеркенің ер мен ерді ғана емес, ел мен елді елдестірер даналық мінезі даралана бейнеленген.
Шығармада Кеңесары хан Балқожа бидің үйінде бір күн қонақ болып, қоштасар сәтте Назерке қызына бата бермек сыңай танытқанда: «Хан көке, батаңызды маған емес, Алтынсары бауырымның жалғыз ұлы Ибраһимге беріңізші» (261 б) дегенінен оның бауырмал-мейірімділігін ғана емес, ертеңгі күні ел анасы болатын болмысын да танып, сүйсінеміз (261 б).
Роман-трилогияда қазақ халқының көреген қартының бірі – Батырбек датқа бейнесі де сәтті сомдалған. Әулиеата мен Түркістан өлкесін орыс билігіне қарату туралы тапсырма алған генерал майор Черняевтың Батырбек датқа мен Шоқанды қабылдауы, генералдың алдында жуандар «алдияр тақсырлап» бас шұлғи беретінін көріп жүрген Шоқан датқаның генералмен тілдескенде өзін теңдей, тіпті кейде одан жоғары ұстағанына, әр сөзін нық, қысқа қайырғанына қайран қалуы, қызметтен қолы босаған күні датқаның үйіне іздеп барып, ұзақ әңгімелесуі, ең соңында, ұнатқан адамының «мына басқыншы орыстар қам-қарекетсіз жүрген қазақтарды өлтіру үшін өмір сүреді» (2-кітап, 31 б.) дей түсіп, кейде адамның жақсы ниетпен де жаңсақ қадамға баратыны, саясаткердің әр елге керек екені, алайда мансап көздеген барлық саясаткер қатыгез әрі қорқақ болып келетіні, оны Қоқан хандығынан, Бұхара билеушілерінен, енді орыс патшасынан көріп отырғаны туралы сыр шертуі Шоқанды қатты ойландырады. Әсіресе, Әулиеата халқын, бала-шаға, жас-кәрі демей қанға бояп, аяусыз қырғынға ұшыратқан қанішер генерал Черняевқа қызмет етіп, туған халқын бодандыққа беріп қойғанын түсінген оның көзқарасының түбегейлі өзгеруін – Батырбек датқа ұстамының шарапаты деп ұқтық. Оның болмыс-бітімінен халқымыздың дана бейнесін көргендей болдық.
Туындыдағы намысыңды тас қайрақша қайрар жорықтың бірі – Кенесары хан құнын жоқтап, айырқалпақ киген манаптарды шапқалы атқа қонған Тәнеке би мен Барақ сұлтан жорығы дер едік. Қазақ сарбаздарының қаһарынан ығып, Қоқан ханының қарамағына бас сауғалай қашып барған Орманбет, Жантай, Жанқараш манаптар: «Қырғыз елін қырғыза көрме, сұрағандарын беріп, көнбей бара жатса аздап қан шығарып, алдаусыратып аттандырып сал» деп Шыжым биге ауыр міндет жүктеуі, оның ол міндетті ойдағыдай орындап, сөйлеген сөзімен де, қимыл әрекетімен де, тапқыр шешімімен де екі халықтың өзара тіл табысып тату-тәтті тірлік кешкен бейбіт өмірге ештеңе жетпейтініне ой жүгіртуі – қырғыз халқының даналығы дерліктей. Оның қаһарға мінген Тәнеке би мен Барақ сұлтанның алдына ақ қалпағын тастай салып: «Айыбымыз жоқ, тек жапа шеккен жұртпыз деп айта алмаймыз. Арадағы жанжалды ұшындырған сөзге еріп, бір жағына қиқайған шоң мен шоралардың қылығы – бізді осыған әкеп отыр», – дей келіп, «қалың қазақтың ортасындағы сұлтандар сатқындыққа барып, Кенесарыны көзіне шұқып қудаламағанда қырғыздар да жат мінез көрсетпес еді» (387 б.) деуі қара қылды қақ жарған әділ би екенін дәлелдейді.
Шыжым бидің лебізін естіген Тәнеке би: «Біз қазақ пен қырғыздың арасын ашуға, ортасына жік салуға келген жоқпыз. Ел ішіндегі шектен шыққан содырларды сабасына түсіріп, тәубасын ұмытпауды ескертуге, ханымыз Кенесарының, сұлтандардың, сарбаздардың өліміне кінәлілерді іздеп, кек алуға келдік. Кінә – халықта емес, халықтың арасындағы бишікештерде» деуі, Шыжым би «айыбымызды мойнымызбен көтереміз. Кенесары ханның құны үшін жиырма жігітімізді құрбандыққа шалып, осы жерде бауыздаймыз, сұлтандардың құны үшін мың жылқы, қыршынынан қиылған сарбаздардың өтеуіне он ақ орда, он қыран, он тайған» (2-кітап, 389 б.) дегенде, Тәнеке бидің «ең бастысы, Кенесары-Наурызбайдың қылышы мен найзасын қайтарыңдар» деуі екі жақты мәмлеге келуге үміттендіргенмен, «құрбан болатындай жазығымыз не, қалай қиясыңдар қыршын ғұмырымызды?!» деген жиырма жігіттің қасіретті үнін ешкім елемей, жаналғыштардың қындарынан алмас қанжарларын суырып, күре тамыры білеуленген алқымынан орып жіберген сәтті жазушы: «Ып-ыстық қан қара тасқа шапшып, төмен қарай буы бұрқырай ағып жөнелді. Қол-аяғы байланған жас денелер жантәсіліммен қалш-қалш етіп, кеңірдек пен өңеш қор-қор дыбыс шығарады» (391 б.) деп суреттеген.
Жантүршігерлік мұндай қатыгез көрініс төл әдебиетімізде бұрын-соңды бейнеленбеген тәрізді. Қалай десек те, біз марқұм Кенесары ханның құнына ешқандай құн тең келмейтінін мойындап, оның бойындағы азаттық жолындағы ерлік рухын мақтан етеміз.
Тағы бөле-жара айтарымыз, қанды шайқаста Қабанбай батырдың аты мертіккенде астындағы атын көлденең тартып, ажалдан аман алып қалған Бердіқожа батыр ерлігі. Мұндай жан сүйсінер эпизодтар роман-трилогияда көп. Сұраншы, Саурық, Наурызбай, Тойшыбек, Байсейіт, Бұғыбай, Иман, Жеке, Жанайдар, Ағыбай, Жәуке, Аңғал, Бұқарбай, Дулат, тағы басқа батырлардың зұлым жауды жеңудегі қажыр-қайраты жанымызды жадыратып, кеудемізге ерлік рухын еселеп еге түсті.
Тәуелсіз ел атанғалы бері Кеңасары ұлт-азаттық көтерілісі туралы қырғыз ағайындар да әділет жолына түсе бастағанын автор қырғыздың белгілі тарихшысы Зәмірбек Осаровтың Кеңесары қырғызға соғыс аша келмегені, керісінше, көмек сұрай келгені туралы жазғанына тоқтала отырып, «егер біз қазақтың ұлы ханы Кеңесарыға қырғыз халқының жасаған қиянаттығын айтып, Бішкекте оған ескерткіш орнатсақ, сөйтіп бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрасақ жөн болар еді» деген парасатты пікірін орынды келтірген. Бұл «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген халық даналығынан тәлім алып, екі туыс халықты жақындастыра түсуді мақсат еткен қадам.
Роман-трилогиядағы бас қаһарман Кенесары хан қазасын ойлағанда, одан әлденеше уақыт бұрын өмір сүрген ержүрек итальяндық ақын Джардо Бруно еске түседі. Ол – Коперниктің күн жерді емес, жер күнді айналады деген пікірін қолдағаны үшін сегіз жыл зынданда отырып, адам айтқысыз азап шексе де, сенімі мен ұстанымынан айнымайды. Надан тобыр оны өртеп өлтірер сәтте: «Қаһармандық рухтағы хас батырларға бүкіл жаманшылық бақ болып оралады. Олар тұтқынға түссе де, оны ұлы еркіндіктің жемісі ретінде қабылдайды. Жеңілістің өзін келесі бір жеңістің жәрдемшісі ете алады. Менің бүгінгі жағдайым ешқандай да жеңіліс емес, жеңіс», – деген соңғы сөзін есіме алып, қазақ мемлекетін қалпына келтіруді көксеген Кенесары хан рухы мәңгі тірі, ол бізбен бірге жасай береді деген ойымды толық сеніммен айта аламын.

Мамытбек Қалдыбайұлы,
филология ғылымының кандидаты,
бауыржантанушы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?