Неліктен Тиянжин?
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Саммиті бұл жолы Қытай астанасы Бейжіңде немесе осы қоғамдастыққа атауын берген қалада емес, Тиянжинде (Тяньцзинь) өтті. Қытайдың солтүстігіндегі Бохай шығанағы жағасында орналасқан аса ірі көлік-логистика орталығының таңдалуы тегін емес. Қайсыбір сарапшылар мұны тарихқа ерекше мән беретін қытайлардың осы арқылы Батыстың ғасырларға созылған өктемдігі мен билеп-төстеуі келмеске кетті дегенді білдіргісі келді дейді. Өйткені Тиянжин (Tianjin) – еуропалық қанаушы мемлекеттердің аяусыз езгісіне қарсы шығып, әділдік пен еркіндік жолында күрескен Ихезиуаң (Ихэтуань) көтерілісімен әйгілі. Жұдырық боп жұмылғандарды «Боксшылар қозғалысы» деп те атайды. Олар шетелдіктердің портты қалаларды концессияларға бөліп, жаппай отарлауы мен діни миссионерлердің рухани басқыншылығын тоқтату үшін басын қатерге тікті. Тарихтан белгілі, бақайшағына дейін қаруланған еуропалықтардың (арасында патшалық Ресей де бар) біріккен әскеріне төтеп бере алмады. Кәрі құрлықтың империалистері мен жапон милитаристерінің халықты талап-тонауы жалғаса берді. Толық тәуелсіздік алған 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін.
Жеке-дара гегемониядан — Көп өрісті әлемге
Бүгінде ШЫҰ әлемнің ең үлкен өңірлік ұйымына айналды. Тиянжинге 20-дан астам мемлекет басшылары, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінің келуі – мұның айқын дәлелі. Басқосуға ұйымға мүше елдердің жетекшілерімен бірге диалог серіктесі және бақылаушы мемлекеттердің өкілдері де қатысты. Бұған қоса, БҰҰ Еуропа, Африка, Азия, Оңтүстік Америкадан жоғары лауазымды қонақтардың Аспанасты еліне келуі ШЫҰ беделінің өскенін көрсетсе керек. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай Бейжіңде өткен әскери шеруді тамашалауға Еуроодақтағы Словакия мен Сербия басшыларының, әсіресе, Солтүстік Корея жетекшісінің ниет білдіруі де бекер емес. Бұлардың қатарында Ким Чен Ынмен тілдесу мүмкіндігін алға тартқан Батыстың жақын одақтасы — Оңтүстік Корея парламентінің төрағасы У Вон Сик те бар.
Сондай-ақ дүниежүзіндегі ең ықпалды ақпарат құралдары Үндістан премьер-министрінің жеті жылдан кейін тұңғыш рет Қытайға келуін сол күннің басты жаңалығы деп сипаттады. Өйтетіндей жөні бар. Жуырда АҚШ билігі үнді компанияларының тауарына салынатын салықты 50 пайызға дейін өсірді. Сірә, ресми Дели бұрынғыдай айтқанға көніп, айдағанға жүре береді деп ойлап қалса керек. Үндістан мұндай қысымды үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеді. Ендігі жерде шекаралас көршісі Қытаймен және мұнайын үлкен жеңілдікпен сататын Ресеймен қарым-қатынасқа басымдық беретінін білдірді. Бұл жерде американ стратегтері жер бетінде ең көп халық тұратын Үнді елінің экономикалық һәм технологиялық әлеуетін ескермеген секілді тұр. Сол Америкадағы алысты болжайтын Goldman Sachs инвестициялық банкі мамандарына жүгінсек, жарты ғасырдан соң Үндістанның жалпы ішкі өнімі 52,5 трлн долларға жетіп, АҚШ-ты үшінгі орынға ығыстырады. Ал Қытай 57 триллионмен көш бастайды.
Айта кететін бір жәйт, кейінгі кезде АҚШ және Еуропаның мұрындық құрылған ұйымдардың ықпалы әлсіреп, қадірі кетіп барады. Айталық, күллі дүниеде тыныштық, әділдік пен теңдіктің сақталуы үшін құрылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (OSCE) қазір бар-жоғы белгісіз…
Міне, осы факторлар саясаткерлер мен сарапшылардың бір ауыздан ғаламдық саясатта бір өрісті жүйеден көп өрісті әлемге көшу қарқын алды деп топшылауына себеп болып тұр.
Расында, ұйымға мүше елдерде халық әлем жұртының 43 пайызы құрайды. Жалпы ішкі өнім 30 трлн долларға жуықтайды. Мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттық пен өзара инвестиция көлемінің барған сайын артуы ұйымды экономикалық тұрғыдан тартымды орталыққа айналдырды. Бұл ретте Қытай ұсынған «Бір жол, бір белдеу» жобасының орны бөлек.
Әркімнің ұлттық мүддесін ескеру
Басқосуда Қытай төрағасы Ши Зиңпин (Си Цзиньпинь) барлық елдің ұлттық мүддесін ескеріп, ешкімнің ішкі ісіне араласпау, өзара сыйластық, тең дәрежелі қарым-қатынас, әркімнің мүмкіндігін ортақ мақсатқа жұмылдыру арқылы даму мен өркендеу ұйымның басты қағидаты екенін айрықша атап өтті. Ол, сондай-ақ, мәміле емес, текетіресті көбірек күйттейтін «қырғиқабақ соғысының» ұстанымынан арылуға шақырды.
БҰҰ-ға арқа сүйейтін халықаралық жүйе мен жаһандық сауда-саттық ережесі сақталуы тиіс. Мұның астарында демократия мен адам құқығын желеулетіп, өзіне ұнамаған елдің ішкі ісіне араласатын, санкциямен сауда соғысын бастайтын Батыстың саясаты жатқанын аңғару қиын емес. ШЫҰ+ Саммитіне, сонымен қатар, әр халықтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі мен ұлттық құндылығына сына қағуға жол берілмеуі тиіс екендігі айтылды. Қазақтың дауылпаз ақыны Сәкен Сейфуллиннің «Еуропаға» деген өлеңінде «Зина, сату, арамдыққа шіріген, Жан-тәніңді, мерез болып іріген, Орап көркем перделермен жасырдың» деп айтылатын, бүгінде «либералдық құндылық» деп әспеттейтін ЛГБТ сияқты азғындық Азия мен Африка атырабына да қауіп төндіре бастады. Айта кеткен жөн, рухани дағдарыс, дәстүрлі отбасы институтын жоққа шығару әлемдік өркениеттің бұлағы болған кәрі құрлықтың өзіне кесел боп тиді. Соның бір көрінісі – Еуропа қартайып барады. Бұл экономикаға да зардабын тигізді. Содан болар, Еуроодақтың бұрынғы қауқары жоқ. М. Тэтчер, Г. Коль, С. Берлускони, Г. Шредер, Ж. Ширак, А. Меркель сияқты алыптар кетіп, билікке ымырасыз, мәміледен гөрі текетіреске бейім ортанқол саясаткерлер келді.
Төрткүл дүние көз тіккен жиында кесек-кесек мәселелер талқыланып, «Тиянжин Декларациясына» қол қойылды. Құжатта ШЫҰ Даму банкін, Энергетика консорциумын, Есірткіге қарсы күрес орталығын құру жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты. Сондай-ақ Палестина мәселесін әділ жолмен шешіп, Ауғанстанда тәуелсіз, бейтарап әрі бейбітшілікті қалайтын мемлекеттің іргесін қалануы тиіс.
Қазақстан: ШЫҰ тұрақты жұмыс істейтін платформаға айналуы тиіс!
Бүгінде ШЫҰ-ның бүкіләлемдегі абыройы артқан ұйымға айналуында қарымды Қазақ дипломатиясының үлесі сүбелі екені даусыз. Сонау 1996 жылы құрылған «Шанхай Бестігі», ал 2001 жылы толыққанды ұйым ретінде құрылуында Қазақ елінің қосқан үлесі зор. Қазақстан қазір де ШЫҰ шеңберінде стратегиялық серіктестік пен өзара қолдау қағидатын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысып жатыр. Алқалы жиынға Қазақстан өкілдері 4 халықаралық ұйымның (ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК) жетекшісі ретінде қатысты. Бұл еліміздің сыртқы саясаттағы беделінің барған сайын өсіп жатқанын дәлелдейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саммитте сөз сөйлеп, аса маңызды мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, еліміз ШЫҰ-ның теңдікке негізделген көп өрісті әлемдік жүйе құру, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, халықаралық әділетті сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастыққа арқа сүйейтін басты мақсаттарын қолдайды. Сондай-ақ аймақты алаңдатқан лаңкестік, жікшілдік және діни экстремизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күш біріктіруді өзекті міндет деп біледі. Президент осы орайда «Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухының» одан әрі нығаюын қалаймыз» деді.
Қ. Тоқаев, сондай-ақ, ұйымды дамытудың басым бағыттары бойынша көзқарасын ортаға салды. Геосаяси шиеленіс ушығып, технологиялық бәсеке мен қаржы-экономикалық санкция өршіген, экологиялық және техногенді апат белең алған қазіргі кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытуға арналған тұрақты алаң болуы тиіс. Қазақ елі бұл орайда Қытай басшысының Саммитте көтерген жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, сондай-ақ, халықаралық қоғамдастықтың ұзақ мерзімді дамуын көздейтін Жаһандық басқару бастамасын (Global Governance Initiative) қолдайтынын білдірді.
Қазақстан басшысы бірқатар маңызды ұсыныстарды ортаға салды: Қазіргі күрделі геосаяси кезеңнің ерекшелігін ескере отырып, БҰҰ-ны, соның ішінде, ең алдымен Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажет. ШЫҰ Даму банкі құру аса қажет. Оның қызметі тиімді әрі оңтайлы болуы үшін Астана халықаралық қаржы орталығы базасында инвестициялық жобаларды қолдайтын кеңсе құрылуы тиіс. Президент, сонымен қатар, жиналған қауымның назарын суы тартыла бастаған Каспий теңізінің қазіргі ахуалына аударды. Бұл бағытта бірлесе күш жұмылдыру қажеттігі атап өтілді. Қазақстан тарапы Астанада ШЫҰ жанындағы Су проблемасын талдау орталығын құруды ұсынды.
Еліміз Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдайды. Президент осыған орай Қазақстандағы елеулі жетістіктерге тоқталып, қытай компанияларымен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Бұл ретте инновация, криптоиндустрия және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа «Alatau City» қаласының құрылысы көкейкесті мәнге ие болып отыр.
«Бір белдеу, бір жол» мегажобасы шеңберінде көлік-логистика мен транзиттік тасымалдың әлеуетін арттыруды көздейтін ТрансАлтай диалогы бастамасының маңызы зор. Бұл Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Ресейдің осы саладағы ортақ күш-жігерін біріктіре алады.
Қазақ-Қытай қарым-қатынасы — жаңа белесте
Қазақстан мен Қытайдың достық пен стартегиялық серіктестікке негізделген байланыстары жаңа деңгейге көтерілді. Екі ел басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ши Зиңпин (Си Цзиньпинь) арасында өткен кездесуде ынтымақтастың көкжиегін кеңейту жайы талқыланды. Ал ШЫҰ Саммитінен кейін Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің отырысында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жайы сөз болды. Ақпарат құралдары хабарлағандай, басқосу барысында жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұлардың арасында ауыл шаруашылығына аса қажет карбамид өндіруді көздейтін келісім де бар. Қытай компаниясымен жасалған уағдаластыққа сәйкес, жылына 880 мың тонна тыңайтқыш шығаратын өндіріс ошағы Ақтөбе облысында салынады. Жамбыл облысында металлургия зауыты бой көтереді. Бұған қоса, шығыстағы көршіміздің ірі автоконцерндері Алатау бөктерінде жыл сайын 120 мың көлік шығаруды қолға алмақшы. Каспий өңірінде жаңа көмірсутегі кеніштерін геологиялық барлау жобалары жүзеге асады. Осы дерек пен көрсеткіштер екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың бір парасы ғана екені мәлім.
Қытай бүгінде Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар қаржы құйған аса ірі инвесторға айналды. Іскерлік кеңесте осындай деректі жария еткен Президент Қ. Тоқаев елімізде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Инвестиция демекші, тек шикізат шығарып, пайда табуға бейім Батыс алпауыттары сияқты емес, Қытай компаниялары дайын өнім өндіру мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға басымдық береді. Қайбір жылы қытай дипломатының «Қазақстанда жол салған американдық немесе еуропалық компанияны көрсете аласыз ба?»- деген жауапсыз сауалды ортаға тастауы да бекер емес.
Отандық экономиканың қарқынмен дамуына шығыстағы дос елден келген инвестицияның үлесі зор. Соның нәтижесінде жалпы ішкі өнім көлемі жыл сайын өсуде. Биыл көрсеткіш 300 млрд доллардан асады деп күтілуде. Бұған экономиканы әртараптандыру мен инвестицициялық климатты жақсартудың арқасында қол жетіп отыр.
Мемлекет басшысының Қытай сапары аясында тағы бір маңызды оқиға болды. Кеше Бейжің шаһарында Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Президент орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рузани өміріндегі аса маңызды күн деп бағалады. Айта кету керек, осы іс-шараға жиналған қауым қытай балаларының қазақша сөйлеп, домбыра шерткенін көріп, сүйсінісін жасыра алмады.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі орталық алаңда мәртебелі меймандармен бірге Екінші дүниежүзілік соғыста және жапон басқыншылығына қарсы күресте жеткен Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған әскери парадты тамашалады.
Қытай елінде бес күнге созылған жылышырайлы жүздесулерді бір сөз бен түйіндесек, келелі әңгіме, сенімді серіктестік, өзара уағдаластық берік ынтымақтастықтың негізіне айналды деуге толық сенім бар.
Срайыл Смайыл