Әшірбек Сығай: Қамарды көріп қарның ашады

16 қыркүйек 2016, 14:29

a-sygaj

…Кей адамдар болады, өмірден өткенін білсең де, көңілің, жүрегің сене алмайтын… Абайдың «Өлді деуге сия ма?!.» дейтін әйгілі сөзі де осындай жақсыларға деген қимастық сезімнен туған болар… Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өзінің сондай биік парасат-адамгершілігімен, толағай білім-зердесімен, өмірден өткеніне 2 жылға жуық уақыт өтсе де, көп көңілінен өшпей, жүрегінде жатталып келеді.
Біз оны үнемі іздейміз: тұлғалық биіктікті аңсағанда… адамдық асқарға ұмтылғанда… қазақы қаймағы бұзылмаған сұлу сөзге шөліркегенде… өнердің ағы мен қарасын, артығы мен кемін бағамдай алмай, мына жалғаннан қара қылды қақ жарар әділет таппағанда… Иә, біз оны іздейміз, болашақта да іздей береміз… Себебі, ол – өнердің үлкен жүректі жанашыры еді… Ол – ӘШІРБЕК СЫҒАЙ!
Әдетте, күз мезгілі өнер мен руханият әлемі үшін сан түрлі жаңалыққа толы келеді. Солардың ішіндегі ең елеулісі – республикалық, халықаралық деңгейдегі театр фестивальдері. Өнер иелеріне қандай биікке ұмтылу мен қандай кемшіліктен арылу қажеттігіне сәл де болсын бағыт берер, көп оқырманның сартап болған сағынышына дәру болар, ойлантар деген ниетте сын сардарының тасқа басылған жауһар ойларына бойлап, асылын сүзіп алуға тырысып көрген едік. Сыншының кітап пен газет бетінде қалған ордалы ойлары, келелі пікірлері арқылы рухани сырласуымыз төмендегіше өрбіді.

– Аға, өнер дегенде ойыңызға не оралады? Бүгінгі театрдың басты түйткілі не?
– Штамп деген – қазiр қазақ сахнасының негiзгi дертi. Ол не деген сөз? Бiрiздiлiк, сол баяғы бiр ұқсастық. Анау рөлiнде де, мынау рөлiнде де қолы ербең-ербең, сол баяғы дауыс, сол баяғы үн, сол қимыл, сол күлкi. Еш өзгерiс жоқ. Актерлердiң көбiсi тiптi күле де алмайды. Демi қойылмаған. Әсiресе, жастар жағы күлуге өте шорқақ. Жылауды сұңқылдап барлығы шегiне жеткiзiп орындайды, ал күлуге келгенде тым әлсiз. Әртiске жылаумен қатар күлу де, қуану да, күңiрену де керек. Осы жағы жетпей жатады. Сахнада тұшынып тамашалайтын кесек бейне жоқ. Тағы да айтамын, штамп – дерт. Штампқа ұрынбаған әртiс саусақпен санарлық. Оның себебi не? Себеп – iзденбеушiлiк. Бұл – актердiң өзiн-өзi қамшыламауының, өзiне-өзi сын көзбен қарай алмауының салдары.
– Кесек бейне деген сөзіңізден туып отыр, аға. Кейде сахнадан шіңкілдеген Қобыланды батыр мен талдырмаш Балуан Шолақты, болмаса күйгелек Абайды көргеннен кейін «Қазақтың мінезі осы деңгейге дейін ұсақталып кеткен бе?» деген ойдың да көрермен ретінде мазалайтыны жасырын емес…
– Біз жалпы ұсақталып бара жатырмыз ғой… Неге баяғы Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабековтерді айта береміз? Күркіреп шығушы еді ғой. Молдабековті, Ноғайбаевты көріп: «Міне, Қобыланды!», «Міне, Қодар, Бекежан!» дейтінбіз. Сахнада, экранда кілең шіңкілдек, ұсақ актерлер көбейді, екі иығына екі кісі мінгендей фактура жоқ. Кескін келбеті келіскен кермиықтарға зәруміз. Майда тартып барамыз. Шіңкілдеп, елпілдеп кеттік. Сахнада тым жеңілміз. Күркіреген дауыс, маңғаз жүріс, ойлы көзқарас, минуттап деміңіңді ішке тартқызып қоятын психологиялық паузалар жетіспейді. Қажымұқанды орта бойлы, сидиған жігіттер ойнайтын болып жүр. Қамарды көріп қарның ашады. Не дауыс жоқ, не рух жоқ. Дене тұрпаты ғана емес, қимылы, рухы кішкентай. Қарагөз болып толқытып, Қамар болып жылата алмайды, қыз Жібек болып егілтіп, Еңлік болып елжірете алмайды мені. Міне, барлық трагедия осында жатыр. Бәрі қатқыл, тақ-тұқ. Ішкі ұстанымдар, қойылым соңына дейін қызықтырып жетелеп отыратын ішкі иірім тереңдігі жоқ. Лақ еткізеді де, әрі қарай ойнайтын ештеңесі қалмай қалады. Сөздің мағыналық астарын түсінбейтін актрисалар да басты кейіпкерлерді ойнай береді. Ішің ашиды…
– Ал енді, аға, театрдың мәдениетiне келейiкшi. Көрерменнің театрды түсіну, түйсіну мәдениетіне көңіліңіз тола ма?
– Конфеттiң қағазын шытырлатып, ұялы телефонмен сөйлесiп, қаңғырлап, күңгiрлеп, залда отырып алып: «Қамырын сала берiңдер!» деп айқайлайды кейбiр апалар. Бiр жерге қонаққа барайын деп отырғаны көрiнiп тұр. «Мен кiрiп кеттiм, сен қайдасың?» деп театрды басына көтерiп жатады және бiреуi. Содан соң алақ-жұлақ, сыбырлап сөйлесу басталады. Сахнада қайғылы жағдай ойналып, Мағауия, Айдар, Әбiштер өлiп, Абайдың қайғыдан қан жұтып отырған бейнесi сомдалып жатса, ысқырып, бар даусымен айғайлап қол соғады. Ол өздерiнше әртiске болысқаны, риза болғаны шығар. Мiне, осы – бiздегi көрерменнiң сиқы. Бұл – спектакльдiң психологиясына қарай икемделмеу, сахнада не өтiп жатыр соған бойұсынбау, илiкпеудiң салдары. Ол – көрерменнiң амбициясы, өзiн өнерден жоғары қоюы. Әншейiн келе салған кейбiреулерi театрдың iшiн көрiп, балмұздақ жеп, кәмпит сорып қайтқанына өздерiнше мәз.
– Ал, жалпы, қазақ дегенде ойыңызға не оралады?
– Қазақтың жері кең, қойнауы қазынаға бай. Бірақ сол ұлан-ғайыр даламыз бос жатыр. Игерілмей, иеленбей жатқан бос кеңістік көп. Санымыз аз. Осы олқылықтың орнын қалайда толтыру керек, қазаққа шұғыл түрде көбею қажет. Бабаларымыз: «Көпті жау алмайды» дейді. Сол рас сөз. Оның үстіне, екі жағымызда екі алып мемлекет көз тігіп, қалт басар қадамымызды аңдып отыр. Шалыс бассаң, қылғыта салудан тайынбайды. Әрине, қазіргі жағдайымыз жақсы. Тәуба! Бірақ мен келешектен қорқамын. Ахмет Байтұрсынов бабамыз айтпақшы, ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін. Мәселен, Астананы алып қарайық. Бас қала болғанына қарамастан, бұл жақта да жетпейтін нәрсе көп. Зиялы қауымның көңіл-күйі әлі орнықпаған. Мәдени, рухани жаңалықтарға дүр етіп көтеріле қоймайды. Көрермені сирек отырған жартылай залды көріп, қарным ашады. Басқасы-басқа, Астанадан қазақ тіліндегі газет-журнал табу да бір қиямет-қайым. Арнайы кітапханаға барып оқысаң оқыдың, оқымасаң жоқ. Үйіңе жаздырып алғаныңның өзі кешігіп келеді. Бұл не деген сөз? Астанада кез келген жерде газет-журнал сататын дүңгіршектер тұру керек. Бас қаланың осы сияқты бір кемшілік, олқы тұстары бар екен. Мұнда Алматыдағы атмосфераны орнату үшін әлі көп күресуіміз керек.
– Ал өнер дегенде қандай көңілдесіз?
– Бұл тұрғыдан мен бір-ақ нәрсе айтқым келеді: гримді де, кәстөмді де, жүріс-тұрысты да, режиссураны да, актерлік шеберлікті де өзгертуге болады. Толқын да өзгереді. Өйткені қоғам өзгеріп жатыр, заман өзеріп жатыр. Өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол – қазақтың жүрегі. Соның қағысына қаяу салып алмасақ болғаны. Жеріміз де, еліміз де, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, қадыр-қалыптың барлығы жұдырықтай жүректің ішіне сыйып кетеді. Қазақтың жүрегі тоқтамасын, өнердің жүрегі тоқтамасын деп отырғаным сол. Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек – жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше, жүрегіміз тоқтамасын!

Көңіл күнделігінен…

* Маман болмасаң, мейлі, ең бірінші Адам бол! Менің мұратым – алдыма келген шәкіртті адам етіп шығару.
* Бір ғана команда бар, ол — қазақ, қазақстан командасы.
* Қазақтың жері кең, қойнауы қазынаға бай. Бірақ сол ұлан-ғайыр даламыз бар. Санымыз аз. Осы олқылықтың орнын қалайда толтыру керек, қазаққа шұғыл түрде көбею қажет.
* Халықтың санын көбейтуіміз тиіс. Егер халықтың саны 20 миллионға жетсе, онда қазақ халқының тіл мәселесі мұндай өткір күйінде бірінші кезекте тұрмас еді.
* Классикаға дұрыстап мойын бұра алмай жүргендердiң қадірі қашуы мүмкiн. Ал классиканың қадiрi ешуақытта қашпайды. Өйткенi, ол – классика. Классика деген – мәңгiлiк тағдыр тапқан, мәңгiлiк тарих тапқан рухани дүние.
* Қалың көпке бiрдей жағу қиын нәрсе. Ол — өте сирек болатын процесс. Барлығына бiрдей ұнау деген болмайды. Өйткенi әркiмнiң өзiндiк «менi», өзiндiк талғамы, қисыны, қабылдау жүйесi, қорыту деңгейi, мүмкiндiгi болады.
* Сахнада, экранда кілең шіңкілдек, ұсақ актерлер көбейді, екі иығына екі кісі мінгендей фактура жоқ. Кескін келбеті келіскен кермиықтарға зәруміз. Майда тартып барамыз. Шіңкілдеп, елпілдеп кеттік.
* Штамп деген – қазiр қазақ сахнасының негiзгi дертi. Ол не деген сөз? Бiрiздiлiк, сол баяғы бiр ұқсастық, Анау рөлiнде де, мынау рөлiнде де қолы ербең-ербең, сол баяғы дауыс, сол баяғы үн, сол қимыл, сол күлкi. Еш өзгерiс жоқ.
* «Отеллоны» Мұхтар Әуезов керемет аударған. Ал енді соны қазақ тілінің табиғатынан, құнарынан беймағлұм режиссердің ыңғайына қарап, қайшы ала жүгіру, күзеп салу, түзеп салу – мен мұны жақсылықтың нышаны деп ойламаймын.

ӘШІРБЕК СЫҒАЙ

Ұлттың бар уайымы басында еді,
Мұздатты-ау, жан-жүрегін ғасыр лебі?
Қазақтың ығайы мен сығайы көп.
…Сығайдың бөлек-ті осы Әшірбегі!

Қуды да,сұмды басып мысыменен,
Ұшқанда көкке Муза құсыменен, –
Осы елдің даңғойы мен дарынсызы
Жүретін аяғының ұшыменен…

Абдырап Алаш-Ана тұр ойланып,
Қызғыш құс –
Соға ма енді бір айналып?
Әуеге ұшып кетті, – құшып көкті,
Әуезов театрын шыр айналып!

Ұлттың бар уайымы басында еді,
Мұздатты-ау, жан- жүрегін ғасыр лебі?
…Ығай мен сығайларың көп қой, жұртым,
Сығайдың жоқ қой , бірақ, Әшірбегі?!.

Серік Ақсұңқарұлы

P.S:
Өткенде бір сыншы ағамыз: «Осы сыншылар спектакльге тек кемшілік көру үшін келетін сияқты. Мін таппаса, мұңайып қайтады. Өнерге бағыталып айтылар кез-келген пікір биік парасатпен, кіршіксіз махаббатпен айтылуы керек» деп сыр ақтарып, бүгінгі театр сынына қатысты өз пікірін білдірген болатын. Расымен де, көпшілігіміз сынды мін деп түсініп жүрміз. Осындай сәтте тағы да «актер жанын хрусталға балап, аялаған» Әшірбек Сығайды іздейміз, сағынамыз… Ендеше, сыншы есімі «өлді!» деуге де сыймақ емес! Қазақ өнерімен бірге Әшірбек Сығай да егіз өріліп, мәңгілік жасай бермек!

Қаламгер
шығармашылығымен
сырласқан Назерке ЖҰМАБАЙ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала