jasqazaq.kz

Шенеунік пен кітап сөресі

13 мамыр 2016, 20:27

«Шенеуніктер кейде өздерін кітапханадағы кітап сияқты сезінеді. Аса қажеттісі қол жетпейтін жоғарыда тұрады» деп данышпандардың бірі кезінде айтып кеткен екен. Журналистерден аулақ жүргенді қалайтын атқамінерлер менің ұғымымда, дәл осы қол жетпейтін биік сөреде тұратын кітаптар сияқты болмауы тиіс. Барынша БАҚ өкіліне жақын жүретін шенеунікті халық сүйеді. Рас, кейде журналистерге етене боламын деп жүріп, лауазымды тұлғаның сөзінен жаңылатын кезі аз емес.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың «Кім қалай жұмыс істесе, оның күтімі де сондай», – деген сөзі әжуаға айналдырылды. Ізінше, депутат қалам ұстаған қауымға ренжіп, «Менің сөзімді мәтіннен үзіп-жұлып бердіңдер» деп доқ көрсетуге дейін барды. Осы орайда, Қарағұсова әдеп сақтамай, «журналистер бүйтуі тиіс, сөйтуі тиіс», – деп камера алдында үйретуге дейін барды. Осы орайда қарапайым этика сақталмағанын байқаймыз. Екінші бұл әрекетінен соң депутат тағы да күлкіге қалды. Меніңше, біздің елде лауазымды тұлғаға журналистер алдында қалай сөз алуды үйрететін шеберлік дәрістерін өткізген жөн. Өйтпеген жағдайда, шенеуніктің журналистерден бой тасалауы азаймақ емес.
Осы орайда, мемлекет басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қызметкерлерге, шенеуніктерге айтқан сын-ескертпесі өте орынды санаймын. Шенеуніктер тек ресми жиын, Орталық коммуникациялар қызметіндегі сұхбат кезінде ғана емес, кез келген ұрымтал сәтте пікір білдіруге дайын болуы тиіс. Әзірге шенеунік бүгінде журналист көрсе, кірпідей жиырыла қалатын әдетін тыймай келеді. Тиісінше, ақпарат қолжетімді болмағасын, ел ішін қауесет кеулеп кететіні бар. Ізінше нақты ақпаратпен қарулана алмаған соң мардымды мағлұмат ұсына алмаған журналисті халық айыптай салуға жылдам-ақ. Бір қызығы, бүгінде ақпараттық технологиялардың дамыған заманы, интернет, әлеуметтік желілердің уағында ақпарат алу қиындай түсіп отырған сыңайы бар. Яғни ақпарат тарату жеңіл болғанымен, оны алу оңайға соқпай тұрғаны нонсенс жағдай. Шенеуніктердің журналистерге жабықтығын олардың бір ғана әлеуметтік желілердегі белсенділігінің деңгейінен де байқауға болады. Министрлер арасынан әлеуметтік желіде белсенді деген тек Әсет Исекешев пен Асылжан Мамытбековті ғана білуші ек. Ал желіде жазатын облыс әкімдері… Ауызды құрғақ шөппен сүртуге мәжбүрміз. Қайта оларға қарағанда орынбасарлары желіде белсенділеу. Әкім орынбасарлары арасынан Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Әлтайұлы, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанды ғана айтуға болады. Қала және аудан әкімдері арасынан тек Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев пен Сайрам ауданының әкімі Самат Сапарбаевтан өзге парақшасы бар әкімді өз басым білмеймін. Парақшалары болмаса да, әкімдіктің аккаунттары тұрақты, сәтті жүргізіп жатқан облыстар ретінде Батыс Қазақстан облысы, Шымкент және Алматы, Талдықорған қалаларының ғана парақшаларын айта алар едім. Бір айта кетері, осы облыс пен қалалардың басшылары «Болашақ» стипендиаттары екені назар аударарлық жәйт. Олардың жаңашылдыққа жақындығы бірден білініп тұратынының көп себебінің бірін осыдан іздеген жөн шығар.

12 қантар, 13:42
Заңгер: Кінәсі сотпен дәлелденсе ғана - қылмыскер
26 желтоқсан 2025, 17:18
ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру: тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс жүргізілді?
26 желтоқсан 2025, 13:06
Айлалы роман: алаяқтар танысу сайттарында қалай алдайды
25 желтоқсан 2025, 16:53
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлына “Халық Қаһарманы” атағы ресми түрде берілді
25 желтоқсан 2025, 15:12
«Әкең жынды болса, байлап бақ»: Мұхамеджан Тазабеков Түркістандағы оқиғаға қатысты пікір білдірді (Видео)
25 желтоқсан 2025, 13:38
Жыл қорытындысы: заң, тәртіп және цифрлық даму
25 желтоқсан 2025, 11:48
"Қауіпсіз шот" жоқ! Бас прокуратура алаяқтардан сақтануға шақырды
24 желтоқсан 2025, 10:54
2025 жыл: мәдениет саласындағы даму мен жаңару кезеңі
22 желтоқсан 2025, 13:50
Қызылорда облысына биыл 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды