«Сізді Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісіңізбен риясыз көңілмен құттықтаймын!
Бұл – Мемлекет басшысы ретіндегі беделіңіздің айшықты айғағы, сондай-ақ ауқымды реформаларыңыз бен тың бастамаларыңызға және тәуелсіздік тағдыры таразыға тартылған сын сағатта көрсете білген табанды да шешімтал мінезіңізге, ақыл-парасатыңызға деген халықтың қалтқысыз сенімінің даусыз дәлелі». Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен осылай құттықтады.
Аптаның басында Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы (81,31%) дауыс берді.
Сөйтіп Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент ретінде тіркеді. ОСК мүшелері 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауының қорытындыларын анықтау туралы қаулыны бірауыздан қабылдады.
«Орталық сайлау комиссиясы халық сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тіркеді және заңнамада белгіленген тәртіппен сайланған Мемлекет басшысына тиісті куәлік тапсырылады», – деді Н.Әбдіров.
20 қарашада өткен сайлауға халықтың басым бөлігінің қатысуына ең алдымен елдегі тұрақтылықты сақтап қалу ниеті ықпал еткені сөзсіз. Отыз жыл тыныш өмір сүрген елде тұрақтылықты үйреншікті жәйт деп қабылдау заңдылық та шығар. Әйтсе де, биылғы Қаңтар оқиғасы алаңсыз, бейбіт тіршіліктің бір күнде быт-шыты шығуы мүмкін екенін көрсетті. Ендігі кезде бұған дейін де жиі айтылатын «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген тілек терең мағынаға ие бола бастады. Содан да болар, бұқараның басым бөлігі 20 қарашада өз дауысын беруге асықты. Жексенбі күні сайлау учаскесіне барып, Президентке дауыс берген 82 пайыз – Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына үміт артып, қалтқысыз сенім білдіргендер.
Кезектен тыс президент сайлауының барысын шетелден келген бақылаушылар қалт жібермей қадағалап отырды.
Мәселен, халықаралық салық және инвестициялық орталықтың президенті, АҚШ-тан келген халықаралық байқаушы Дэниел Витт осы жолғы сайлауда жастардың рөлі ерекше болғанын атап өтті. «Жас сайлаушылармен, егде жастағы сайлаушылармен сұхбаттасып, халықтың, әсіресе, жастардың, үміті басым екенін көрдік. Олар тұрақтылық, қауіпсіздік және тәуелсіздік деген ұғымды өздігінен болатын игілік деп қабылдамайды. Меніңше, қаңтардың қайғылы оқиғасы осыны жақсы көрсеткен сияқты. Жалпы өңірдегі жағдайды ескерсек, мұның бәрі түсінікті. Кеше олар өз дауыстарын үмітке берді. Бұл сайлау қорытындысымен де үндеседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз уәдесін орындай алады және демократиялық реформаларды жалғастырады деген үмітпен берілген дауыс», – деді Дэниелл Витт.
Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин: «Аталған сайлаудың ашықтығы байқалып тұрды. Ұлттық заңнаманың сайлау легитимділігіне күмән келтіретіндей бұзылуын біздің миссия тіркеген жоқ. Бізге ешқандай шағым немесе ескерту түскен жоқ. Жеке байқауымыз негізінде миссия өткен сайлауды ашық, сенімді әрі демократиялық деп таниды», – деді.
Өзге елдерден келген бақылаушылар да сайлаудың заңнан ауытқымай, ашық өткенін атап көрсетті. Әдеттегідей, түймедейді түйедей етіп, бүйректен сирақ шығарғысы келгендер де табылды. Әйтсе де, «бір саясаттанушы айтқандай, «камераға жұмыс істейтіндер» қоғамның барометрі бола алмайды.
Президент сайлауы өтті. Халық өз таңдауын жасады.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сөзімен айтсақ: «Бұл – Мемлекет басшысының ауқымды реформалары мен бастамаларына деген халықтың қолдауы. Сондай-ақ азаматтарымыздың бекем бірлігінің арқасында қол жеткізілген жарқын және айқын жеңіс».
Сайлау нәтижесі реформалардың жалғасатынын, Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған бастамалардың жүзеге асатынын көрсетті.
Талап Тілеген