Шымкентте полицейлер қылмыстық топқа жетекшілік еткен Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне іздеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құзырлы органның 38 жастағы бөлім бастығы мұнай ұрлаушыларға басшылық еткен деп айыпталуда.
Белгілі болғандай, Қалдыбаев Данияр Файзырахманұлын ұстаған жағдайда, қамауға алу туралы сот санкциясы шыққан. Күдікті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім бастығы бола тұра, 2015 жылы қылмыстық топ құрып, «Павлодар-Шымкент» мұнай құбырынан шикізат ұрлаумен айналысып келген. Қазіргі таңда Шымкент қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімі күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 262 бабы 3 бөлігі «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», 361 баптың 4 бөлігі «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» бойынша іс қозғап, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өңірдің тәртіп сақшылары күдіктіні көрген-білген не болмаса оның жүрген жерін білетіндер болса, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне (8-7252) 57-32-66, 20-08-25 нөмірлеріне хабарласуларын сұрайды.