Шоқтығы биік тұлға

05 желтоқсан 2016, 11:34

Адам өмірі жасының ұзақтығымен емес, оның еліне, жұртына, ұлтына жасаған еңбегімен, қоғамға қосқан үлесімен, мазмұн-мағынасымен өлшенсе керек. Бұл реттен келгенде, бүгінде белгілі актер, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміров театр, кино өнерінде шоқтығы биік тұлға. Театр мен киноны қатар алып жүрген актердің шығармашылығы өнер жолы аясында әңгіме өрбіттік. Дарынды өнер иесі өзінің өмірлік ұстанымын айтып, өнер жолының қызықты сәтімен бөлісті.

 


a5ajyndylarЖас қазақ:
Әңгімемізді туған жеріңізден бастасақ. Қай жерде дүние есігін аштыңыз? Туған жеріңізге жиі барып тұрасыз ба?
Айдос Бектеміров: Мен Қарағанды облысы Шет ауданы Қарғалы деген елді мекенде дүниеге келдім. Арқаның жерінде өстік. Қысы суық, жазы қысқа өлке. Шынын айту керек, ол жақтың табиғатының өзі қаттылау болғаннан кейін адамдары да ширақ, тіршілікке бейім болып келеді.
Жас қазақ: Өнер жолына келуді балалық шағыңыздан армандадыңыз ба?
Айдос Бектеміров: Бала болғаннан кейін оның арманы оқу. Жалпы, қазақ халқы білімге құштар деп айтқым келеді. Балаларын оқытып, білімді азамат болып қалыптасуына бар күшін салады. Мен соны байқадым. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқысаңыздар, Құнанбайдың өзі балаларының білім алуына жағдай жасайды. Кітаптарын тауып береді. Одан кейін Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармасын оқысаңыз, әкесінің Ұлпанға сонау Петербордан кітап алдыруы осының дәлелі. Балалық шағым Қарғалы ауылында өтті. Екі жағын тау қоршаған қыста қары қалың жер болатын. Ол кездегі ойындар да әлі есімде. Қалың қарда бөшкенің қабырғасынан шаңғы жасап тебетінбіз. Тіпті иілген ағаштан хоккей таяғын жасап алып ойнайтынбыз. Мектепте 8 жылдық білім алғаннан кейін, 9-10-сыныпты аудан орталығында оқыдым. Мектепте спорттық үйірмелерге қатысып, тіпті бокспен де айналыстым. Бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Дауысым баритон болса да ән айтатынмын. Әлі есімде біздің ауылға театр ұжымы келіп, Бейімбет Майлиннің «Шұға» спектаклін қойған болатын. Соған қатты қызықтым. Мектептегі драма үйірмелеріне де қатысып жүрдім. Бала деген әрнәрсеге қызығады емес пе? Сөйтіп бір күні қойылымға қатысып, өзімді актерлік қырымнан сынап көрдім. Алдаркөсе туралы қойылымда басты рөлді сомдадым. Әлі есімде сол сәт. Сақал жабыстыру үшін кәдімгі желімді қолдандық. Дастарқанда дәм татып отырып, Алдаркөсенің сөйлейтін жері бар. Сол сәтті өзімше шынайы ойнағым келіп, әңгіме бастап бауырсақтан жей бастадым. Әлгі өзімше керемет бір актерлік шеберлік көрсеткім келген еді. Бір сәтте бауырсақпен бірге сақалым да аузыма кіріп кетті. Қатты сасып қалдым. Енді не істеймін бүкіл ел қарап отыр. Өзіме қиын жағдай тудырып алдым. Әйтеуір үйтіп-бүйтіп бұрылып сақалымды қайта орнына келтірдім. Сол сәт әлі есімде қалыпты. Содан кейін мектептегі мерекелік кештерге қатысып, ән айтып жүрдім. Менің әкем Төлеубай 7 жыл бойы соғысқа қатысқан адам. Әкемнің мамандығы ұста болған. Не бір тұрмысқа қажетті затты жасайтын. Соғыс кезінде Германия, Польша жерінде болып келген. Біз отбасында сегіз баламыз. Мектепті бітіріп оқуға баратын сәт келді. Әкем қандай оқуға барасың деп сұрады. Әкеме әртіс болғым келетінін айттым. «Әртіс деген не ол?», – деп барлығы қарсы болды. Басқа қажетті мамандық мұғалім немесе милиция бол деп айтты. Сөйтіп, білім қуып Алматыға келіп, мұғалімнің оқуына тапсырдым. Шыны керек, мұғалімдікке түсе алмадым. Қалаға келіп тұрып, оқуға түсе алмаған соң, ауылға қайтуға бет жоқ. Не болса да Алматыда қалам деп шештім. Сөйтіп эстрада цирк студиясына оқуға келіп түстім. Ыдырыс Ноғайбаевтан сабақ алдым. Ол кісі актерлік шеберлік дәрісінен сабақ берді. Екінші курста оқып жүргенде оқу орны басшыларының тарапынан Мәскеуге барып оқуымды жалғастыру туралы ұсыныс түсті. Қасымдағылардың бәрі «Бір ауыз орысша білмейсің, ешкімді танымайсың, ол жақта қайтып жүресің», – деп үгіттегеннен кейін ұсыныстан бас тарттым. Оқу бітіргеннен кейін мені Қазақконцертке жіберді. Мамандығым – жүргізуші көркемсөз шебері. Концерт, жүргіземін, көркемсөз оқимын. Сөйтіп ол жерде жұмыс жасап жүрген кезімде мені әскерге шақырды. Өнер адамы болғаннан кейін мені қаладағы әскери ансамбльде қалдырды. Осы ансамбльде хорда ән айттым. Содан бізді Теміртауға жіберді. Ол қалада кәдімгі әскери базадан өттік. Біздің әскерді қақаған қыста Аягөзге апарып қалың қардың арасына тастады. Ол кезде тек танк ғана жүре алады. Әскерден Алматыға қайта оралдым. Қалаға келгеннен кейін мені «Гүлдер» ансамбліне шақырды. Ол кезде «Гүлдер» дүрілдеп тұрған кезі. Сол жерде жүргізуші болып жұмыс істедім. Арасында көркемсөз оқимын. Солай ақырындап халыққа таныла бастадым. «Гүлдерде» жүріп Мәскеуге оқуға кеттім. Ол жерде Щепкин атындағы өнер ордасында 5 жыл оқыдым. Оқудың бәрі бірдей деген дұрыс емес. Негізі, оқу бірдей болғанымен, Мәскеудің оқуы бөлек. Сөйтіп үлкен мектептен өттім. Сол кездегі одақтың кіл мықтыларынан дәріс алдым. Мәскеудегі оқуымды аяқтап келгеннен кейін бізді Торғай өңіріне жіберді. Сол өңірге барып жұмысқа кірісіп кеттік. Торғайда жұмыс істеп жүргенде мені Алматыға «Бандыны қуған Хамит» фильміне эпизодқа түсуге шақырды. Осылайша Алматыға қайта оралдым. Киноға түсемін деп үш айдай осы жақта жүріп қалдым. Енді Торғайға барғанда не істеймін? Алматыда қалуды ұйғардым. Ол кезде Әуезов театрына жақындай алмайсың. Кіл мықтылар жұмыс істейді. Актерлерінің өзі Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков сынды өнер майталмандары.

381a6597
Жас қазақ: Енді қайда жұмысқа орналастыңыз?
Айдос Бектеміров: Жастар театрына барып, сол жерге жұмысқа кірдім. Әмина Өмірзақовамен бірге ойнадым. Осылайша, Жастар театрында 25 жыл қызмет еттім. «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Қызыл жебе» деген қойылымдарда ойнадым. Тұрар Рысқұловтың рөлін сомдадым. Ол кездегі халықтың театрға деген ықыласы ерекше, тіпті есікке сыймай тұратын. Осы рөлім үшін Қазақстанның еңбек сіңірген деген атағын алдым. Сол кездегі дүрілдеп тұрған Байділдә Қалтаев, Қасым Жәкібаев, Мәкір Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Смайылов сынды өнер тарландарымен бірге қызмет еттім. Сол кездегі актерлік құрамды өз ісінің нағыз шебері алып актерлер болды айта аламын. Жастар театрының үлкен мектебінен өттім. 2013 жылы үлкен театрда өзімді сынап көрейін деп қарашаңырақ Әуезов театрына келдім. Есмұхан Обаев «Айман-Шолпан» спектакліндегі Көтібардың рөліне шақырды. Бұл шаңырақта да үлкен-үлкен рөлдерді сомдадым. «Еңлік-Кебекте» — Кеңгірбай, «Абайда» Оразбай ылғи бір ерекше образдарды ойнадым. Бұл қойылымдардың ешқайсысы Шекспирдің шығармаларынан кем түспейді. 13 жылдан асты осы шаңырақта қызмет етіп жүрмін. Шүкір, еңбегіміз еленіп мәртебеміз артып жатыр.
Жас қазақ: Кейінгі кезде отандық кинолардан жиі көрініп жүрсіз. Халық сіздің «Ағайындылар» сериалындағы рөліңізді жылы қабылдады. Жалпы киноға қалай келдіңіз?

birzhan-sal-ajdos
Айдос Бектеміров: Актерді өмірінде кино актері, театр актері деп бөліп жатады. Біз жалпы оқыған кезде біздің дипломда драма және кино актері деп жазылады. Бірақ кейбірі киноға келетін актер болса, кейбірі театрға бейімді болады. Актердің өзінің дарынына байланысты деп ойлаймын. Мықты актер киноны да, театрды да қатар алып жүре алады. Театр кино бір-біріне кедергі жасамайды. Екеуінің де мақсаты бір. Образды ашу, ойды жеткізу. Ойды алып шығатын актер ұтады. Жазушы Оралхан Бөкей айтқан екен «Біреудің сөзін жаттап айту өнер емес деп». Осы сөзді кәдімгідей көңіліме алдым. Сонда ол кісінің айтқысы келгені сөз адамның ойын жеткізетін құрал. Ең алдымен, ой жеткен жерде көрермен сізді бірінші қабылдайды. Пьеса болсын, спектакль болсын ең алдымен, ойды көрерменге жеткізе алсаң, шынайы болады. Құры сөзді жаттап алып айтып шығумен ешкімді таңқалдыра алмайсың. Мен өзімді киноға келмейтін актермін деп ойлап жүрдім. Бірақ қызығатынмын. Бір күні жұмысқа келе жатсам, бір топ жас суретке түсіп жатыр екен. Мені біреуі байқап қалып:
– Ағай, сізді суретке түсіріп алсам бола ма? Киноға проба болып жатыр еді деді.

genaral-aruko

– Ой, қарағым керек емес деп қоямын.
Сонда қоймай суретке түсіріп алып кетті. Үш күннен кейін хабарласып тұр. «Фото пробадан өттіңіз, кинопробаға келіңіз», – деді. Ақан Сатаевтың «Ағайындылар» фильмі екен. Сөйтіп, үш баланың әкесінің рөлі Ерсайын деген кейіпкердің рөліне қабылдандым. Түсірілім басталып кетті. Ақан Сатаев түсірілім барысында барлық актерлерге келіп, ескерту айтып кетеді. Ал маған үндемейді. Өзімнен өзім қысылып жүрмін. Маған неге ескерту айтпайды? Үлкен болған соң көңіліме келеді деп айта алмай жүр ме деп. Бір күні Ақанды шақырып алдым да айттым: «Ұнамай жүрсем айт, орныма басқа адамды алсаң да, ренжімеймін» дедім. Сөйтсем, ол «Жоқ аға бәрі дұрыс, осылай ойнай беріңіз», – деді. Сөйтіп көпшіліктің көңілінен шыққан кинодан бір-ақ шықтым. Бір танысым айтқандай, «Аға, айды аспанға бірақ шығардыңыз ғой» дегендей. Содан басталып кетті. Одан кейін «Біржан Сал» фильмінде Жанботаны сомдадым. «Цунг-Цванг», «Алдаркөсе», «Дода» фильміне түстім. 2014 жылы Голливудқа барғаным бір қызыққа толы болды. Бір күні бір ассистент қыз хабарласып, Голливудта түсірілетін «Марко Поло» фильміне кастинг басталғанын айтты. Менен басқаларының барлығы барып, кастингке қатысыпты. Мен ғана қалыппын. Сөйтіп фотопробадан өтіп, келесі кезеңге өттім. Кинопробаға шақырды. Ағылшын тілі орыс әріптерімен жазылған сценарийді оқытты. Кинопробаға барсам, өңкей кіл мықтылардың барлығы сол жерде жүр. Кезегім келді. Тексті жаттамағам қағазға қарап оқып бердім. Өтем деген ойда жоқ. Олардың офисі Малайзияда екен. Өткен адамның суреті факспен келу керек. Барлығымыз күтіп жүрміз. Менің суретім шыққанда бәрі таңқалды. Бір уақытта қоңырау шалып құттықтады. Түсірілім күз кезінде болады дегеннен кейін жайбарақат жүре бердім. Денсаулығым сыр беріп, ауруханаға түсіп қалдым. Сол кезде ассистент қыз хабарласып, түсірілімнің ерте басталатын айтты. Малайзияға ұшуым керек болды. Ауырып жатқан жерімнен дәрігерге қолхат қалдырып, жолға шықтым. Бағытым Куала-Лумпур. Әуежайдан күтіп алып, ары қарай кеденнен өткізіп жіберді. Киноға түсуге 20 күн уақыт кетті. Намысқа тырысып, барымды салдым. Генерал Аруко деген кейіпкерді сомдадым. Одан кейін «Құнанбай» фильмінде Барақ сұлтанды ойнадым. Бұл фильм екі халықаралық фестивальдің лауреаты атанды.

img_9241
Жас қазақ: Аға буын ретінде жас актерлерге қандай ақыл айтар едіңіз?
Айдос Бектеміров: Актер ылғи әрнәрсеге дайын болу керек. Біз жастарды мақтап-мақтап марқайтып аламыз. Ал тоқмейілсу адамды құртады. Абай атамыздың бір сөзі есіме түсіп отыр «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық- аздырар адам баласын» деген. Тамағы тоқ, қарны тоқ, Әуезов театрында істеп жатыр. Міне, осының бәрі жастарды масайтып жіберді. Ал актер өзін болдым деп тоқтаған кезде оның өнері тоқтайды. 5 -10 жылда актер болмайды. Актер 20 жылдан кейін ашылып, өзінің кемеліне келеді.
Жас қазақ: Отбасыңыз туралы айтсаңыз?
Айдос Бектеміров: Отбасым туралы айтатын болсам, дәм-тұзымыз жарасып актриса Жібек Шегебаевамен отау құрдым. Ол кісі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса, еңбек сіңірген қайраткер. Үш қызымыз бар.Үлкен қызым Гүлзира, екіншісі Гауһар, кенже қызымның есімі Іңкәр. Үш қызым да жоғары білімді. Кішкентай кездерінде үшеуін де өнерге жақындатып, музыка, би үйірмесіне қатыстырдым. Бірақ үшеуінің бойында өнерге деген қызығушылық болмады. Үшеуі де үш түрлі саланы таңдады. Немерелерім бар. Осылай өмір жалғасып жатыр.

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала