Жазғы демалыста балалар әбден тынығып, асыр салып ойнап, саяхаттап, жаңа оқу жылына күш жинап барады. Алайда, өкінішке қарай, дәл осы мезгілде жасөспірімдер арасында психологиялық күйзеліс пен суицид жағдайлары жиілей түсетіні мамандарды алаңдатып отыр. Балалар мен жасөсіпірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына не себеп? Ондай жағдайға кім жауапты? Ата-ана мен мектеп не істей алады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз Түркістан қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің тәжірибелі педагог-психологы Шара Әбдірахмановамен сұхбаттасқан едік.
– Шара Нұрғалиқызы, суицид мәселесі, әсіресе, оқушылар арасында демалыс кезінде жиі кездеседі. Неге дәл осы уақытта тәуекел күшейеді?
– Бүгінгі күні бұл өте өзекті әрі ауыр мәселеге айналды. Демалыс кезінде балалар мектеп тәртібінен, күнделікті тұрақты қарым-қатынас пен бақылаудан алыстайды. Баланың немесе жасөспірімнің ішкі күйзелісімен бетпе-бет қалуы, жалғыздық, елеусіздік сезімі, бос уақыттың көптігі, оған қоса, әлеуметтік желідегі ықпалдың барлығы әсер етеді. Әсіресе, қолдау мен жылы сөз жетпейтін ортада өскен бала үшін бұл өте қауіпті кезең екенін ескерген жөн.
– Жасөспірімнің бойында суицидтік ойдың пайда болғанын ата-аналар мен мұғалімдер қалай аңғара алады? Ең алдымен не нәрсеге мән берген жөн?
– Расында да, кейбір белгілерге ерекше назар аудару керек. Мәселен, баланың өз болашағына немқұрайлы қарауы, «ешкімге керек емеспін» деп айтуы, әлеуметтік ортадан алыстауы, ұйқысы мен тәбетінің бұзылуы, бұрын ұнатқан нәрселерге қызығушылығы жоғалуы секілді жәйттер дабыл белгілері болып табылады. Суицидтік ойлар көбінесе білдірмей келеді, сондықтан бала күйзелісін «жәй ғана өтпелі көңіл-күй» деп бағаламау қажет.
– Ондай жағдайда нақты не істеу керек?
– Ең бірінші баланы сөзге тартып, тыңдау қажет. Оның айтқанын сынамау, кінәламау, сабырмен қабылдау. Баланың ішкі жан күйзелісін жоққа шығармай, оны түсінуге тырысу керек. Мұндайда кәсіби психологқа, қажет болса, психиатрға жүгіну маңызды қадам деп есептеймін. Бұл — әлсіздік емес, керісінше, саналы шешім. Балаға таңдау бар екенін, қандай жағдайда да тығырықтан шығуға болатынын үнемі айтып отырған дұрыс.
– Қалай ойлайсыз, бұл жағдайда кім жауапты: ата-ана ма, мектеп пе, әлде қоғам ба?
– Жауапкершілік — барлық жаққа да ортақ нәрсе. Ата-ана – баланың алғашқы тірегі, мектеп – екінші үйі, қоғам – әсер етуші орта. Әр тарап өз рөлін толық атқарса, тәуекел азаяды. Бірақ ең маңыздысы — ата-ананың эмоциялық жақындығы. Әке-шешенің бір ауыз жылы сөзі кейде жүз сағаттық тренингтен артық болуы мүмкін.
– Жазғы демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдер суицидінің алдын алу үшін қандай шаралары жүргізіледі?
– Мектеп тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүреді. Біз ата-аналармен жеке консультациялар өткіземіз. Балалармен сенім телефондары, «Мен бармын» секілді қолдау акциялары жайлы ақпарат беріледі. Әлеуметтік желілерде зиянды контенттен сақтау бағытында цифрлық сауаттылық сабақтары да өтеді.
– Сіздің кәсіби ұсынысыңыз: демалыс уақытында суицидтің алдын алу үшін ата-ана не істеуі керек?
– Ең бастысы, баламен үнемі сөйлесу керек. Күніне 10 минут болса да, шынайы қызығушылықпен тілдесіңіз. Балаңыздың досына, өмірге, арманға қатысты не ойлайтынын сұраңыз. Көп жағдайда бала үнсіз болғанмен, іштей көмек сұрап тұрады. Сол үнсіздікті сезе білу — ата-ана даналығының көрінісі.
– Әңгімеңізге рахмет. Сөзіңізден салмақ пен жанашырлық сезіліп тұр.
– Рахмет. Егер біз балаларды тыңдай білсек, олар ешқашан мәңгілік үнсіздікке ұмтылмайды.
Қоғам баланың қауіпсіздігін тек тән тұрғысынан ғана емес, психологиялық жағынан да қамтамасыз еткенде ғана шынайы қорған бола алады. Жасөспірімнің жан дүниесіне үңіле білу – тек психологтың емес, ата-ана мен мұғалімнің де ортақ міндеті. Ең бастысы, балаңыз сіздің сөзіңізден емес, жүрегіңізден қолдау сезіне алатындай болсын. Сонда ғана «үнсіздік» дағдарыс емес, диалогқа айналады.
Әлия БІЛДЕБЕКОВА,
Түркістан қаласы