
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына сексен жылдан астам уақыт өтсе де оның ақтаңдақ беттері әлі толық ашылған жоқ. Майданда хабар-ошарсыз кеткендерді іздестірумен біздің «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі айналысады. Жуырда ұйым атына ҚР Қорғаныс министрлігінен өтінім келіп түсті. Өз кезегінде оларға ҚР Сыртқы істер министрлігі хат жазып, Сербиядағы белгісіз қабірде қазақ жауынгерінің жатуы мүмкін екендігін хабарлаған. Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.
Қазақстанның Сербиядағы елшілігіне серб зерттеушісі және «Бұрынғы Югославия аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің Қызыл Армиясының естеліктері» кітабының авторларының бірі Златомир Лажич, Сербияның Чачак қаласы маңындағы Заблаче ауылында, дәлірек «Архангел Гавриил шіркеуінің» аумағында белгісіз Қызыл Армия жауынгерінің жалғыз қабірі бар екендігін мәлімдеген.
З.Лажичтің пікірінше, бұл қабірде 1924 жылы туған қазақ жауынгері Жұмабай Өмірзақовтың сүйегінің жатуы әбден мүмкін.

Осыған орай, елшілік Сербия территориясында жерленген кеңестік жауынгерлер мәселесімен айналысатын кәсіби генеалог Виноградова Дарья Алексеевнамен байланыс орнатқан. Ол Подольск қаласында орналасқан РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан Ж.Өмірзақовқа қатысты материалдарды іздестіріп, Қазақстан өкілдігіне ұсынған. Олардың арасынан 1944 ж. әскери есептерінде жауынгер Ж.Өмірзақовтың жерленген жері көрсетілген құжаттар мен карта қоса шыққан.
«Құпия» деген белгісі алынған құжаттарда Ж.Өмірзақовтың Қазақ КСР, Қарағанды облысы, Шет ауданында туғаны және сол жерден әскерге шақырылған жазылған. Жақын туыстары деген бағанда сол Шет ауданы Ақшоқы ауыл советі, Қарасаз колхозында тұратын әкесі – Болсымбеков Өмірзақтың аты-жөні анық көрсетілген.
Енді біз ҚР Қорғаныс министрлігінен келіп түскен өтінім хат негізінде Қарағанды облысы аумағынан Жұмабай Өмірзақовтың туған-туыстарын іздестіреміз. Майдангердің немесе оның жақын-жуықтарының дерегін білетін адамдар болса «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне хабарласса екен. Байланыс телефондары: 8 776 828 45 35;
8 776 828 45 34; 8 701 999 78 20.
Әбубәкір Смайылов,
«Atamnyn Amanaty» ҚБ төрағасының орынбасары