«Бас жарылса, бөрік ішінде. Қол сынса, жең ішінде». «Жабулы қазан жабулы күйінде қалу керек» дейтін атам қазақ. Бүгінде бұл ұмытылған сияқты. Соңғы жылдары әлдеқашан ажырасып кеткен жандар от басы, ошақ қасында басынан кешкенін көпшіліктің талқысына салғанды жөн көреді. Әсіресе, әйелдер. Сондай бір оқиға танымал журналист, тележүргізуші Асхат Садырбаймен байланысты. Оның бұрынғы келіншегі Айғаным Болатқызы өткенде үлкен сұхбат беріп, мұңын шаққаны белгілі. Әлеуметтік желіде бұл әлі де қызу талқыланып жатыр.
Енді Асхат Садырбай Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, біраз жәйттің басын ашты.
Осы сұхбатта ол бұрынғы жары Айғаным Болатқызының неліктен өзін қаралап жүргенін түсінбейтінін жеткізді. Алғаш танысқан кезде Айғаным 22 жаста болған. Үйіне құда түсіп барғанда қыздың ата-анасы «мінезі қиындау, мүмкін әпкесін аларсыздар» деп айтқан көрінеді. «Бірақ бір адамға құда түсіп барған соң, қалай басқасын аламыз» деген Асхат Садырбай, жарының отбасылық өмірде өзін ұстай алмай, ашуға жиі берілгенін жасырмады.
«Мен автокөлік апатына ұшырағаннан кейін, төрт ай төсек тартып жаттым. Сол кезде баланы алып ауылға кетіп қалды. Мені анам мен әпкем қарады», — деді ол.
Тележүргізушінің айтуынша, екеуі ажырасқаннан бері 5 жыл өтті, барлық мәселе жабылған. «Телеарнаға қайта оралғанда мынадай ақпарат жалп ете қалды. «Асхат Садырбай баланы алып қалайын деп жатыр» деген үндеуден басталды», — деген ол баламен кездесу графигі былтыр күзде сот арқылы шешілгенін атап өтті. Оған дейін сенбі, жексенбіде 4 сағат көруге рұқсат берілсе, сот шешімімен кездесу уақыты ұзартылған.
Сондай-ақ ол пәтер ішіне қойылған камераға қатысты да түсінік берді. Еске түсірсек, бұрынғы әйелі бөлмеге камера қойғанын жалпақ жұртқа жария еткен. Оған Асхат Садырбайдың өз уәжі бар: «Қызық үшін қойып көрдік камераны. Мен етікпен ұратын адам болсам, не үшін камера қоям. Абьюзер болсам, нем бар камера қойып?».
Тележүргізуші 2020 жылы екеуі ажырасқан кезде Айғанымның баланы тастап кетіп қалғанын, анасы қарағанын жеткізді. «Анам баланы қарады, сот процесі болып жатты. Кейін келіп, айқай-шу болып, анамды теуіп кетті. Содан полицияға арыз бердік. Ақиқат біреу, полиция куә, іс қозғалды, соттың қаулысы бар», — деді ол.
Сұхбатта алимент мәселесі де сөз болды. Асхат Садырбай ресми жұмыс орнынан төленетін 35 мың теңгеге қосымша сомалар жіберетінін, балаға қажет нәрсенің бәрін сатып әперетінін жеткізді.
Руслан Өтепбай «Астарлы ақиқатты» жүргізу моральдық тұрғыда қиын болып жүрген жоқ па?» деген сауал қойды. Тележүргізуші бұл сауалға: «Мені жүргізуші болуға шақырды, мұнда үлкен команда жұмыс істейді. Кәсіби жүргізуші нейтралитет сақтауы керек. Менің мораль оқып, ақыл айтуға қақым жоқ. Мен тек бағдарламаны жүргіземін», — деп жауап берді.
Русланның «Ал егер Айғаным бағдарламаға келсе, қайтер едіңіз» деген қитұрқы сауалына «Келсін, көмектесейік» деп жауап берді.
Сондай-ақ «балаңызға пәтер әпересіз бе» деген сауалға Асхат Садырбайсоңғы уақытта осы мәселенің трендке айналғанын атап өтті.
«Зейінге баспана алып беру ойда бар, осы кезге дейін де сөйлесіп келдік. Қажет болса, Айғаным жазады. Пәтерді қашан, қалай аламыз, ол жағын талқылаймыз. Жауаптан қашып жүрген жоқпын, шешуі қиын мәселе емес. Алимент бойынша да жұмыс істеп жатырмыз», — деді.
Сұхбат соңында Асхат Садырбай анасынан кешірім сұрап, жар таңдаудан қателескенін мойындады.
«Айғаныман да кешірім сұрағыңыз келмей ме» деген сауалға: «Мына нәрсенің шығып жатқаны түсініксіз, баяғыда кешірім сұрап, ол тақырыпты жауып тастағанбыз. Тағы кешірім сұрау керек болса, сұраймын. Сүйікті адамы бар екен, мен оған тек бақыт тілеймін», — деді.
Бұрынғы ерлі-зайыптылар туралы желдей ескен сөз осы сұхбаттан кейін басыла ма, өрши ме, ол жағын уақыт көрсетеді.
Jas Qazaq
Фото: sputnik