– Ділмұратты.
– Ділмұраттың кім екенін білесің бе?
– Ол білімді. Алла жолындағы азамат.
Бұл – Алматыдағы «Шаңырақ» діни алдын алу, кеңес беру орталығындағы» дін маманы Мерхат Мадияров пен сәләф бағытын ұстанған жас жігіт Еркебұланның арасындағы әңгіме.
Газетіміздің №31 санында (4 тамыз, 2017 жыл) шыққан «Өткен күннің өкініші» деп аталатын мақалада діни сенімі бұзылған, тура жолдан адасқандар жайында жазғанбыз. «Шаңырақ» діни алдын алу, кеңес беру орталығы» сеніміне селкеу түскен жандармен жұмыс істейді. Біз ол жолы орталықтың қыз-келіншектермен жұмыс істейтін «Иманигүл» әйелдер бөлімінде болып, тура жолдан тайған нәзік жандылардың өмірінен арнайы мақала жазған едік. Бұл жолы осы орталықтың ер азаматтарымен жұмыс істейтін бөліміне соқтық.
Орталық қаланың иір-қиыр көшелерінің бірінде орналасыпты. Алматының көлік кептелісінде қалып, әрең таптық. Есіктен бас сұққанымыз сол, дәлізден арнайы форма киінген тәртіп сақшылары мен шолақ балақ шалбар киген, сақалды, жап-жас жігіттер қарсы алды. Қателесіп кірдік пе деп, есіктің сыртына қайта үңілеміз. «Шаңырақ» діни алдын алу, кеңес беру орталығы» деп үлкен әріппен жазылып тұр. Хатшы қыздан орталық қызметкері Мерхат Мадияровты сұрап жатырмыз. Жолымыз болған екен, ол сәләф ағымына түсіп кеткен жігіттерге кеңес беріп, оларды тура жолға қайтарумен айналысып жатыпты. Кеңсе мектеп сыныбы сияқты: қара тақта ілінген, үстел-орындық қойылған.
Тәртіп сақшылары мұнда бес-алты жігітті алып келген екен. Арнайы рейд жүргізіпті. Рейд кезінде күдік тудырған жігіттерді осында әкеліп, орталық қызметкерлерімен әңгімелестіріп, есепке алады. Біз сондай орайлы күнге дөп келіппіз.
Мерхатпен жұмыс үстінде жүздестік. Мамандығы тарихшы болғанымен, қазір діни сауаттандыру саласында қызмет етеді. Еркебұлан деген жас жігітпен сұхбаттасып отыр екен, әңгімесін бұзбадым. Төрге өтіп, үнсіз жайғастым.
-Құдайдың мекен-жайы бар ма? – деп сұрады Мерхат жас жігіттен.
-Бар, ол аспанда – деп қойып қалды.
-Алланы сипаттауға бола ма?
-Болмайды. Бірақ жүзі нұрлы, дидары жарқын деп естігем.
М.Мадияров үндемей, алдындағы қалың қағазға қарап, бірдеме шимайлап отыр.
-Мұныңыз не? – деп қадалды жас жігіт қолындағы көліктің кілтін шыр айналдырып. Адамның көзіне тура қарағанда, жанарындағы бір суық ызғар кісінің өңменінен өтіп кетеді.
-Бұл тест сұрақтары. Сенің діни біліміңді, сеніміңді анықтаймын – деп қалың қағазын қопарып жатыр Мерхат.
-Қай мәзһабтансың? – деп келесі сұрағын қойды.
-Төрт мәзһаб бар. Төртеуі де дұрыс жол. Бірақ өз басым ешқайсысында жоқпын.
Диалог осылай жалғаса берді. Әңгіме арасында дәлізге шығып келдім. Тәртіп сақшылары тағы бірнеше жігітті әкеліпті. Орталықтың қызметкері Гүлназ оларды есепке алып, суретке түсіріп, құжатының көшірмесін арнайы папкаға тігіп жатыр.
-Мұны не қыласыздар? – дедім, жұмыстың мән-жайын білгім келіп.
-Қалалық әкімдікке өткіземіз. Біздің де, әкімдіктің де есебінде тұрады. Мерхат аға қазір сұрағына жауап алып болған соң, бұл жігіттердің «диагнозын» шығарады – деп күлді қара қыз.
-Күніне қанша жігіттің «диагнозын» шығарып жүрсіздер? – дедім мен де күліп. Гүлназ қалың қағаздан бас алмаған күйі:
-Бұрын күніне бір-екі адам ғана келетін. Қазір өте көп. 10-15 адам келеді. Мамандарымыз олармен сұхбаттасуға әрең үлгеріп жатады — деп жұмыс барысын түсіндірді.
Адастырушылардың тізімі
Орталықта қара тақтаны көзіміз шалып қалды. Еркебұланға тақтада жазылған бес-алты адамның атын көрсетіп, қайсысын танитынын сұрады.
Ол Ділмұратты жақсы білетінін айтты. «Уағызын ғаламтор арқылы тыңдап, намаз оқыдым» — деді. Әлгі бес-алты адамның тізімінің ішінен «Дарын», «Ринат», «Ділмұрат», «Октам», «Назратулла», «Әбу Мәриам» деген есімдер көзімізге шалынды. Мерхат Еркебұланға айтқан бір сөзінде «Ділмұрат – адастырушы. Оның жолымен жүрген екенсің, сен де адасушысың» — деп еді. Соның жөнін сұрадық.
-Мына тақтада жазылған азаматтар — «адастырушылар» деп есептеледі. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тарапынан арнайы шешім шыққан жоқ. Бірақ олардың сенімінде біздің мәзһабқа, біздің бағытқа қайшы дүниелер бар. Сондықтан адастырушы саналып отыр. Бізге келетін жігіттердің көбі Ділмұратты тыңдағандар. Оның іліміндегі қателікті теологтар мен діни басқарманың мамандары әлдеқашан дәлелдеген. Бірақ әлі де соның уағызына уланып жатыр – деп жеңіл күрсінді.
— Тура жолға түсетіндер көп пе, әлде өз сенімін дұрыс деп түсінетіндер көп пе? – деп сұрадым оңаша қалғанда.
— Мұнда келетіндердің 90 пайызы тура жолға түседі. Теолог, имамдар мен дін мамандары адасушылармен жұмыс істейміз. Бұлар бірінші күні келгенде осылай екіұдай күймен қайтады. Флешка береміз. Онда әлгі адастырушылардың қателігін талдаған мамандардың пікірі бар. Соны тыңдаған соң, екінші рет өздері іздеп келеді бізді. Үшінші, төртінші рет өкінішпен оралады бізге.
— Ал мүлде қайтпайтындар бола ма?
— Болады. Оларды құзырлы орындарға тапсырамыз. Бірақ ондайлар аз.
Сәләфтың сауалы
Мерхат мырзамен екеуара әңгімеміз ұзаққа созылмады. Біздің отырысымызды бөліп, екінші кейіпкер кіріп келді. Жігіт ағасы жасына таяп қалған, арық көк көз кісі екен. Аман-сәлемнен соң, Мерхат «Қай өңірдің тумасысың?» – деп бастады.
-Қызылордада туып-өстім. Құрылысшы болып істеймін. Полицейлер адамды ерігіп жүр деп ойлайды-ау деймін, жұмыс істеп жатқан жерімнен алып кетті. Бала-шаға асырап отырған адамбыз – деп әлгі жігіт ашуланғандай мінез танытты.
-Сенде бар жұмыс бізде де бар. Бала-шаға менде де бар, Құдайға шүкір! Бірақ сабырлық танытып, 20 минут уақыт бөліңіз. Атыңыз кім? Қай мәзһабтансың? – деп орталықтың қызметкері де дауысын қатайта бұйрық бере сөйледі.
-Атым – Бірлік. Ешқандай мәзһабтан емеспін. (Мәзһабын айтқаны руын, жерін немесе ауылын айтқандай естілді құлаққа).
Бірлік беті ары кетіп қалған жігіт болып шықты. Сөзді тыңдамай, өзін кісінің алдында ұстауы дөрекі. Мерхат оған да дәстүрлі сұрағын қойды. Жауабы шорқақ. Білімі таяз. Әңгімені жарытпады. Бірақ Ділмұрат туралы жағымсыздау әңгіме басталып еді, шыр ете қалмасы бар ма!
-Мен 2009 жылдан бері намазханмын. Ділмұраттың уағызын тыңдап, осы жолға түстім. Ол кісі туралы ғайбат айтпаңыз – деп көзі шегірейіп кетті.
-Сенің қорғаштап отырған адамың – сәләф. Оның ғаламторда 17 мың уағызы бар. Ал Дарында — 15 мың уағыз. Адасушылардың көбі мешітке бармайды. Қазір ғаламтор, технология дамыған. Бәрі ұялы телефоннан, компьютерден солардың уағызын тыңдап алып, теріс жолға түсіп жатады. Сіз де имамдардың уағызын тыңдамағансыз! – деді.
Бірлік әлі қырсығып отыр. Тез қайтатын кісі емес екен. Мерхат оған бір «флешка» берді. «Мұнда сіздің қайдан қателесіп жүргеніңіз жазылған. Ділмұраттың уағызындағы кемшілікті бірден байқайсың» — деп Сансызбай Шорқанов, Жасұлан Жүсіпбеков сияқты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бекіткен дін мамандарының уағызы жазылған «флешканы» сыйға тартты. Тегін берілген затты алғысы келмеді ме, әлде тыңдағысы жоқ па, әйтеуір әлгі «флешканы» қолына ұстамай біраз отырды. Бірақ кетерінде сәл жібігендей сыңай танытты. «Жарайды, айтқаныңызды істеймін. Берген флешкаңызды тыңдаймын. Бірақ менің өз сенімім өзіме ғана тән. Оған ешкім араласа алмайды» — деп орнынан тез көтерілді.
Мерхат Бірліктің берген жауабына қанағаттанған жоқ. Тест сұрағының екі жеріне минус белгі қойды да, папканы жапты…
Тәкпіршілер де тура жолға түскен
Үшінші кейіпкер әкелі-балалы тәжік ұлтының өкілдері болып шықты. Алдымен баласына сұрақ қойып:
-Алла қайда? – деп сұрады тағы да. Дәстүрлі сұрақ екен бұл.
-Аспанда. Бірақ оның не жейтінін, қалай ұйықтайтынын білмеймін. Ұстазымнан сұрағам жоқ – деп айды аспанға бір-ақ шығарды әлгі бозбала. Мерхат ашуланып кетті. «Кім ол саған Алланы сипатап беріп жүрген? Алла 18 мың ғаламды жаратқан, шексіз құдіретті. Оны сипаттауға, ол туралы мұндай сөз айтуға болмайды. Сен нағыз уаһаб екенсің» — деп келесі сұрағына көшті.
Тәжік бала өтірік ақымақ болып көрінгісі келді ме, әлде шынымен, білмей ме, тест сұрақтарындағы «мәзһаб», «шерік қосу» деген сияқты қарапайым сауалдардың өзінен сүрініп жатты. «Сұрақ қарапайым болғанымен, соның өзі адамның діни сенімін, бағытын бірден аңғартуға жетіп жатыр» — деп түсіндірді. Әкелі-балалы тәжік Мүміновтерге түрлі сауал қойылды. Жауабы Мадияровтың көңілінен шықпады.
Мерхат Мадияров түрмеге барып, темір тордың арғы жағындағы адасушылардың біразымен сұхбаттасып, бетін бері қайтарыпты. «14 Тәкпіршінің 13-ін тура жолға салдым. Бір жас бала екі күн қырсығып отырып алып еді. Үшінші күні жанды жеріне тидім. Өзінің имандай сеніп жүрген ұстазының қателігін бетіне басып едім, морт сынды» — деп әкелі-балалы адасушыларды шығарып салған соң қасыма келіп бел жазды.
Біздің бір байқағанымыз бұл орталықта жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттердің ішінде басқа ағымда болғандар да бар екен. Тура жолға түсіп, өздерінің қателескенін білген соң, осында жұмыс істей бастапты. Өздері сияқты сенімі бұзылған азаматтарға көмектесуді міндет санаған көрінеді. Бізге Тимур, Ерсін, Қасым деген үш жігітті таныстырды. Үшеуі де басқа ағымда болғандар. Қазір Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде дініи білім алып жүр. Үшеуі де студент.
Тимурмен тілдестік. Ақтөбенің тумасы мектеп бітірген жылы басқа ағымның жетегінде кетіпті. Алматыға келіп, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне оқуға түскен. Бірақ ислам туралы түсінігі басқаларға ұқсамаған соң, осы орталыққа ат басын бұрып, мамандармен тілдесіп, уағыз тыңдап, тура жолға түскен. Тимур «Жас болған соң, көп дүниеге көзіміз жетпеді. Анау дұрыс десе, соған. Мынау дұрыс десе, мынаған еліктедік. Сәләф болып жүргенімді білген жоқпын. Бірақ діни сауатым басқалардан бөлек болды. Осы орталыққа келіп жүріп, тура жолды таптым. Қазір осында жұмыс істеп жүрмін. Өзім сияқты адасқандарға жол сілтегім келеді» — деді.
Жарас ШӨКЕ