Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов Қазақстан мен Қырғызстан шекарасын демаркациялауға қатысты проблемалық мәселелерді көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылды және ратификацияланды, бірақ шекаралық қоршауларды орнату процесі әлі аяқталған жоқ.
«Мұның жергілікті тұрғындарға қандай қиындық туғызатынын Алматы облысы Кеген ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы айтып берді. Қазақстан тарапынан шекара сызығына тікелей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеуіштері жоқ. Тек екінші шебі жол жиегіне параллель орнатылған бөгеуіштермен белгіленген. Осылайша, бірінші және екінші шептердің арасындағы Қазақстанның 4 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы және 15 мың гектардан астам орман шаруашылығы жерлерін Кеген ауданының шаруа қожалықтары өз мақсаттары үшін пайдалана алмай отыр. Өйткені тұрғындар арасында қақтығысты болдырмау үшін қазақастандық шекарашылар азаматтарымызды инженерлік бөгеттердің екінші шебі арқылы өткізуге жол бермейді. Соның салдарынан бүгінгі күні бұл жерлерді Қырғызстан азаматтары шөп шабу, мал жаю үшін пайдалануда, өйткені көрші тарапта қандай да бір бөгеттер жоқ», — деді Нұржан Нұрсипатов.
Осыған байланысты ауыл тұрғындары Қазақстан мен Қырғызстан арасында жасалған мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартта көрсетілгендей, мәселені шешуге және жетіспейтін бөгет желілерін орнатуға жәрдемдесуді сұрайды.
«Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен шекара маңындағы өңір тұрғындарының құқықтарын сақтау мақсатында мемлекеттік шекараны шегендеуді аяқтау жұмысының барысы туралы хабарлауды сұраймыз. Алматы облысы Кеген ауданындағы шекара сызығын қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік шекараның сызығы бойынша қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылысжайлар мен бөгеуіштерді монтаждауға, тұрғызуға және орнатуға шұғыл түрде қаражат қарастыру маңызды. Шекара маңы аудандары азаматтарының заңда белгіленген шеңберде шекара аймағы мен шекара белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдалану құқықтарының сақталуын назардан тыс қалдырмауды және шекаралық кеңістікте құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюды сұраймыз», — деді сенатор.