jasqazaq.kz

Шикізат экономикасынан – дайын өнімге!

10 қыркүйек 2024, 11:57

Павлодардағы мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) жаңа сутегі қондырғысы орнатылады. Қуаты 12,5 мың м3/сағатқа жететін құрылғы кәсіпорында сапалы мұнай өнімдері мен қыста пайдаланылатын мұнай өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Жоба «ҚазМұнайГаз» бен француздың «Air Liquide» компаниясы тарапынан жүзеге асырылады. Жаңа қондырғы еліміздің ішкі нарығына жанар-жағар майды үздіксіз қамтамасыз етуге арналған. Құны шамамен 660 млн еуроны құрайтын осы инвестициялық жоба зауытта шикізатты өңдеу тереңдігі көрсеткішін арттыруға септігін тигізеді.

Айта кеткен жөн, сутегі мұнай өңдеу зауыттарында шикі мұнайды азот қоспасы, күкірт және металдардан тазалап, бензин, авиакеросин дизель отынын өндіру үшін қолданылады. Қазір аталған кәсіпорында жұмыс істеп тұрған қондырғы сағатына 20 мың текше метр сутегі өндіре алады.

Кәсіпорынның бұл қадамы ел Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауында айтылған отандық экономиканы әртараптандыру, өз шикізатымызды барынша тиімді пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу жөніндегі тапсырмасымен үндеседі. Президент, сондай-ақ, Қазақстан мұнай өнеркәсібіне 125 толуына орай ұйымдастырылған шарада аталған салада инновациялық технологиялар енгізіліп келе жатқанын айта келе, жанар-жағар май өнімдерінің көбі өзімізде шығарылатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте мұнай өңдеу секторын дамыту мәселесіне тоқталып, заманауи экологиялық талаптарға сай жанар-жағар майдың тұрақты өндірісін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Отандық экономиканың өсуіне байланысты ішкі нарықта мұнай өнімдеріне деген сұраныс барған сайын артып келеді. Үкімет осыған орай, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында қайта өңдеу көлемін қазіргі 18 млн тоннадан 27 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Осы жоспарға сәйкес, Шымкентегі кәсіпорын жылдық өндірісті 6 миллионнан 12 млн тоннаға өсіреді. Павлодар зауытында бүгінде 5,5 млн тонна жанар-жағар май шығарса, таяу уақытта оның көлемі 8 млн тоннаға жетеді. 5,5 млн тонна мұнайды өңдейтін Атыраудағы кәсіпорын да өндіріс қарқынын арттырады. Сонымен қатар, жол құрылысына қажетті битум өндіретін Ақтаудағы CaspiBitum зауыты да мұнай өңдеу процесін ілгерілетуде. Маңғыстаудағы Қаражанбас кенішінен алынатын «қара алтынды» өңдейтін осы кәсіпорын өндіріс көлемін қазіргі 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға жеткізбекші.

Отандық мұнай өңдеу зауыттары үшін өңдеу тереңдігін арттыру біразға дейін көкейкесті міндет боп келді. Қазір заманғы технология мен жабдықтарды пайдаланудың арқасында бұл мәселе де оң шешімін тапты. Энергетика министрлігінің мәліметіне жүгінсек, қазіргі орташа көрсеткіш 84-89 пайызды құрап отыр. Осыдан 10 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, өсім анық байқалады. Ендігі меже – 90-97 пайыз. Бұған тәжірибелі маман мен заманауи технологияға ие кәсіпорындардың мүмкіндігі жеткілікті. Мұнай құбыры желісі, авто және теміржол жүйесін қамтитын инфрақұрылым саласы да жақсарып келеді. Бұл зауыттардың тағы бір артықшылығы өндіріске қажетті шикізатты сырттан әкелмейді.
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экономиканы әртараптандыруға сүбелі үлес қосып жатқан мұнай өңдеу секторының елге берері әлі де көп деп айтуға толық негіз бар.

Талап Тілеген

Сурет: world-nan.kz

17 қазан, 12:01
Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көше тазалаудың жаңа форматы енгізіледі
16 қазан, 18:24
Алматыда коммуналдық техника паркі жаңартылып, жаңа қар ерітетін кешендер ашылып жатыр
16 қазан, 16:33
Медеу ауданында тұрғындардың өтінішімен 280 метрден астам баспалдақ жаңартылды
16 қазан, 16:13
Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды
06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу