Шанақтан шыққан шатақ

30 қараша 2018, 12:22

Арманның ақбозы

Түн жарымында Арман деген досым қоңырау шалды. Дауысынан жалыныштың, шарасыздықтың кейпі байқалатындай.
– Тілшісің ғой – дейді, алқынып.
– Не болып қалды? – дедім ұйқымды аша алмай.
– Таныстарыңа хабарласшы. Тағы да жол полицейлері ұстап алды. Соңғы рет құтқарып жіберші, досым! – деп телефонның ішіне кіріп кетердей жалынды. Сонда ғана оның мініп жүрген көлігінің құжаты дұрыс емес екені есіме сап ете қалмасы бар ма. Ақыл айтып, жол көрсетіп отыратын уақыт емес. Түн ортасы. Оның үстіне мұндай бейуақта таныс полицейлерге қоңырау шалудың өзі ұят. Алматыдағы тілшілерді жол полицейлерінен үнемі құтқарып жүретін ДВД-ның баспасөз хатшысы Салтанат ханымды мұндай мезгілсіз уақытта әурелеу, тіпті қисынсыз. Содан не керек, досыма көмектесе алмайтынымды қаралы хабар жеткізгендей әрең айттым…
Ертесі таң атпай Арманға қоңырау шалдым. Көтерді. Ренішін айтатын шығар деп іштей дайындалып отырғанмын. Бірақ олай болмады.
– Құдай құтқарса, осы көліктен құтылмасам болмады – деді, менің сөзімді күтпей. Кешірім сұрайын деп тұрғам ғой.
– Құтылғаны несі? – дедім әңгіменің басқа арнаға бұрылғанына іштей қуанып. Досымның құтыла алмай жүрген көлігі Қырғызстанда тіркелген. Бұл осыдан 5-6 жыл бұрынғы оқиға. Арман оны өз атына тіркетейін десе, жылы ескі. Көне машинадан біздің елдің бас тартқалы қашан? Қысқасы, заңға томпақ. Әлдебір алаяқтарға сеніп, бар ақшасына Алатаудың күнгей бетінен осы ақбоз арғымақты тақымдап келгеніне көп өкінді. Алматыға жеткізген күні-ақ полицейлер ұстап алып, біраз мазалапты. Бұл әлдекімдердің «Қырғызстанда машина арзан. Алматыға біреуін алып келсең, құжатын өзіміз жасап береміз. Еш қиындық жоқ» – деген сөзіне сеніп, ұрынып отыр. Ізін суытпай, қайтадан Алатау асырып сатып жіберейін десе, тағы бір пысықтар ойынан айнытыпты. Досым бала секілді аңғал ғой, әлгілердің сөзіне имандай сеніп қалды. Машина әкелгеннен кейін, құжатын жасаймыз дегендер «Заң өзгеріп кетті. Ақ болды, көк болды» деп бастарын ала қашты. – Уәде берген екенсіңдер. Онда құжатын жасап беріңдер! – деп мен де араластым. Бірақ олар сөзінен тайып шықты…
Арман қаланың шетінде тұратын. Өзі мұғалім еді. Күнде жұмыстан үйіне жеткенше әппақ арғымағын полицейлерге бірнеше рет көрсетіп, «көрімдік» беріп қайтатын болды. Мен оған әзілдеп «Жұрт алған машинасына көрімдік алып, жұртқа жар салып жатушы еді. Сен көлігіңді тоқтатқан сақшыларға ақша шашып шаршайтын болдың-ау?!» – деймін. Алғаш бір-екі мәрте жол полицейлерге жағдай айтып, таныс-тамырларға шығып, шешіп бергенмін. Кейін ондай жағдай, тіпті жиілеп кеткен соң, телефон көтеруден қорқатын болдым.
Мені түн жарымында мазалаған күні мұның пырағын сақшылар айып тұрағына бір-ақ тоғытыпты. Қанша жалынып-жалпайып, ақша берсе де «Біз пара алмаймыз!» – деп, сөзіне табандап тұрып алған көрінеді. Арманның ақбозы айып тұрағында екі апта жатты. Кейін айыбын төлеп, «Қырғызстанға апарып сатамын» деп, өз көлігін өзі әрең алды. Бірақ Алатаудың арғы бетіне екі рет апарып, алған ақшасына сата алмай, діңкесі құрып қайтты.
Сөйтіп жүргенде, бұған біреулер кездеседі. «Іздегенге сұраған» демей ме, әлгілер «Ақшасын төлесең, бақшасын шығарып береміз» – деген көрінеді. Бұл оларға сеніп, бақандай мың долларға келісіпті. Аз ақша емес. Ол кезде 185 мың теңге болатын. Содан не істеді дейсіздер ме?..

Газетке оралған машина

Арман мұғалім сонау Семейден өртеніп кеткен бір машина тапты. «Семейден машина шығып тұр, соны алып келем. Құдай құтқарса, «қырғыздың арғымағынан» құтыламын!» – деп қоңырау шалды. Тілі ащы, шағып сөйлейтін әдеті бар еді. Теңеуіне езу тарттым. Семейден әкелетін машина тура өзі мініп жүрген көлікпен түрі-түсі, шыққан жылы – қысқасы, егіздің сыңарындай ұқсас екен. Төрт күннен кейін «Пойызбен қайтып келе жатырмын. Күтіп ал» – деп тағы қоңыраулатты. Тізгін ұшымен жеттім. Машина жоқ, қара басы қалқайып өзі тұр. Қолында газетке оралған ұзыншақ заты бар. Машинасын жүк таситын вагонға басып жіберген екен ғой деп ойладым. Сөйтсем, «Мерседес» мініп қайтамын деген адам қолындағы газетті сыртынан сипап-сипап қояды.
– Машинаң қайда? – дедім, амандасып жатып.
– Міне! – деп, «Дидар» деген газеттің қиындысын көрсетеді. Әзілдеп тұрған шығар деп, мән бермедім.
– Сенбей тұрсың ба? – дейді. Күлдім. Ол газетті ашып бір ұзын затты алып шықты. Әппақ темір. Бетінде жыпырлаған қалың сан бар.
– Бұл не? – дедім.
– Машина ғой – деп бетіме түсініксіз жымиды. Сөйтсем, оның қолындағы темір машинаның шанақ нөмірі екен. Яғни көлік сүйегінің жеке нөмірі. Бір әріп, бір цифрын бүлдірмей, оймақтай қылып ойып алыпты.
– Мұны қайтесің? – деп, күлдім. Ол «Мінемін!» – деді тағы да түсініксіз ыржалақтап. Бірдеменің шалығы тигендей адамдай көрінді. Оның үстіне, тілінің тұзы бар ғой, қырсығып отырған шығар деп үндемедім…

Дәнекерлеуші

Семейден көтеріп келген ақ темірдің мәнін кейін түсіндім. Есік қаласының арғы жағындағы Түрген ауылында бір шебер-ұста болатын. Үнемі үсті-басы май-май болып, көлік жасап жатушы еді. Өзім де машинам сықырлай қалса, сол Ораз ағаға қарай алып ұшатынмын. Бір сенбі күні Арман маған «Ораз ағаға барып қайтайық» – деп өтінді. – Машинамды жасатып жатыр едім. Ақшасын беріп, көлікті мініп қайтсақ – деді. Бардық. Ұста ақ тұлпардың астына кіріп алып, шұқылап жатыр. Бізді көріп, басын көтерді. Содан кейін Арманға бұрылып, түсін суытып «Тағы да қайталап айтамын. Анау-мынау жағдай болса, сен мені, мен сені танымаймын» – деді. Көзінің еті қызарып, жүзі тұтығып кетіпті. Мен мәселенің мәнін толық түсінбей, әңгімелеріне араласа алмай шетте тұрмын. Арман болса «Аға, уәде – Құдай сөзі! Ешқандай әңгіме шықпайды. Алаңдамаңыз!» – деп басын изеп, қолын қысып, жалпақтап жатыр.
Ұстаның үйінен ұзап, қалаға жақындағанда оқ бойы озып кеткен досым тоқтады. Бір асхананың алды екен. Түстеніп алуға кірдік. Тамақтанып жатып, әлгі Семейден аттай қалап әкелген ақ темірдің жай-жапсарын сұрадым. Мұғалім жігіт үндемеді. Сыртқа шығып, қоштасып жатқанда ол машинасының капотын ашты.
– Ананы көрдің бе? – деді. Қарасам, қайсы күнгі нөмірі бар ақ темір көліктің кеуде тұсында жарқырап тұр. Бұл қалай болғаны?..
Сөйтсем, әлгі Түргендегі ұста досымның көлігінің шанақ нөмірін кесіп алып тастап, орнына әлгі ақ темірді кетпестей етіп дәнекерлеп беріпті. Тіпті қалай қарасаңыз да, басқа көліктен алды деп еш ойламайсыз. Жымы білінбейді.
– Мынауың басыңа пәле болып жабыспай ма? – дедім.
– Жігіттер «Білінбейді» – деп жатыр. Біреуге сатпасам, техникалық тексеруден өткізбесем, ешнәрсе бола қоймас – деді.
Мен басымды шайқадым.

Құдасы құтқарды

Ұстаз досым әлгі ақ арғымағын бір жылдай мінді. Кейін, інісі үйленіп, Шымкентке құдалыққа барғанда, сол жақтағы құда жігіттер аттай қалап сатып алыпты. Бұл Алатау асырып әкелген машинасының шикілігін жасырмай айтқан. Бірақ Жетісайда қауын-қарбыз егіп, жер еміп жүрген жігіттер «Техникалық тексеруді бізге қалдырыңыз. Таныстарымыз бар. Сіз мұны бізге сатсаңыз, болды. Басқасы біздің шаруа. Қалаға емес, қауын-қарбызға мінетін көлік болады» – деп, қыз алуға барған, бұған бір қыздың қалыңын беріп, пойызбен шығарып салыпты.
Сатарын сатса да, Арманның ұйқысы тыныш болмады. Қай күні полицейлер сау етіп келіп, мұны әкетіп қалар екен деп жүрді. Жаман түс көрген күндері Жетісайдағы құдаларына қоңырау шалып, аман-саулықтарын біліп, содан кейін көлігінің мән-жайын сұрайтын. Оған қауын егіп, атыз басында жүрген құдалары «Біз қыз бергенде бұлай қиналмаған едік, сізге не болды? Қимасаңыз, күзге қарай келіңіз. Машинаңызды қауын-қарбызға толтырып, қайтарып берейік!» – деп қалжыңдап жүрді.
Кейін, жарты жыл өткен соң құдалары да пәледен құтылайық деді ме екен, әлгі машинаны Қызылорда жақтағы біреулерге сатып жіберіпті. Қалай сатты, техникалық тексеруден қалай өткізді? Ол жағы Арманға айтпапты. Пәлелі көлік қыр асып, Қызылордаға кетсе де, Арман мұғалімнің ұйқысы әлі тыныштала қойған жоқ. Қай күні біреу келіп «Сіз сатқан көліктің сүйегіндегі таңба дәнекерленген екен. Мұны кім істеген? Бұл қылмыс!» – десе, не деймін?» – деп шикі ет жеген жандай күпті күйде жүр…

Үйірлі ұры

Дәл осындай жағдай Қарағанды облысында да болды. Сұлтан деген жігіт айдың-күннің аманында астындағы мініп жүрген машинасынан айырылып қалған. Қалай дейсіздер ме? Оқиға былай болыпты.
Осыдан 3 ай бұрын Сұлтан көпқабатты үйдің ауласында тұрған көлігінен көз жазып қалады. Кеште қойған орнында таңертең болмай шығыпты. «Басқа жаққа қойдым ба?» – деп ауланы айналып қарайды. Бірақ таба алмайды. Содан полицияға хабар береді. Арада 3 ай өткенде мұның көлігінің дерегі шыққан. Жол полицейлері хабарласып, сүйінші сұрапты. Бұл алып-ұшып жетеді. Барса, өзінің қарасүлігі сияқты алып арғымақ тұр. Қолындағы кілтімен ашады. Машинаның ішіндегі белгілерінен де таниды. Бірақ көліктің техникалық құжаты мұның қолындағы құжатпен бірдей болмай шыққан. Шанақ нөмірі де ұқсамайды. Сонда қалай?..

Қайран, сүлікқара!

Арқада көлік ұрлығымен айналысатын үйірлі ұрылар бар. Бұрын олар туралы Сұлтанның естігені болмаса, көрген емес. Сұлтанның көлігін қолды ететін күні әлгі бір топ баукеспе қаланы шыр айналып, көңілдеріндегі көлікті іздеді. Өйткені, олардың қолында 2006 жылы шыққан, toyota land cruiser авто-көлігінің құжаты бар. Машинаның өзі жол апатынан түгі қалмапты. Оны азын-аулақ тиын-тебенге сатып алады. Бұлар соған ұқсайтын машина іздеп әлекке түскелі бір апта. Түстен кейін бір мейрамхананың алдынан есік пен төрдей осы сүліктей қара машинаны көреді. Көлік көздеріне оттай басылған. Араларындағы бір қызылкөзге машинаны аңдуға тапсырма беріп, қалғандары өз жайларына кетеді. Содан әлгі өзі тапал, көзі үнемі қанталап жүретін үйірлі ұрының бірі нысананы сырттай бақылап, қайда барады, иесі кім – бәрін зерттейді. Мейрамханадан шыққаннан кейін оның артына түсіп, қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйлерге дейін бірге барады. Иесі қай пәтерге кірді, қай уақытта жұрттың аяғы басылады – соның бәрін бақылап отырды.
Түн ортасы. Жұрт өлі ұйқыға кеткен кезде, бұл ұяластарын шақырды. Бәрі шеттерінен әккі. Қиял-ғажайып ертегідегі жылпос бала сияқты: сауысқанның құйрығын білдірмей жұлып, қайтадан орнына салып қоятын ептісі де бар. Бес адамнан құралған топ әп-сәтте жүктей көлікті қиқылдатпай-шиқылдатпай ашып, оталдырып, мінді де кетті. Бұл бір олжалы түн болды…
Абыр-сабыр басылғанша Сұлтанның сүлікқарасын бір жабық қораға қамап, әлгі баскеспелер тып-тыныш жатып алды. Бір апта өтті. Содан кейін ғана бұлар көлікті түнделетіп өздеріне таныс шеберханаға алып келді. Ол жерде қайрағын жалаңдатқан «қасапшылар» толып отыр екен. Сүлікқараға бәрі қызыға, қызғана қарады. Сосын, машинаның кеудесін ашты да, шанақ нөмірін тас шарыққа салып, шарылдатып отырып, ойып алды. Сөйтті де, әлгі жол апатына түскен көліктің шанақ нөмірін салып, жымын білдірмей дәнекерледі. Көлік дайын. Енді мін де құстай ұш. Тіпті Сұлтан келіп танып тұрса да, бермеуге хақың бар. Өйткені, бұл осы түрімен мүлде басқа машинаға айналған. Сұлтандікі 2008 жылғы, Араб елдеріне арналып жасалған. Мынау 2006 жылғы, Еуропа талабына сай шыққан. «Қалауын тапсаң, қар да жанады» – деп, әлгі үйірлі ұрылар бөріктерін аспанға атып қуанды…

Шарасыздық

Сұлтанның машинасын Алматы мен Астананың біріне апарып сатпақшы еді. Бірақ сатып алушылар осы Қарағандының өзінен шығып қалды. Нарықта мұндай арғымақтар 8 миллион теңгеден кем емес. Ал бұлар ақшаға тәуелді адамның образына еніп, сүлікқараны 7 миллионға берді де жіберді. Бұрынғыдай техникалық тексеруден өткізбеді. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қажетті рәсімдерін өтеп, сатты да жіберді. Сол күнгі әлгі үйірлі баукеспелердің қуанышын айтып сұрамаңыз! Таңға той-тойлады: дастархан таудай үйілді, арақ өзендей ақты…
Сүлікқараны сатып алған Мейрамбек те осы Арқаның жігіті. Ол да іздегенінің табылғанына мәз. Оның үстіне нарықтағыдан миллион теңге арзанға алды. Не керек? Машинасы құстай ұшып тұр. Бірақ бір досы машинаның арзанға түскеніне іштей күдік келтіріпті…
Арада 3 ай өте шығады. Бір күні Мейрамбекті қала шетіндегі экологиялық бекетте жол полицейлері тексереді. Жылына бірнеше рет болып тұратын мұндай жаппай тексерудің пайдасы көп. Ұрланған көлік табылады. Қылмыстық іске қатысы бар машиналардың дерегі анықталады дегендей. Мейрамбек ешнәрседен күдіктенбеді. Құжатын берді. Полицейлер алдымен құжатты, содан кейін көлікті тексеріп, әлгі шанақ нөмірінің дәнекерленген жерін тапты. Бетіне жаққан бояудың бір шеті ұшып кетіпті. Мейрамбекке көрсетті. Бұл аң-таң…
Содан бері сүлікқара айып тұрақта қаңтарылып тұр. Полицейлер Сұлтанға хабар берген. Бірақ ол да өз машинасын танығанымен, дәлелдей алмай отыр. Өйткені, темір тұлпардың шанақ нөмірін анықтау үшін біраз әуре-сырсаң күтіп тұр. Жапонияға хат жіберіп, машинаның шыққан зауытынан басқа да белгі-нөмірлерін анықтау керек. Сонда ғана Сұлтан өз көлігіне қол жеткізе алады.

P.S.
Айтпақшы, көлік ұрлығы бойынша Алматы көш бастап тұр. Биылдың өзінде 136 темір тұлпар қолды болыпты. Қарағандыда 54, Астанада 20, Түркістан облысында 36 іс тіркелген.

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген