
Өткен жолы біз Сербияда қаза тапқан майдангердің туысын іздейміз деген материал жариялаған едік. Енді оқырмандардан сүйінші сұрағымыз келеді. Шет жерде шейіт болған боздақтың туыстары табылды!
Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.
Жуырда біздің ұйым атына ҚР Қорғаныс министрлігінен өтінім келіп түскен еді. Өз кезегінде оларға ҚР Сыртқы істер министрлігі хат жазып, Сербиядағы белгісіз қабірде қазақ жауынгерінің жатуы мүмкін екендігін хабарлаған.
Қазақстанның Сербиядағы елшілігіне серб зерттеушісі және «Бұрынғы Югославия аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің Қызыл Армиясының естеліктері» кітабының авторларының бірі Златомир Лажич, Сербияның Чачак қаласы маңындағы Заблаче ауылында, дәлірек «Архангел Гавриил шіркеуінің» аумағында белгісіз Қызыл Армия жауынгерінің жалғыз қабірі бар екендігін мәлімдеген.
З.Лажичтің пікірінше, бұл қабірде 1924 жылы туған қазақ жауынгері Жұмабай Өмірзақовтың сүйегінің жатуы әбден мүмкін.
Осыған орай, елшілік Сербия территориясында жерленген кеңестік жауынгерлер мәселесімен айналысатын кәсіби генеалог Виноградова Дарья Алексеевнамен байланыс орнатқан. Ол Подольск қаласында орналасқан РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан Ж.Өмірзақовқа қатысты материалдарды іздестіріп, Қазақстан өкілдігіне ұсынған. Олардың арасынан 1944 ж. әскери есептерінде жауынгер Ж.Өмірзақовтың жерленген жері көрсетілген құжаттар мен карта қоса шыққан.

«Құпия» деген белгісі алынған құжаттарда Ж.Өмірзақовтың Қазақ КСР, Қарағанды облысы, Шет ауданында туғаны және сол жерден әскерге шақырылған жазылған. Жақын туыстары деген бағанда сол Шет ауданы Ақшоқы ауыл советі, Қарасаз колхозында тұратын әкесі – Болсымбеков Өмірзақтың аты-жөні анық көрсетілген.
Майдангердің туысын іздестіруге біздің еріктілерден бастап, блогерлер мен журналистер түгел жұмыла кірісті. Осы іске бір адамдай атсалысқан, біздің ақпаратты көпшілікке таратқан барлық жанашыр жандарға зор алғыс айтамыз. Соның ішінде біздің белсенді волонтер Айгүл Айтованың еңбегі ерекше. Танымал әлеуметтік желіге жүктеген жазбасы 300 мыға жуық қаралым жинап нәтижесінде оған Қарағанды облысы Шет ауданында тұратын туысы байланысқа шыққан. Ол – Абай Тағылбек деген азамат. Сарғайған архивтік құжатта аты жазылған Болсымбек пен Тұрсынбек екі ағайынды екен. Абай сол Тұрсынбектен тараған ұрпақ. Ал, майдангердің соңында тікелей ұрпақ қалмаған сияқты. Сонда да жеті атасына дейін жетік біліп, әруақ сыйлаған ел емеспіз бе, туыстары жер қарайса Сербиядағы атасының басына барып, тағзым етіп, туған жердің бір уыс топырағын жеткізсек дейді.
Былтыр сәуір айында да біздің еріктілердің көмегімен аталарының жатқан жерін тапқан Ерсайын Кушкумбаев пен Құрмет Акимов есімді азаматтар Белградқа барған болатын. Екеуін Қазақстанның Сербия Республикасындағы Елшілігінің 1-ші хатшысы, консул Абзал Иманқұлов күтіп алған. Ол қонақтарға жол көрсетіп қана қоймай барлық жағдайды жасаған көрінеді. Қазақ жауынгерлері Белград маңында орналасқан Заечар қаласындағы бауырластар зиратына жерленген екен. Елден туған жердің бір уыс топырағын алып келген жігіттер Абзалдың бастауымен майдангер бабаларының басына барып, батырлар рухына арнап құран бағыштаған. Сонымен қатар, сербтердің қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі — Белград қаласындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішімен танысып, ХVII ғасырда салынған мешітке барып жұма намазға қатысқан екен. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталар аманатын орындауға белсене атсалысып жүрген дипломат Абзал Иманқұловқа алғыс білдіреміз.
Әбубәкір Смайылов,
«Atamnyn Amanaty» ҚБ төрағасының орынбасары